Әлемге әсер еткен 12 құмық перзенті

Әлемге әсер еткен 12 құмық перзенті

Әлемге әсер еткен 12 құмық перзенті
ашық дереккөзі
Жаратқан ие бұл дүниені және өзімізді ғылым, ізгілік және сұлулық заңдарына сәйкес өзгертіп, түрлендіру үшін бізге өмір берді. Сол арқылы адам баласы ғұмыр кешіп, да­рын қуатын паш етеді. Ал ондай адам­дар туралы: олар өздерін жаратты, әлемді білді және өзгертті дейді. Мұндай тұлғалар барлық халықтардан табылады, құмық­тар­да да бар. АЛЬП-ИЛИТВЕР (АЛП-УЛАН) Альп-Илитвер (б.з. 7 ғ.) – даңқы күллі Хазарияға жайылған ғұндардың атақты мемлекет қайраткері. Ол билеген кезде Кавказ ғұндары экономикалық және саяси жағынан қуатты болды. Онымен хазар қа­ғандары, албан патшалары және Византия им­пера­­торлары санасатын. Ғұн мемлекетінің құра­мын­да да­ла­лық түркі тайпаларынан кейін «құмық» (ғұндар­дың өз атауы – «хуннуг») этнонимімен бел­гілі болған ха­лық қалыптасты. Моисей Каганкатваци (VII ғасырдағы армян тарихшысы. – А.Ө.) Альп-Илит­вер­дің биікке көтерілу себептері туралы былай деп жазды: «Ол күш-қуатымен және ерлігімен көзге түсті. Грекия олимпиадаларында жеңім­паз ретінде танымал болды, басқалардың арасында күш-қуатымен ерекшеленді. Батыр Түр­кістанда хазар қағаны тұсында талай ерлік жасап, қағанның сүйіспеншілігіне ие болып, қ­аған оған қызын берді. Сондай-ақ ол Илтебер дәре­жесіне ие болып, үш елде (Хазария, Алба­ния және Византия) даңқы жайылды. Өйткені ол епископтың жарқын ілім туралы нұсқау­ла­рын даңқ тәжі ретінде қабылдады». М.Каганкатваци Альп-Илитвердің «үш ел­дің ішінде дәріптелетінін» (Гуниия, Иран және Византия) анық көрсетеді. Ол 682 жылы ғұн­дар арасында діни реформаны бастаған дарын­ды қолбасшы, реформатор басшы болды. Сол кезде ата-бабаларымыз христиан дінін қабыл­даған болатын. Ұлы князь Альп-Илитвер «қартайғанша өмір сүрді, көптеген жерде шіркеулер тұр­ғызды және діни қызметкерлердің абы­ройын асырды». Мұны жазған «Агвандар тари­хының» авторы Моисей Каганкатваци «Ха­зарлар қағаны тұсындағы Түркістандағы ерлік пен батырлықты (Альп-Илитвер)» дәріптейтін «йырлар» – ғұн эпостарымен таныс болғаны анық. Ата-бабаларымыздың Варачандағы ата­ме­кеніне ескерткіш орнатқан Кавказ Гунния­сы­ның бірінші шоқындырушысы Альп-Илитвер болуы әбден мүмкін. Мұны құмық аңыздары рас­тайды, өйткені Қарабудахкент маңында қарулы салт аттыны бейнелейтін тас мүсін бол­ған. Онда салт атты адам крест белгісін жа­сау үшін оң қолының үш саусағын маңдайы­на ұстап тұрған. СУЛЕЙМАН ИБН ДАУД АС-СУВАРИ (АЛЬ-ХАЗАРИ) Әдебиетші, теолог-ғалым. XII ғасырдың бірін­ші жартысында өмір сүрген. Оның еңбектерінде эмбриологияға қатысты – ана құрсағындағы эмбрионның пайда болуы мен даму кезеңдері туралы мәліметтер бар. Түрік тарих­шысы Зеки Велиди Тоған – Сулейманның тегі хазар-бұлғарлардан (яғни, қарашай-бал­қар, татар, құмықтардың ата-бабасы) дейді. Сулейман Ибн Дауд ас-Сувари – «Құпия­лар­дың ақиқатынан сәулелердің жар­қырауы» («Бахжат әл-әнуар мин хақиқат әл-асрар»), «Азап шеккен жүректердің қуанышы» («Нузхат әл-кулуб әл-мираз»), «Бақтардың гүлі – азап шеккен жүректердің қуанышы» («Зух­рат әл-рияз ва нужат әл-кулуб әл-мираз») секілді дидактикалық және көркем шығар­ма­лардың авторы. Оның еңбектері көптеген дерек­көздерге енген, оларға біраз ғалым мен теолог (ХХІІ ғасырдың бірінші жарты­сы­нан ХХ ғасырға дейін) сілтеме жасаған. Шы­­­ғармалары Ыстанбұл және Қазан кітап­ха­наларында сақтаулы. Махачкаладағы Ресей ғылым академиясы, Тарих, археология және этнография институты Дағыстан ғылыми ор­талығының Қолжазба қорында оның «Бахжат әл-анвар мин хақиқат әл-асрар» («Құпиялардың ақиқатынан сәулелердің жарқырауы») ең­бегі­нің ең көне көшірмелерінің бірі сақталған. УММУ КАМАЛ (XIV ғасырдың соңы – 1475 ж.) Ұлы сопы ақын, Қойсу өзенінің бойын­дағы Гюен-қала (Қойын-қала) шаһа­рын­да, қазіргі Бавтуғай (Дағыстандағы Қы­зылюрт қалалық округіне кіретін қала типтес ел­ді мекен. – А.Ө.) тұрған жерде дүниеге кел­ген. Әртүрлі деректер мен аңыздарға қарағанда, ол алғашқы білімді өз елінде алған, кейін Шир­­­­ванда ғылым мен өнерде білімін жетіл­діре­ді. Өмірінің маңызды бөлігін Еділ бойында, Қырымда өткізіп, Қырым билеушілері мен ақын­дарының тәлімгері болған. Кейін тағ­дыр­дың жазуымен Осман империясының қолына түс­ті. Аңыз бойынша, Умму Камалды Мехмет сұл­тан Фатих (Константинопольді жаулап алу­шы) шақырып, біраз уақыт оның әскерінде ка­диаскер (Кадиәскер, Казаскер – Осман им­периясында XIV ғасырдың ортасында енгі­зіл­ген әскери және діни істер жөніндегі жоғарғы судья лауазымы. – А.Ө.) қызметін атқарған. Ол әдебиет тарихына ең жарқын рухани жауынгерлердің бірі – сопылық поэ­зия мен философияның өкілі ретінде енді. Умму Камал өз дәуірінде кең қолданылған түр­кі әдеби тіліндегі поэзияның негізін қала­ды, сонымен бірге ол өз поэзиясында құмық диа­лектінің элементтерін қолданған. Дарын қуа­ты мен замандастарының санасына еткен ықпалына қарай зерттеушілер оны Юнус Эмре­мен (сопылық ағымды ұстанушы түрік ақы­ны. – А.Ө.) салыстырады. Көзі тірісінде оның тұлғасы мен шығар­ма­шылығының теңдесі жоқ танымал­ды­ғы және замандастарының оған деген шынайы махаббатының белгісіндей Түркияда Умму Камалды еске салатын жерлер көп. Болу, Қараман, Маниса, Мудурну аймақтарында он­дай орындар бар. Еш жерде оның кесенесі жоқ, бірақ оны бүкіл мұсылмандар құрметтейді. ЧОПАН-ШАУХАЛ ТАРКОВСКИЙ Лақап аты – «Мухтешем». Тарков-құмық мем­лекетін (1443 жылы құрылған) сақ­тап, нығайтқан жоғарғы билеуші («Шевкал пат­шасы»), оның тұсында Құмық мемлекеті құ­діретті елге айналып, сол кездің державалары – Иран, Ресей және Осман империясымен қа­рым-қатынаста бірден-бір мойындалған су­бъек­тіге айналды. Барлық қауіп-қатерге төтеп бере алатын және көп жылдар бойы (XVI ға­сыр­дың екінші