Бейнелеушілердің құтты мекені

Бейнелеушілердің құтты мекені

Бейнелеушілердің құтты мекені
ашық дереккөзі
50468
Қазақтың бекзада өнерін халықаралық аренада таныстырып қана қоймай, жаңа есімдерді көпшілікке танытып келе жатқан – елордамыздағы Has Sanat өнер галереясы. Мұнда келушілер Қазақстан және шетел суретшілері мен шеберлерінің түрлі туындыларымен таныса алады. Өнерсүйер қауым назарына кескіндеме, графика, мүсін және гобелен түрлерінің сан алуан топтамасы ұсынылады. 2003 жылы Астана қаласында ашыл­ған галереяның атауы – көне түркі ті­лі­нен аударғанда «нағыз өнер» деген ма­ғы­наны білдіреді. Негізгі мақсаты – қа­зақтың төл мәдениетін дамыту және сақ­тау, ұлттық бейнелеу өнерін ше­т­ел­дер­де насихаттап, дарынды суретшілер мен шеберлерге қолдау көрсету. Has Sanat залында дәстүрлі классикадан бас­тап, қазіргі заманғы авангардқа дейінгі стиль­де жасалған картиналар орна­лас­қан. – Қазір елімізде суретшілердің кар­ти­наларын насихаттайтын галереялар азайып кетті. Көрмелер көбіне Ұлттық мұра­жайда өтеді, оған кезекке тұрып, ұзақ уақыт күтуге тура келеді. Ал Has Sanat галереясының қай уақытта болса да есігі ашық, – дейді ҚР Өнер акаде­мия­сы­ның академигі, Лондон шығар­ма­шы­лық гильдиясының мүшесі Әділғали Баян­дин. Has Sanat көктем және күз мау­сым­дарында дәстүрлі түрде көрмелер ұйым­дастырады. Көктем уақытында талантты жас­тарды қолдауға көңіл бөлсе, күз мез­гілінде атақты шеберлердің туын­ды­лары салтанат құрады. Әр көрменің өзін­дік тақырыптары қарастырылған. Еліміз енді еңсе түзей бастаған 2000 жыл­дардың басында гале­рея басшысы Жан­на Еңсебаеваның ора­сан зор қолдау көр­сеткенін отандық су­рет­шілер ыстық ықы­ласпен еске алады. – Has Sanat-та әр суретшінің көр­ме­сіне асқан жауапкершілікпен дайын­да­ла­ды. Ыстық ықыласпен, үлкен ұқып­ты­лықпен, риясыз сүйіспеншілікпен өткізеді. Өзі кәсіби маман болғандықтан, Жан­на айналасына да сезімтал, сергек ұжым жинаған. Ол Президент сарайын­да менің жеке шығармашылық көрмемді өткізді. Оған үлкен-үлкен жұмыстарым қойыл­ды. Жұмысым жайында ешкім біл­­­меген кезде, көпшілік көрмеген тұста Жан­на Рахметжанқызы сол шығармама ғашық болған еді. Тіпті, «Астананың тө­­­рінде тұруға лайық жұмыс» деп танып, жы­лы лебізін білдіргені бар. Осылайша, әлі күнге дейін Нұр-Сұлтан қаласындағы Ұлт­тық мұражайда менің «Кербез Аста­на» деген жұмысым сақтаулы тұр, – дей­ді ҚР Суретшілер одағы басқармас­ы­ның мүшесі Шоқан Төлеш. Has Sanat өнер галереясының маңыз­­ды жобаларының бірі – қа­­­­зақстандық заманауи суретшілердің «Ал­тын ғасыр» халықаралық жылжы­ма­лы көрмесі. 2006 жылы алғаш рет Мәскеу қала­сын­дағы «Манеж» көрме залында таныс­ты­рылып, ары қарай Мемлекеттік шы­ғыс халықтары өнері музейінде, Ресей­дің Орталық суретшілер үйінде зор та­быс­пен жалғасын тапты. 2007 жылы көр­ме Еуразия кеңістігіндегі мемлекет­тер астанасына жолға шығып, 10-нан ас­там елді аралап қайтты. Он алты жыл ішінде коллекция Поль­ша, Германия, Голландия ба­ғыты бойынша: Варшава – Вроцлав, Бер­лин – Штутгарт, Мюнхен, Фран­к­фурт; Амстердам – Эйндховен қала­ла­рын қамтыды. Сонымен қатар Түркия, Оңтүстік Корея, Иран елдеріндегі ең үз­­дік мұражайлар мен галереяда көп­ші­лік назарына ұсынылды. 