«Балалар жылы» балаларға не береді?

«Балалар жылы» балаларға не береді?

«Балалар жылы» балаларға не береді?
ашық дереккөзі
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Жаңа жыл қарсаңында 2022 жылды «Ба­лалар жылы» деп жариялап, денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қол­дау бағытында нақты шаралар қолға алынуы керек екенін айтып, тапсырма бер­ген еді. Мемлекет басшысы: – Әңгіме жалаң ұран мен мерекелік шаралар туралы емес. Бірінші кезекте билік тарапынан балаларды қорғау үшін денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қолдау бағытында нақты шаралар қолға алынуы керек. Өскелең ұрпақтың үйлесімді дамуы мен бақытты балалық шағы – біздің жалпыұлттық міндетіміз ,– деп, бұл жылда істелетін жұмыс нәтижесін құр даңғыра сөзбен емес, нақты іспен көрсету керектігін ескерткен болатын. Сондай-ақ ол өскелең ұрпақтың мә­се­лесіне мән беру арқылы, ұлт тағ­дыры шешілетінін, ал оларға жол ашу үшін барлық жағдайды жасау керегін жеткізген еді. Ал енді осы берілген тапсырма мен ай­­­­тылған мәселе төңірегінде елімізде қан­дай шаралар ұйымдастырылып, қандай шаруа­лар атқарылып жатыр екен, соған сарап­тама жасап көрген едік. Бала тәрбиесі мен білімі туралы сөз болғанда ойға Білім жә­не ғылым министрлігі оралса, ал әңгіме оның жан-жақты жетілуі мен рухани дамуына ойысқанда Мәдениет және спорт ми­нистрлігі назарға ілінеді. Аталған ми­нистрліктердің «Балалар жылына» қа­тыс­ты қандай жаңалығы мен балаларға арнал­ған базарлығы бар екен? «БАЛАЛАР ЖЫЛЫНДАҒЫ» ЖАҢАЛЫҚТАР Бұл жыл шынында да балалар үшін бере­келі жыл болмақ. Өйткені әлем­дік білім бәсекесінде топ жарған жеңім­­паздарға үлкен сый-сияпат көр­се­ті­леді. Президент жақында халықаралық пән­дік олимпиада жеңімпаздарына бір жолғы ақшалай сыйақы беру туралы заңға қол қойған болатын. Ол заңға сәйкес ал­тын медаль алған оқушыға 1 500 АЕК, күміс медальға 1 000 АЕК, қола медальға 500 АЕК көлемінде ақшалай сыйақы беріледі әрі ол оқушыларды жарысқа дайындаған пе­да­гогтерге де осындай ақылы сыйақы та­ғайын­далған. Сондай-ақ халықаралық олим­пиада жеңімпаздары мен жүлде­гер­лерінің еліміздегі ЖОО-ға түсу үшін ав­томатты түрде гранттарға ие болу мүм­кін­дігі бар. Бұл білім бәйгелерінде бақ сынай­тын балалар үшін үлкен «базарлық» екені даусыз. Бұдан бөлек, биыл елімізде өткен аудан­дық, облыстық, республика­лық олимпиадалар биігінен көрінген балалар саны аз емес, мыңға жуықтайды. Жүлделі орындарды иеленген оқушының жалпы саны 920-ны құраса, оның ішінде 183 оқушы алтын, 274 күміс және 463 оқу­шы қола медаль иегері атанған. «Балалар жылына» қатысты шаралар­дан өңірлер де шет қалып жатқан жоқ. Соң­ғы 4 айдың ішінде еліміздің әр айма­ғын­да 5 000-нан аса өңірлік іс-шара өткен. Сол­ шаралар кезінде басты назар аз қам­тыл­ған отбасы балалары, көп балалы отба­сы, жетім және ата-анасының қамқорлы­ғын­­сыз қалған балаларға қарай бағыт­тал­ған. Сонымен қатар биыл «Балдәурен» базасындағы балалар лагерінде ЖОО, колледж педагогикалық бөлімше­лері­нің мүшелері қатысуымен «Балалық шақ навигаторлары» республикалық слеті өтсе, «Оқуға құштар мектеп» жобасы ая­сын­да елордалық 28 мектептің кітапханасы жаңғыртылып, 29 мектепте коуоркинг аймақтары ашылды. БІЛІМ МИНИСТРЛІГІНІҢ АУҚЫМДЫ ЖҰМЫС ЖОСПАРЫ ҚАНДАЙ? Білім және ғылым министрлігі Ба­ла­лардың құқықтарын қорғау коми­те­ті­нің төрағасы Есенғазы Иманғалиевтың айтуынша, министрлікте балалардың жан-жақты дамуы мен жетілуіне бағыт­тал­ған ауқымды іс-жоспар қабылданыпты. – Іс-шаралар жоспарының мақсаты – балалардың физикалық, зияткерлік, ру­хани, адамгершілік дамуына ықпал ететін жағ­дайлар жасау арқылы олардың өмір сүру сапасын жақсарту, балалардың құқық­тары мен заңды мүдделерін қорғауды қам­тамасыз ету. Олар 7 бөлім бойынша 50 тар­мақтан тұрады. Ол 50 тармақтың ішін­де 65 іс-шара бар. Және одан бөлек ба­ла­ның шығармашылық, зияткерлік қабі­лет­терін дамыту мақсатында бағытталған 21 іс-шара кіреді. Бірақ «Балалар жылы» осы аталған шаралармен ғана шектеліп қал­май­ды, республикалық жоспардан бөлек, та­ғы да 17 өңірлік және 280 аудандық, қа­лалық білім ұйымдарының жоспарлары қа­былданды, – деген еді комитет төрағасы. Сол аталған 7 бағытқа қысқаша тоқ­та­лып өтуді жөн көрдік. Алғашқы бағыт – «Білімді бала». Оның мақсаты – ба­ла­лардың сапалы білім алуға және жеке тұл­ға ретінде дамытуға қатысты құқықта­рын жүзеге асырып, оқу-тәрбие процесінде тәрбие компонентін күшейту. Оның шең­берінде сыныпта және мектептен тыс тәр­бие жұмыстарында балалардың құ­қықтары мен мүдделерін қорғау бағы­тын­дағы шаралар жүзеге асады. Ал екінші «Отбасы – қауіпсіз мекен» ба­ғыты баланың білім алу құқықтарын жү­зеге асыру мен отбасындағы адамгер­ші­лік және рухани құндылықтарды наси­хат­тауды қамтиды. Бұл жоба кезінде өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасылар мен тұл­ғаларға көмек көрсету бойынша іс-қи­мыл алгоритмін әзірлеу, және жекелеген са­наттағы балаларға материалдық көмек көр­сетудің қолданыстағы жүйесін өзгерту бойынша ұсыныстар енгізу секілді іс-шара­лар жүзеге асады. Үшінші бағыт – «Дені сау бала» жо­ба­сы. Оның мақсаты – балалар мен мүм­кіндігі шектеулі балалардың ден­сау­лығын нығайту шараларын ұйымдастыру және олардың құқықтарын қорғау. Оның шең­берінде ҚР неонаталды хирургияны одан әрі дамыту жөніндегі іс-шаралар жос­парын әзірлеу, балалар онкологиялық және ге­матологиялық көмек көрсетуді жетілдіру бойынша Жол картасын әзірлеу, жаңа ту­ған нәрестелер мен кішкентай балаларға скри­нингтік зерттеулер, 18 жасқа дейінгі ба­­лаларға профилактикалық медици­на­лық тексерулер жүргізу, амбулаториялық қам­тамасыз етуге арналған дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың тізбесін кеңейту секілді іс-шаралар іске асады. Оған қоса мүмкіндігі шектеулі балаларды меди­ци­налық оңалтумен қамтуды ұлғайту қол­ға алынбақ. Төртінші «Баласын жетімсіретпеген ел» жобасында жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың құқығын қорғау бойынша іс-ша­ралар қолға алынады. Атап айтсақ, өмір­лік қиын жағдайға тап болған бала­лар­ды қолдау орталықтарының функция­ла­рын кеңейту, жетім балалар мен ата-ана­сы­ның қамқорлығынсыз қалған балаларды от­басына орналастырудың баламасын әзір­леу секілді іс-шараларды қамтиды. Бесінші бағыт «Жайлы мекен» жо­ба­сы балаларға арналған инфра­құры­лым­ды дамытуға бағытталған. Дәлірек айт­қанда, қала, елді мекендердің инф­ра­құры­лымын қауіпсіздік тұрғысынан дамыту, арнайы мектептер мен мектеп-интернаттарды