жартысынан бастап) шетелдік әске­ри экспансияға (солтүстіктен Мәскеу мен Ка­барда) тойтарыс бере алатын, аймақтық (Кав­каз, Қырым, Астрахань) соғыстарға қатыса ала­тын, 15 мың садақшы жауынгер мен құмық ат­ты әскерін жақсы дайындады. Тарков мемлекетінің шекарасы XVI ға­сыр­дың соңғы ширегінде Шабран, Шир­ван, Лезгин тауларынан (Ахты, Ихыр, Ру­тул), Қайтақ, Черкес және Теректің саға­сынан Каспий теңізіне дейін созылып жатты. Көп­теген ғұн-бұлғар, қыпшақ (түркі) тайпа­лары­нан феодалдық құмық халқы (құмықтар) қа­лыптасып, нығайып, жаңа «мұсылман хал­қын» құру жолына түсті. Оның құмық руханияты мен ұлттық-исламдық сана-сезімін қалыптастыру­дағы рөлі зор болғаны сонша, құмықтар кейін­гі кездерде де өздерінің тарихи тамыры бар «менімен» айналасындағыларды таң қал­дыр­ды; олар өздерін «мұсылман елі», бүкіл Кав­каздағы және көршілес елдердегі исламның тіре­гі және қорғаушысы санады. Олар: «Біз, құ­мықтар, мұсылман дінін ұстанатын ха­лық­пыз, Алла Тағаладан басқа ешкімнен қорық­пай­мыз!» – деп жар салды. Xопан Шаухал (Чопанидтер) шауһалдар әу­летінің арғы тегі саналады. Буйнақ ме­шітінде Чопан Шаухалға тиесілі 1483 жылғы қа­сиетті Құран-и Кәрім киелі жәдігерлік ре­тін­де қорғалған. Оның соңғы парағында жазылу түрі XV-XVI ғасырларға келетін «Вакф Мухам­мед-Шаухал және Чопан-Шаухал» деген жазу бар. АВАБИ МҰХАММАД АКТАШИ ӘЛ-ЭНДИРАУИ (XVI ғасырдың соңы – XVII ғасырдың ортасы) Құмық шежірешісі, құмық тарихының ата­сы болып саналады. Құмық (түркі) жылнамасының дәстүрін жал­ғастырып, дамытқан; Шәуһал ұрпақ­тары­ның бірі Чопан-Бектің ұсынысы бойынша Ава­би өзінің қолында бар ортағасырлық мұ­сыл­ман деректерінің барлығын зерттеп, қоры­тып, «Дербенд-наме» деп аталатын өзіндік тари­хи туынды жасайды. Эндирейден шыққан Арсланмұрзаның ұлы Мухаммед Аваби Акташи XVI ға­сыр­дың аяғы – XVIІ ғасырдың басында өмір сүр­ген. Бұл бүкіл Солтүстік-Шығыс Кавказдың сая­си тағдыры үшін маңызды тарихи оқи­ға­лардың кезі болды: үш ірі держава – Мәскеулік Ре­сей, Осман империясы және Сефевидтік Иран арасындағы текетірес қайтадан жоғары шиеленіске жетті. Мұндай кезеңдерде алдыңғы ұр­пақтар тарихының тәжірибесіне қызы­ғу­шылық ерекше артады. Міне, сол кезде құмық тектілердің ортасында араб, парсы, түркі тіл­де­рін жетік меңгерген, сол кездегі рухани-ғы­лыми элитаның жоғары интеллектуалдық тал­ғамымен ерекшеленген Мухаммед Аваби Акта­шиге өз елінің маңызды қалаларының бірі Дер­бенттің көрші елдермен және Дағыстан ие­ліктерімен қарым-қатынасы тұрғысынан Да­ғыстан тарихына қатысты түркі тілінде шы­ғарма жазуға тапсырма берілді. М.Акташи өзінің меценаты – Дағыстан билеушісі Герейханның ұрпағы Шамхалдың ұлы Чопан-бек­тің бұйрығын тамаша орындап, сол арқылы «Дербенд-наме» тарихи еңбегін жазуда ғылыми ер­лік жасады, ол Дағыстан тарихнамасының бү­гінгі күнге дейін жеткен алғашқы ірі ескерт­кіші. «Дербенд-наме» шежіресіндегі мәлімет­тер­дің басым көпшілігі ортағасырлық араб және парсы тарихи деректеріне жатады. Соны­мен қатар, ол жергілікті бастапқы дерек­көз­дерден алынған, әлі күнге дейін сақталмаған көп­теген түпнұсқа мәліметтерді қамтиды. М.