ШҚО-да сапасыз жолдар үшін 11 басшы жазаланды

ШҚО-да сапасыз жолдар үшін 11 басшы жазаланды

ШҚО-да сапасыз жолдар үшін 11 басшы жазаланды
ашық дереккөзі

Полиция департаментінің қызметкерлері жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп жолдың сапасын тексерді деп хабарлады turkystan.kz altaynews.kz сайтына сілтеме жасап.

Тексеру қорытындысы бойынша жол қозғалысы қауіпсіздігіне теріс әсер ететін 150-ден астам ақаулар анықталып, мердігерлік жол ұйымдарының атына кемшіліктерді жою бойынша 200 ұйғарым жіберілді.

«Жолдарды ұстау бойынша құқықбұзушылықтарға жол берген жол қызметтерінің 11 басшысы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл тізімде қала, ауылдық округ әкімдері, ТКШ бөлімдерінің басшылары мен мамандары, квазимемлекеттік сектор өкілдері, мердігерлік ұйымдардың заңды тұлғалары бар», –  деді ШҚО ПД бастығының бірінші орынбасары Елдос Закимов.

Биыл полицияның ұсыныстары бойынша жергілікті атқарушы органдардың қолдауымен Өскемен, Семей қалаларында, Ақжар ауылы мен Көкпекті ауданында 6 бағдаршам объектісін орнату және жаңғырту бойынша жұмыстар басталды. 500 шақырымнан астам көшелер мен жолдарға орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде, облыс орталығы мен Семей қаласының ең көп жүктелген 7 көшесі кеңейтілуге жатады.