жарақтандыру, «2025 жылға қарай 1000 мектеп» бағдарламасы ая­сында салынған жаңа мектептердің ашылу салтанатын өткізу, «Балаға мейірімді қа­ла» ұлттық сыйлығын енгізу секілді іс-шара­лар легін қамтиды. Ал келесі «Бала қорғау» жобасы бала­лар­дың қауіпсіз даму жағдайларында құ­қығын жүзеге асыруға бағытталып отыр. Мұн­да бұқаралық ақпарат құралдарында суи­цид тақырыбын жариялау мәселесі бойын­ша ұсынымдар әзірленеді. Соңғы бөлімдегі BALA_TIME.KZ жо­ба­сында балалар мәселелері бойын­ша ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүр­гізіледі. Оның аясында балаларға ар­нал­ған арнайы медиа өнімдерді шығару жә­не тарату: телешоулар, сериалдар, дерек­ті фильмдер, әлеуметтік желілердегі имидж­дік өнімдер, «Балапан» телеарна­сын­да мультимедиялық және танымдық кон­тентті көрсету жоспары бар. Енді баланың рухани, мәдени дамуы­на тікелей әсер ететін Мәдениет жә­не спорт министрлігіндегі жаңалықтар мен атқарылып жатқан шаруаларға тоқ­талсақ... МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ ӨНЕР САЛАСЫНДАҒЫ БАЛАЛАР ЖЕТІСТІГІ Министрлік дерегіне сүйенсек, мә­дени сала бойынша балаларға ар­­­­налған ауыз толтырып айтатын жаңа­лық­­тар аз емес екен. Мысалы, қазір 1 мил­лион­нан астам баланы қамтитын 6 ірі жо­ба іске асырылып жатқан көрінеді. Алдағы уақытта министрліктің бас­та­масымен 5 үлкен жаңа жобаны іске асыру жос­парланып отыр екен. Олардың қа­та­рында С.Прокофьевтің «Золушка» балалар бале­тінің премьерасы; Ерекше білім беру қа­жеттіліктері бар балаларға арналған «Newart» балалар шығармашылығының фес­тивалі; 200 астам баланы қамтитын «Жас қаламгер» оқыту мектебі; Astana Piano Passion жас пианистердің республикалық кон­курсы; «Мейірім» балалар шығарма­шы­лы­ғының инклюзивті музейлік фестивалі бар. Сонымен қатар балалардың шығар­ма­шылық әлеуетін қолдау және да­мыту мақсатында, жыл басынан бері 22 000-ға жуық бала театрларға, 30 000-нан астам бала музейлерге, 730 000 бала ки­носеанстарға барса, олардың 4 000-ы ауыл­дық жерлерде болып қайтқан. Енді жыл соңына дейін де осы көрсеткішкерді арт­тыр­мақ ниеттері бар екен. Осы тұста алда келе жатқан бала­лар­ды қорғау күніне орай ми­нистр­­лік қандай шаралар ұйымдастырып жатқанын да сұраған едік. Бұл күнді мерекелеу аясында «Гра­фи­ка және кескіндеме» және «Шебер» – Balavision 3.0 музей үйірмелерінің көр­ме­сі, «Екі ағайынды туралы ертегі», «Көлік­тер тартысы» ертегілерін көрсетіліп, «Ба­ла­лар әлеміне саяхат» атты қайырымдылық концерті мен SatsComUnity балалар театры студиясының би флешмобы өтеді екен. Статистикаға сүйенетін болсақ, елі­міз­дегі спортпен шұғылданатын тұр­ғындардың неғұрлым белсенді үлесі жал­пы білім беретін мектептердің оқу­шы­ларына тиесілі екен. Мысалы, 3,4 млн оқу­шының 2 миллионы немесе 61,4 пайызы дене шынықтырумен және спортпен қам­тылған. Биыл ұлттық мектеп лигасының бағ­дарламасы бойынша волейбол, фут­бол, футзал, гандбол, баскетбол, тоғыз­құмалақ, үстел теннисі, асық ату, бес асық, жеңіл атлетикалық кросс сияқты 10 спорт түріне мектеп жасындағы 2,7 миллионнан астам бала қамтылған. Нұржан НҰРЛАНҰЛЫ, Ұлттық ака­демия­лық кітапханасы басшысының мін­детін атқарушы: КІТАПХАНАМЫЗДА БАЛАЛАРҒА АРНАЛҒАН ШАРАЛАР САНЫ КӨП – Ұлттық