50268
Түркістандықтар Nіnety One тобын қорқытты
Түркістандықтар Nіnety One тобын қорқытты
Атышулы «Ninety One» тобы 28 мамырда Түркістан қаласындағы «Керуен сарайда» жоспарланған кештің не себепті өтпей қалғанын ашық айтты деп хабарлады turkystan.kz.
Топ мүшелерінің сөзінше, тұрғындар тарапынан жасалған қоқан-лоққы концерттің өтпеуіне себеп болған.
«Біз Түркістанда концерт қоюды жаспарлағанбыз. Дегенмен, бір күн бұрын бізге менеджеріміз хабарласып, Түркістандағы концерттің өтпейтінін айтты. Себебін сұрағанымызда, халық әкімдікке шығып, келмесін деп өтініш білдіргенін жеткізді», - деді топ мүшесі Дулат Мұхамедқалиев.Қазақстандық бойзбенд Түркістандағы халықтың наразылығын өздерінің сыртқы имиджімен байланыстырды.
«Сол баяғы жыр. 2015 жылы басталған әңгімеге қайта оралып отырмыз. Шаштары боялған, сырға таққан жігіттерге сахнадан орын бергілері келмейді. Бұл бірінші рет болған жағдай емес, етіміз үйренді. Біз концертті кез келген жағдайда абыроймен өткізетін едік, бірақ ұйымдастырушылар мұндай жауапкершілікті мойындарына алғысы келмеді. Себебі, бұл жерде жай ғана наразылық болған жоқ, шағымданғандар көтеріліске шығатынын, тіпті, басымызды кесіп алудан тайынбайтынын жеткізген, - деді Ninety One жігіттері.Еске сала кетейік, 28 мамырда Түркістанда Ninety One тобының концерті өтуі керек болған. Алайда, жергілікті тұрғындар желі арқылы топтың концерт қоюына қарсылық білдірді. Көпшілік олардың рухани астанада өнер көрсетуі дұрыс емес деген мазмұнда пікір жазған.