Акташи туындысы – ортағасырлық құ­­мық тарихнамасының ескерткіштерінің ішіндегі ең танымалы және кең таралғаны. Қазір «Дербенд-наменің» түркі (әзербайжан, құмық) тілдерінде жазылған, сондай-ақ басқа шығыс және дағыстан – араб, парсы, авар, лак, даргин тілдеріндегі аудармаларының 40-тан астам қолжазбалары тіркелген. Ол XVIII-XX ғасырларда бірнеше рет жарық көрді, соның ішінде ағылшын, неміс, француз, орыс және т.б. еуропалық тілдерде басылды. АЛИ КУЛИ ХАН ДАГЕСТАНИ (ВАЛИХ) Валих поэтикалық лақап атын алған хан­зада (навваб) Али Кули Хан Валих Дағыстани (1712-1756) – Дағыстандық Ва­лий – Тарков шаухалдарынан шыққан, мұ­сылман шығысының көрнекті ақыны, жазушысы және энциклопедисі. Али Кули Хан Валих – 1748 жылы аяқ­талған Шығыстың поэтикалық ан­тологиясын жасаушы. Ол әлем әде­биеті тарихына «Риоз аш-шуаро» («Ақындар бағы») деген атпен енді. Бұл бірегей алып ең­бекте (934 бет) 10-17 ғасыр­лар аралығында өмір сүрген 2594 ақын туралы мәліметтер берілген. Олардың қатарында Рудаки, Низами, Хафиз, Хосрау, Навои, Жәми, Бедил сияқты көрнекті қайраткерлер, сонымен қатар автордың замандастары Дехлави, Орзу, Лохури т.б. бар. Сонымен қа­тар Али Кули Хан Валихтың бұл еңбегінде Хадиджи-Айсолтан Дағыстани, Махасти, Лала-Хатун, Гүлбадан-Хатун, Камила-Бегім, Бибі-Хатун, Бибі Орзу, Бибі Сафи, Айше, Махи Нихон секілді ақын қыздар мен олардың өлең­дері туралы әртүрлі мәліметтер берілген. Бұл – сол кезең үшін өте таңғаларлық іс. Анто­логияға сондай-ақ просодия, ұйқас, үздік ғазал үлгілері, түрлі ақындардың қасида, рубаи, қытьа, мәс­неуиіне қатысты трактаттар енгізілген. Автор тарихи оқиғаларды суреттеуге, соның ішінде өзінің жеке өмірі, ата-бабалары – Тарков­тық шаухалдары шежіресімен таныс­тыруға көңіл бөлген. Түркі-мұсылман әлемінде Али Кули Хан Валихтың шығармашылығына қызығу­шы­лық зор болды, сондықтан ол кейіннен ан­тологияның қысқартылған нұсқасын құрас­тырды. Одан кейінгі ғасырларда Валих хрес­томатиясын каллиграфтар көшіріп алған, олар қазір Үндістан, Иран, Ауғанстан, Англия, Гер­мания т.б елдердегі кітапханаларда сақтаулы. Сонымен қатар оның 6-7 мың жұп жолды шу­мақтан тұратын адамгершілік туралы әлеу­меттік-философиялық өлеңдер диуанын (жи­нағы) жазған. Бірегей әдеби антология («Риоз аш-шуаро») 36 жастағы құрастырушының есімін бүкіл мұсылман Шығысының көрнекті әдебиеттанушыларының қатарына мәңгілікке енгізді. ЙЫРЧИ ҚАЗАҚ (1830-1879) Құмық әдебиетінің бастаушысы, классик ақын, Құмықтар үшін Йырчи Қазақ туған халқының игілігі, бостандығы мен ұлт­тық болмысы үшін құрбан болған ақын ғана емес, халық батыры. ХІХ ғасырдағы Да­ғыс­тан, Солтүстік Кавказ поэзиясында, зерттеушілер дұрыс атап өткендей, адамның әділдік, теңдік, бостандық туралы арманын шабыттандырған, соншалықты айқын бейнелеген ондай ешкім жоқ. Ақынның қайраткерлігі арқасында «татар тілінің құмық (кавказ) диалектісі» (Т. Макаров) әдеби тілге айналды. Қазақ – академик В.