академиялық кітапханада «Мәңгілік ел құндылықтары», «Ардақ тұтар алыптары», «Менің сүйікті кітаптарым» атты кең көлемді иллюстративті көрме тұрақ­ты түрде ұйымдастырылған еді. Көр­меге кітаптармен қатар түрлі форматтағы 100-ге тарта балаларға арналған құжат қойыл­ған. Балаларға ұлттық құндылықтарды насихаттау мақсатында да кітапха­на­мызда көптеген жұмыс атқарып жатыр­мыз. Олардың қатарында «Бабалар 100-том­дық сериясы» циклды жобасы ая­сында айтыскер ақын, журналист, қоғам қай­раткері Егеухан Мұхамәдиқызымен, жыр­шы, манасшы, ақын Баянғали Әлім­жа­новпен, экономика ғылымдарының кан­дидаты, балаларға арналған кітаптардың авторы Қасым Байбековпен өткізген кез­десу кештері, өнеге-тәрбиеге баулитын са­бақтар бар. Мәдениет және спорт министр­лі­гі­нің ұйымдастыруымен Қазақстан Рес­публикасының көпшілік кітап­ха­на­ларын­да «Балалар жылы» аясында «Әжем­нің ертегілері» жобасы бастау алды. Жоба жас ұрпақты ертегі арқылы оқу мәде­ние­тіне тартуға бағытталған іс-шаралар ке­ше­нін қамтиды. Отбасында ертегі оқу, әңгі­ме­леу дәстүрлерін жаңғырту және жалғас­тыру, сонымен бірге отбасындағы ата-әже­лердің рөлін, ең алдымен, рухани құн­ды­лықтарды арттыруды көздейді. Алдағы уақытта да «Балалар жылы» ая­сында осы шаралар жалғасын табады, 1 мау­сым – Халықаралық балалар күніне орай 31 мамырда «Бақытты балалық шақ» ат­ты мерекелік шара өтеді. Сондай-ақ балалардың жазғы дема­лы­сына қарай Балалар кітапханасы жа­нынан жазғы лагерь ұйымдастырылса, Аста­на күніне орай балалар арасында бай­қау-челлендж болады. Элина­ ПАУЛИ, БҒМ Балалардың құ­қық­тарын қорғау комитеті төра­ғасы­ның орынбасары: БІЗ ӘР ӨҢІРМЕН НАҚТЫ ЖҰМЫСТАР ІСТЕУМЕН АЙНАЛЫСАМЫЗ
– Пандемия кезіндегі уақыт бұқаралық іс-шаралардың қысқаруына байланысты ба­лалардың бір-бірімен қарым-қаты­на­сы­ның жетіспеуіне әкелді. Сол себепті қазір оқушылар аудандық, облыстық, респуб­ли­калық деңгейдегі сайыс, конкурстарға қа­тысуға дайын. Олар дәл осындай іс-шара­лар­ға қатысу арқылы дамып, әлеуметтенеді. Осы орайда біздің комитет те бір­қа­тар жоба жасап жатыр. Мысалы, бар­лық білім беру ұйымдарында барлық оқу­шылар мен олардың ата-аналарына те­гін кеңес беріп, көмектесуге бағытталған BALA QORǴAÝ жобасының bala.gov.kz веб-сай­ты жұмыс істеп тұр. Енді осы жоба бойын­ша QR код тақтайшаларын барлық өңір мектептеріне орнату жоспарланып жа­тыр. Яғни ата-аналар мен олардың бала­лары мектепте болған кикілжіңдер, сы­нып­­тастар мен өзге оқушылармен қарым-қатынас, отбасылық, қаржылық мәселелер туын­дағанда немесе көшеде қандай да бір қиын­дықтарға тап болған жағдайда ано­нимді түрде осы веб-сайтқа жазып, біздің кеңес­шілерімізден тегін ақыл-кеңес ала ала­ды. Ол үшін QR кодты сканерлеу керек не­месе сайттың өзіне кіріп аталған мә­се­лелерге қатысты мәтін түріндегі кеңес­термен 24/7 (тәулік бойы) танысуға бо­ла­ды. Одан да басқа мәселелер мазалап жат­­са, сайттағы онлайн сұрақ, өтініш қал­дырса, біздің кеңесшілеріміз кері бай­ланысқа шығып, оны шешу жолдарын табу­ға көмектеседі. Ал ол сұрақтардың құпия­лығы сақталуына 100 пайыз кепілдік беріледі, өтініш берушінің аты-жөні де анонимді түрде қалады. Сайтқа күнде 1 000-нан астам адам кіреді. Осы QR код тақ­тайшалары қазір 7 000-нан аса мек­тепте