Үш адам қаза тапты: Шымкенттегі жарылыстан зардап шеккендердің жағдайы мәлім болды

Үш адам қаза тапты: Шымкенттегі жарылыстан зардап шеккендердің жағдайы мәлім болды

Үш адам қаза тапты: Шымкенттегі жарылыстан зардап шеккендердің жағдайы мәлім болды
ашық дереккөзі
Шымкент қаласындағы алапат жарылыс кезінде зардап шеккен адамдардың жағдайы белгілі болды деп хабарлады turkystan.kz.

Бұл туралы Түркістан облыстық қоғамдық Денсаулық сақтау басқарма басшысы М. Пашимовтың және «Ана мен бала денсаулығын сақтау» департаментінің директоры М.Ембергенованың қатысуымен өткен брифингте айтылды.

Түркістан облыстық қоғамдық Денсаулық сақтау басқарма басшысының ақпаратынша, зардап шеккен 7 адамның ішінде бесеуі – перинаталдық орталықтың қызметкерлері. Төртеуі кіші буын қызметкерлері болса, біреуі – медбике. Қазір олардың денсаулығында қауіп жоқ.

«Екі санитар әйел жансақтау бөліміне түскен. Біреуі басынан жарақат алды, оң аяғына да зақым келді. Ол жансақтау бөлімінде, жағдайы тұрақты. Екінші санитар әйел де жарақат алды, оны жалпы бөлімге ауыстырып жатырмыз. Сонда жансақтау бөлімінде бір адам қалып отыр. Бірақ оны да дүйсенбі күні жалпы бөлімге ауыстырамыз», - деді ол.

Жарылыс кезінде жарақат алған тағы 2 адам – жұмысшы. Олар перинаталдық орталықта күрделі жөндеу жұмыстарын жасап жүрген. Басқарма басшысының сөзінше, перинаталдық орталықта өрт болмаған. Жарылыстың қатты болғаны сонша, толқыны ғимаратты бұзып жіберген, терезелері сынып, кейбір қабырғалары қираған.

«Мен орталық ұжымына үлкен алғысымды айтайын деп едім. Кеше жарылыстан кейін біреуі де жұмысын тастап кеткен жоқ. Барлығы жұмылып, соңына дейін жүрді. Далада жүрген адамдар да көмекке жетіп келді», - деді басқарма басшысы.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, жарылыстан кейін үйінді арасынан 1979 жылы туған күзетшінің мәйіті табылды. Сондай-ақ перзентханада жатқан бір нәресте мен жөндеу жұмыстарын жасап жүрген 1980 жылғы жұмысшы көз жұмды.

«Өкінішке қарай, 1979 жылы туған күзетші Б., 1980 жылы туған жұмысшы Ш. және 18 күн бұрын туған 1 сәби қайғылы оқиғаның құрбаны болды. Қаза тапқандардың отбасыларына көңіл айтамыз. Зардап шеккендерге көмек көрсету және осы қайғылы оқиғаны тергеу үшін ведомство барлық қажетті шараларды қабылдайды», - делінген министрлік хабарламасында.

Еске сала кетсек, 21 мамырда Шымкенттегі №1 перинаталдық орталық жанындағы дәріханада жарылыс болды. Жарылыс салдарынан перзентханадағы әйелдер зардап шеккен жоқ, дегенмен олар күйзеліске ұшыраған. Әйелдерге кәсіби мамандардың психологиялық қолдауы көрсетіліп жатыр. Сондай-ақ, жарылыс кезінде үш әйелдің толғағы келіп, басқа перинаталды орталыққа жіберілгені белгілі болды.