В.Бар­тольд анықтамасы бойынша француздық «Ислам энциклопедиясы» (Encyclopedic de L Islam) оны «жаңашыл ақын, революционер, қазіргі құмық әдебиетінің атасы» деп атады. Қазақтың тағдыры – халық ақынының Кавказдағы орыс билігіндегі қиын тағ­дыры болса, оның шығармашылығы әлеуметтік және ұлттық езгіге қарсы наразылық жыры болды. Түрік зерттеушісі А.Джафероғлы дұрыс атап көрсеткендей, Й.Қазаққа «Ресей билігінде халық ақыны болу қиын әрі қауіпті болды». Оның тартқан азабы мен қазасының себебі де осы. Қазақты «Сібірге» жіберу арқылы патша өкіметі оның «рухани тірегін жойды». Құмықтардың өзін-өзі танығаны, тағ­дырын, ұлт алдындағы борышын тү­сін­гені үшін ақынға қарыздар. Ақын ХІХ ға­сырда «Құмықтардың жаулануымен ұмытылып кет­кен, бірақ әлі күнге дейін халықтың жан дү­ниесінде сақталған ұлттық бостандығын» еш­кімге ұқсамай жырлаған-ды. Осыдан кейін Қа­зақты кісендеп, «Сібірге», бір рота солдат түр­месіне, өзіне мүлдем жат ортаға айдап кет­кеніне таңғалудың қажеті бар ма? Пат­шалық ақынға қатыгездік танытқанмен оның рухын сындыра алмады. Қазақ үшін оның поэзиясында екі құ­мық (екі Дағыстан) болды – қорланған және «құл бол­ған». Мінсіз және «шындық пен бостандық сау­­даланатын» бүлінген Құмық. Яғни, Рух ақ­сүйек­терінің Құмығы мен құлды­ғынан ха­бары жоқ құлдардың Құмы­ғы. Бұл екінші – тарихы бұрмаланған Құмық, ол бірін­ші – мәңгілік және шыдамды Құмық үшін қамшылап, алыс болашақтың биі­гінен туған халқының ұлдарына өзі­нің өзгермейтін өсиеттерін жол­дайды және осы өсиеттердің ішін­де бірінші және соңғысы: «Қиямет кү­нінде ұялмау үшін өзі және от­ба­сы үшін өмір сүру». Қазақ біз­дің мәдениетіміздің алып қайраткері болған және солай болып қала береді. Қазақтың өлеңдері бүгін де өмір­дің, күрестің, махаббат пен ер­лік­тің мәңгілік әнұраны сияқты естіледі. ХІХ ғасырдың ортасында Ресейде ұлттық жаң­ғырудың ірілерімен бір қатарда тұрған өз за­манының ең ақылды адамы бола отырып, ол Ре­сей мен Кавказ арасындағы текетірестің ең күрделі кезеңінде абыроймен өмір сүріп, еңбек етті. Құмық халқы мен Дағыстан үшін Йырчи Қазақ шығармашылығының маңызы мен қайраткерлігінің құнын бағаламау қиын. Оның ұлттық тілдегі поэзияның негізін салу­шы ретіндегі рөлі – орыс тілі үшін Пушкиннің, украин тілі үшін Шевченконың, поляк тілі үшін Мицкевичтің, венгр әдебиеті үшін Шан­дор Петёфидің рөлімен бірдей. Оның есімі мәңгілік. Ол өз дәуірінің са­­­­­на­сына орнығып, еуропалық әде­биет зерттеулеріне, ХХ ғасырда Будапешт, Па­риж, Ыстанбұл, Нью-Йорк және Лондонда әр­түрлі тілдерде жарық көрген дүниежүзілік