орнатылған. Негізінде барлық өңірге жіберілген, оны орнатуды әр аймақтағы мектеп әкімшілігі қолға алуы тиіс. Біздің балаларды қорғау комитеті ұйымдастырып жатқан акцияның бірі – «Балаға лайық» (#Balagalaiyq) деп ата­­лады. Ол оқушыларды білім ордаларын­да құнарлы тағаммен қатар жылы, таза, қауіп­сіз орынмен қамтамасыз етуге бағыт­тал­ған. Мысалы, оқушылар немесе мұға­лім­дер өздерінің мектептерінде бұзылған са­нитарлық талаптар мен асханаларда бол­ған олқылықтарды фотоға немесе ви­деоға түсіріп, осы біздегі арнайы WhatsApp нө­мірге жібере алады. Сонан соң біз осын­дағы арнайы жұмыс тобымен ол арыз-ша­ғымдарды қарап, жергілікті атқарушы органдармен бірлесе отырып, мәселенің оң нә­тиже беруіне атсалысамыз. Бұл акция­ның басты мақсаты – мектеп әкімшілігі мен қызметкерлерін жазалауға емес, біздің ба­лалар үшін қауіпсіз орта қалыптастырып, қо­лайлы жағдай жасау. Сәуір айында бас­талған бұл акцияның бірінші кезеңі ер­тең­гі осы оқу жылының соңында аяқталады. Осы арнайы WhatsApp нөмірімізге 1 000-нан аса арыз-шағым келіп түсті. 1 маусымға арналған «Балалардың игі­лігі үшін» республикалық акциясы өтеді. Осы акция бойынша болатын барлық тұ­жы­рымдамалар біздің министрлікте әзір­леніп, өңірлерге жіберілді. Бірақ бұл акция бір күн ғана емес, бір ай көлемінде, яғни 16 ма­мырдан 16 маусымға дейін жалғасады. Осы акция аясында республикалық дең­гейдегі жазғы демалыс, қайырымдылық іс-шараларымен қатар, әр өңір біздің тұ­жырымдаманы негізге ала отырып, өз жос­парларындағы жобаларды жүзеге асыра алады. Еліміздегі барлық аймақ осы ай­тулы жылға қатысты өткізіп жатқан шара­лары туралы есеп тапсырып, жұмыс­тары­ның сілтемелерін жібереді. Мысалы 9 000-нан астам жұмыс сілтеме келіп түсті. Олардың көбі БАҚ беттерінде жарық көріп, әлеу­меттік желілерде көрініс тауып жүр. «Балалар жылында» балалардың құ­қы­ғын қорғау мәселелерін де баста назарда ұс­тауымыз керек. Ол бойынша бізде мем­лекеттік органдардың мақұлдауымен бе­кітілген арнайы алгоритм бар және ко­ми­тетте құрылған жұмыс тобы сол құқық бұзу­шылықтар бойынша талдау-зерттеу жұ­мыстарын жүргізеді. Жоғарыда атап өт­кен QR код тақтайшаларын осы мә­се­ле­лердің алдын алуға бағытталған про­фи­лак­тикалық жоба деп айтсақ болады. Жаз­ғы демалыс басталған кезде балаларға қа­тысты түрлі оқиғалар болып жатады. Веб-сайтта қалдырған өтініші бойынша кеңесшілер шеше алмайтын қиын жағ­дай­лар болып қалсақ, бізге заң органдарымен, жер­гілікті атқарушы органдармен бірлесе отырып, атсалысуға тура келеді. Біздің комитет ішінде елордалық оқу­шыларға арналған 742528 сенім те­лефоны іске қосылған. Онда арнайы кеңес беретін сарапшылар отыр. Сондай-ақ BALA QORǴAÝ (https://t.me/bala_qorgau) ат­ты чат-бот бар. Біз «Балалар жылына» қатысты шара­лар кезінде челлендждер, айқайла­ған акциялар ұйымдастырумен емес, әр өңір­мен нақты жұмыстар істеумен айна­лыс­пақпыз.
Елімізде 6,1 млн бала бар екен. Оның 3,4 миллионы мектепте оқыса, 914 мың бала мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамтылған. Сол бүлдіршіндердің құқығын қорғау, жан-жақты дамытуға бағытталған жобалар мен шаралардың көптігі көңіл қуантады. Дегенмен басты назар олардың санына емес, сапасына аударылса деген ниет бар.

Әсем БЕКТЕМІРҚЫЗЫ