50443
Әдемі балалық шақ әлемі
Әдемі балалық шақ әлемі
Кеше Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясының Б.Байқадамов атындағы мемлекеттік хор капелласы «Әдемі балалық шақ әлемі» атты концерттік бағдарламасын жас жеткіншектерге ұсынды.
Халықаралық балаларды қорғау күніне арналған концертте «Семь чудес света» балалар театры (көркемдік жетекшісі - Альбина Раильевна Ганиева); «Интизар» ұйғыр халық би ансамблі (көркемдік жетекшісі - Захида Садыковна Акпирова); Ақ-Ерке Құрманбекова негізін салған балалар вокалдық мектебінің ең жас жұлдыздары, әнші, өнерпаздары өнер көрсетті. Атап айтсақ, Айбике Баелева, Рамина Рахманкулова, Зере Махмедова, Сүлейман Бақытбек, Жұлдыз Асқар.
Филармонияның үлкен залында өткен ауқымды шараға «Еркеле» қоғамдық қорының мүмкіндігі шектеулі бүлдіршіндері, «Хэсэд полина» қорының қамқорлығындағы аз қамтылған отбасыларының балалары, «Красное яблоко Алматы» Қазақстан және Орталық Азия отбасы институтының қамқорлығындағы аутизм синдромы бар сәбилер, «Qamqor» қоғамдық ұйымының қамқорлығындағы көп балалы және әлеуметтік жағдайы төмен жанұялардың перзенттері шақырылды.
Жаздың алғашқы күнімен тұспа-тұс келген 1 маусым – халықаралық балаларды қорғау күні балғын бүлдіршіндеріміз үшін ең қуанышты және асыға күтетін басты мереке.
Бұл атаулы мереке – балаларға қуаныш сыйлап қана қоймай, кішкентай жеткіншектердің құқығын, денсаулығын қорғап, әлімжітікке жол бермей, қысымшылдыққа қарсы тұрып, қоғамдағы тұрмысы төмен отбасыларынан шыққан балаларды, жетім, кемтар сәбилерді барынша қолдауға шақыратын күн.
Биыл Жаңа жыл қарсаңында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылды — Балалар жылы деп жариялап, оларды қорғау үшін денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қолдау бағытында нақты шаралар қолға алынуы керек екенін айтып, тапсырма берген еді. Президент өскелең ұрпақтың болашағына мән беріп, жастарға зор үміт артатынын, сондықтан да оларға жол ашу үшін барлық жағдайды жасау керегін нақтылаған болатын.
Өміріміздің мәні мен сәні, келер күніміздің келбеті балаларымызға ашық аспан, бейбіт өмір, бақытты балалық шақ, әрқашанда сыңғырлаған күлкі тілейміз!