эн­циклопедияларға енді. Оның нұрлы поэ­зия­сы әлемдік поэзияның ақиқатына айналды. Туған ауылында және Дағыстан Рес­пуб­ли­касының астанасында оған ескерт­кіш­тер орнатылды, қалалардағы көшелер атал­ды, оған өлеңдер, поэмалар, романдар ар­нал­ды. Өлгеннен кейін де өмір сүре беретін Йырчи Қазақ – ұлтымыздың мәңгілік серігі! АХМЕД-САИБ КАПЛАН Түркияның екінші Конституциясын қа­­былдау қозғалысының негізін қала­ған, Абдул-Хамид сұлтан озбырлығына қарсы күрес­ке жетекшілік етуде үлкен рөл атқарған ғалым, тарихшы, Ыстанбұл университетінің профессоры, Мысырдағы жас түріктер жетек­шілерінің бірі. Көптеген тарихи және саяси еңбектердің авторы, олардың көпшілігі осман түрік тілінде басылған. 1888 жылы Ресейден Осман империясына қоныс аударып, жас тү­рік­тер қозғалысына белсенді қатысушылардың бірі болды. Түрік еркін баспасөзінің негізін салу­шылардың бірі және жас түрік қозға­лы­сының маңызды идеологиялық ағымдарының бірінің жетекшісі. 1899 жылдың қараша айынан бастап өзі­нің «Санджак» («Қызыл ту») атты тәуелсіз га­зе­тін шығарды, біраз уақыт «Шура-и-Уммет» («Жауап кеңесі») газетінің редакторы болды. Ахмед-Саиб Каплан ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басындағы түрік (кеңірек айт­қан­да, түркі) қоғам және саяси қайраткерлері мен зиялылары ұрпағының «түрік арманын» – Түркияны «еуропаландыруды» жүзеге асыруды қолға алды. Ахмед-Саиб саяси өмірбаянының жарқын беттеріне 1915-1916 жылдарды, яғни Ре­сей империясындағы түркі халықтарының сол кездегі құқық қорғау қозғалысына қа­тысуын жатқызуға болады. Сондай-ақ ол Түркияда «Ресейдің езілген түркі-мұсылман халықтарының құ­қық­тарын қорғау қоғамын» құрудың бас­тауын­да тұрды, сол жылдары Швейцарияда өт­кен Ұлттар Лигасы конференциясында сөз сөй­леп, «Құмық халқының жағдайы туралы ме­морандумды» әлемдік БАҚ-та жариялады. Сон­дықтан оны Ресейдегі түркі халықтарының адам құқықтарын ұстанатын теңдік қозға­лы­сының негізін салушылар мен идеологтарының бірі деп санайтындармен келісу керек. Ол түрік ұлтының тарихи тағдырын тү­сінуге, оның жаңа болмысы мен ли­берал­­ды-демократиялық азаматтық құн­ды­лық­тарын қалыптастыруға, Ресей империя­сын­дағы езілген түркі-мұсылман халықтары­ның, оның ішінде құмық халқының құқықта­рын қорғауға өлшеусіз үлес қосты. Оның және серіктерінің арқасында Еуропа мен Ресейдің саяси өмірінің алдыңғы шебінде «түркі, ислам социализмі» мен либерализм идеологиясының интеллектуалдық алғышарттарын дайындаған қуа­тты халықаралық түркі-мұсылмандық құ­қық қорғау қозғалысы пайда болды және ны­ғайды. ХАЙДАР БАММАТ (1889 -1965) Еуропада танымалдылыққа ие болған көрнекті қоғамдық-саяси және мемле­кет қайраткері, дипломат және мәдениет­тану­шы, қоғамдық-саяси өмірде өшпес із қалдырған Тау­лы Демократиялық Республикасының («Тау­лы республика», 1918-1919 ж.) басшылары мен сәулетшілерінің бірі. ХХ ғасырдағы Да­ғыстанның және бүкіл Кавказдың қоғамдық-саяси тарихында өшпес із қалдырды. Оның Lе ргоblem du Саисаsе (Лозанна, 1919), Тhе Саи­саsus Ргоblem (Вегn, 1919 ), Lе Саисаsе еt 1а геvolution russe (Париж, 1929), Lа Роsition de la Turquie (Париж, 1943), Visages dе L’Islam (1946, Па­риж, 1959 ), Islamiyetin Manevi ve Kulturel Degerleri (Istanbul. 