2009 жылы 1 қазаннан 25 жел­тоқ­санға дейін Нидерланды мемлекетінде бо­лып, Гаага қаласындағы Ernst and Young көрме залында көрермендерін тән­ті етті. Осы мақсатты көздеген Has Sanat өнер галереясының коллек­ция­сында түрлі жанр мен бағыттағы за­ма­науи суретшілердің жүздеген туындысы жи­нақталған. Олардың қатарында А.Сы­­дыханов, А.Ақанаев, Е.Төлепбай, К.Мул­лашев, А.Ахат, А.Нода, Б.Бапишев, Ш.Төлеш, Э.Казарян, М.Бекеев, Л.Ораз­бекова, А.Деникеев, Н.Бубэ, Р.Ақанаев, Б.Ақанаева, Е.Айтуаров, Л.Ахмет-Осман, В.Гвоздев (Шеге), Л.Махат, С.Бектияров, А.Смағұлов, Б.Зәуірбекова, Б.Тұрғынбай, А.Бектас, Ғ.Қаржасов, Е.Бейсембинова, Е.Вол­кова, Б.Асанова және тағы басқалар бар. Суретші, зергер-дизайнер, коллек­цио­нер Сержан Башировтың айтуынша, өнер галереясы шетелдің көп­теген галереяларымен, фестиваль­дары­мен тығыз байланыс орнатқан. Со­ның жарқын бір мысалы – Ыстан­бұл­да­ғы симпозиумдарға отандық сурет­шілер жиі қатысып тұрады. – Галерея өзіміздің суретшілерді ға­на емес, шетелдің белгілі қылқалам ше­бер­лерінің өнерін де таныстырып (аван­гард, реализм т.б. ағымдар бойын­ша), халықтың, көрерменнің өнерге де­ген сауатын көтеру жағынан көп жұ­мыс атқарып отыр. Студенттердің шы­ғар­машылығын шыңдап, тәжірибесін арттыруға таптырмайтын орын. Алдағы уақытта олардың да осы галереяда қанаттанып, жеке көрмесін өткізеріне сенімдімін, – дейді шебер. Галерея құрылған сәттен бастап қайы­рымдылық іс-шаралармен ай­налысып, мүмкіндігі шектеулі бала­лар­ға көмек көрсетуді жолға қойған. Мә­селен, бүгінге дейін мүмкіндігі шек­теулі балаларға көмек ретінде 18 қайы­рым­дылық шара қолға алынды. Соның қа­тарында 20-дан астам бала оқитын «Океан Арт» терапия студиясының пат­ронажы бар. 2009 жылы студия қа­тысу­шыларының суреттері топтастырылған ба­лалар мультфильмінің алғашқы фес­ти­валі өтті. Has Sanat жас суретшілердің өнер­ден өз орнын табуына да ықпал етуде. Мә­селен, суретші Ботагөз Төлеш «Осы жер­де көрме өткізген адамның кеу­де­сінде бір ұшқын пайда болады» деген пі­кірде. – Has Sanat-тың энергетикасы тама­ша. Біз бұл жерге өнер жайлы әңгімелесу үшін, өз ойымызды ортаға салу үшін ке­леміз. Әр суретші өзінің әлемімен ке­ле­ді. Әр көрмеден кейін әдемі бір аура қалып­тасады. Мұндай жайлы орта бізге қанат бітіреді, қиялымыз шарықтайды. Has Sanat қазақ өнерінің болашағы – жас­тар­ды қолдап, қамқорлық танытады, – дейді ол. Has Sanat өнер галереясында көр­мелерден бөлек, мәдени іс-шара­­лар мен шеберлік дәрістер өтіп тұра­ды. Атап айтқанда, ArtStudio Has Sanat ересектер мен 14 жастан асқан ба­ла­ларға сурет салу курстарын өткізіп, әртүрлі тақырыпта экскурсиялар жүзеге асты. Сонымен қатар бұл жерде жас та­лант­тарға арнап Қазақстанның атақты сурет­шілерінің шеберлік сағаттары жиі өт­кізіледі.

Б.БАЛЫҚБАЙ

Серіктес жаңалықтары