1963), Apport des musulman a la civilization (Женeва. 1962), Muslim Contribution to civilization (Женeва, 1962), Der Beitrag des Islamszum Kulturgut der Menscheit (Женeва, 1962), Le Caucase du Nord атты еңбектері мәң­гілік құндылыққа ие. Әйтсе де оның әлемнің көптеген тіл­де­ріне аударылған «Исламның бейнесі», «Мұсылмандардың Батыс Еуропа мәдениетіне әсері» атты басты еңбектері ең үлкен атақ пен танымалдыққа ие болды. Хайдар Бамматтың өмір­баянын жазған жазушылардың бірі ислам әлеміне сіңірген қызметтеріне баға бере оты­рып: «Оның қайтыс болуымен мұсылман әлемі өзі­нің ең мықты ойшылдарының бірінен, көр­некті тұлғасынан айырылды»,– деп жүрек­жарды сөздерін жазған. АБУСУПЬЯН АКАЕВ (1872 - 1931) Көрнекті құмық ағартушысы, қоғам қай­раткері, арабтанушы ғалым. Әбусупянның, оның алдындағылардың және серіктерінің, бір сөзбен айтқанда, «мә­­дени есе қайтару» қозғалысының баста­ма­шысы болған қуатты топтың – «ағартушы мұ­­сылмандардың» теңдесі жоқ мәдени қызме­ті­нің арқасында Дағыстанда ХІХ ғасырдың аяғы – ХХ ғасырдың басында ислам прогреске кедергі болудан қалды. Басқа салаларда да реформалардың жолы ашылды: мұсылман халықтарының ортақ тілі, білімі және саяси ұйымы, бұрын-соңды болмаған жәдидтік (мо­дернистік) жоба жүзеге асырылды. Осы мұсылман реформаторы Ә.Акаев­тың және оның басқа серіктерінің сан қырлы ұйымдастырушылық, ағартушылық, баспа қызметі арқасында Солтүстік Кавказдағы құмықтар ана тілінде кітап оқитын, ал Дағыс­тан ХІХ ғасырдың соңы ХХ ғасырдың басында ең сауатты халыққа айналып, мұсылмандық көзқарастағы елге айналды. ДЖЕЛАЛ-ЭД-ДИН АСЕЛЬДЕРОВИЧ КОРКМАСОВ (1877-1937) Ресей және Дағыстанның көрнекті мем­ле­кет қайраткері. Ресей Кеңестік Фе­дера­­тивтік Республикасының (1920-1921) құра­­мындағы Кеңестік Дағыстан мемлекет­ті­лі­­гінің (ДСРО), қазіргі Дағыстан Республи­ка­сы негізін қалаушы. Республика құрылған жылы Ж.Корк­ма­сов­тың талабымен оның құрамына 10 әкімшілік-территориялық округтен тұратын Дағыстан облысы мен Терск өңірінің Хасавюрт (бұрынғы Құмық) округі енді. Оның жігерлі сан қырлы мемлекет құрушы қызметінің нәтижесінде Қарағонай, Ащықұлақ (1922), Кизляр ауданы да (1923) республика құрамына енді. Осылайша, Коркмасов бас­қарған Дағыстан үкіметінің жүр­гізген шаралары Дағыстан Респуб­ли­касының аумағының екі есе ұл­ғаюы­на әкелді. 1921 жылы ма­мыр­да оның бұйрығымен рес­пуб­лика астанасы Махачкала қаласына (бұрынғы Анжи­ка­ла, Порт-Петровск) ауыс­тырыл­ды. Оның қызметі мен сая­са­ты­ның жетістігі 1923 жылы құмық (түркі) тілінің Дағыстан­ның мем­ле­кеттік тілі болып бе­кі­тілуі және 1928 жылы Дағыстан ха­лықтарының жазба тілінің араб ті­лі­нен латын тіліне ау­да­рылуы халық­тың тіл­дік және мәдени дамуы үшін орасан зор мүм­кіндік болды. Өкі­ніштісі сол, күні бүгін­ге дейін, Дағыстанның жаңа тұлғаларының қалыптасуына, оның өзе­гінде жаңа көпұлтты, көпқұрамды Дағыстан саяси ұлтының қалып­тасуына орасан зор үлес қосқан Ж.Қор­қ­ма­сов­тың еңбегі дұрыс баға­ланбай келеді. «Біз жаңа көп ұлттар республикасын құр­дық, ендігі міндетіміз – олардың тілдерін, мәдениеттерін және этникалық жадын одан әрі еркін дамытуға жағдай жасай отырып, дер­бес ұлттық республикалар құру», – дегенін замандастары талай рет еске алғандай, ол осы мәселені бірнеше рет көтерген. Осы шаралардың барлығы республиканың ал­ғашқы онжылдығындағы саясат пен эко­номикадағы жетістіктермен бірге Дағыстанды Солтүстік Кавказдағы «көшбасшы республи­ка­ға» айналдырды және оның «жарқын бола­шағын» болжады (Б.Чобан-заде). Алайда кейін республикада біріктіруші үрдістер басым бол­ды. Ж.Қорқмасовтың өзі 1937 жылы жал­ған айыппен қуғын-сүргінге ұшырап, қайтыс болғаннан кейін 1956 жылы ақталды. МУРАД РАШИДОВИЧ КАПЛАНОВ (1915-1980) Радиобайланыс саласындағы көрнекті инженер-ғалым, Мемлекеттік сыйлықтардың лауреаты, техника ғылымдарының докторы, профессор, авиациялық жүйелер мен ра­дио­байланыс жабдықтарының бас конструкторы, терең ғарыштық радиобайланыс және телеха­бар таратудың алғашқы жүйелерінің, оның ішін­де «Молния» жүйесінің бас конструкторы. М.Р.Каплановтың ұйымдастырушылық, ғылыми және инженерлік қызметі Үкімет тарапынан жоғары бағаланды: ол екі рет Еңбек Қызыл Ту орденімен және екі рет КСРО Мем­ле­кеттік сыйлығымен марапатталды. Капла­новтың барлық бастамасы табысты болды. Ол туралы өмірбаян жазушылардың бірі: «Му­рад Қапланов сияқты өмірдегі өнерта­быс­тар мен кәсіби жетістіктердің каскады, оқи­ғалардың калейдоскопы, князьдік отба­сында туу, революция, кеңес заманында мамандық алу, репрессия, соғыс, жеңіс, тұрмыстық, содан кейін супер-кәсіби техниканың дамытуда та­бысқа жету... Ол қайда, қашан болды? Бұл өз­геріс­тер ХХ ғасырда және ірі ойлап табушы­лар­ды алға шығарған дәуірде КСРО-да ғана бол­ды. Ол – Мурад Рашидович Капланов бола­тын». Ал егер бүгінде ғылыми-техникалық ре­волюцияның, оның ішінде ғарыштық (спут­ник­тік) байланыстардың жетістіктерін күн­делікті өмірде және кәсіби қызметте кеңінен қол­данатын болсақ, инженер-ғалым Мурад Ра­шидханович Каплановтың ғылым сала­сындағы есімі мен орасан зор жетістіктерін, технологиясын біліп, есте сақтауымыз керек. P.S. Бүгінге дейін құмық элитасына арнал­ған, Құмық саяси-экономикалық және ру­хани ақсүйектерінің (IV-XXI ғғ.) тари­хи-өмірбаяндық анықтамалығын дайын­дадым. Өмірбаяндар алфавиттік хроноло­гиялық ретпен берілген.

Орыс тілінен аударған Ахмет ӨМІРЗАҚ