«Дабыл қағамыз! ҚР Үкіметіне!»: журналист Торғайдағы құрылыстың масқарасын айтты (ВИДЕО)

«Дабыл қағамыз! ҚР Үкіметіне!»: журналист Торғайдағы құрылыстың масқарасын айтты (ВИДЕО)

«Дабыл қағамыз! ҚР Үкіметіне!»: журналист Торғайдағы құрылыстың масқарасын айтты (ВИДЕО)
ашық дереккөзі
Белгілі журналист Анар Төлеухан facebook-тегі парақшасында Қостанай облысы, Жангелдин ауданындағы Ахмет Байтұрсынұлының туған жерінде салынуы тиіс құрылысқа көңілі толмайтынын айтып, сынады деп хабарлады turkystan.kz. Ол Торғай облысының ашылуына мүдделі ынталы топқа Сарытүбек ауылынан көмек сұраған хабар жолданғанын айтып, енді Үкіметтен осы мәселенің шешімін табуды сұрады.
«Шұғыл! Дабыл қағамыз! Қазақстан Республикасы Үкіметіне! Барлық жанашыр жандарға! Бүгін Қостанай облысы, Жангелдин ауданы, Сарытүбектегі Ахмет атаның түгел сырылып, қайта тұрғызылғалы жатқан құрылыс басына барғанбыз. Оны салуды жергілікті жерден емес, сырттан бөтен жігіттер ұтып алған екен. Ал мына бастаған құрылыстарына мүлде көңіл толмайды. Ойларына ерен тұлғаға әрең дегенде, зарығып жетіп салынып жатқан дүние екені кіріп те шықпайды. Әңгімелеріне қарасаң, тура бір жай сарай тұрғызып жатқан сияқты. Проектіні оқиық, сызбасында қай жерінде қандай материал қажет деп жазыпты, көрейік десек, көрсетпейді. Ал құйған фундаменттері жабайы. Ауылда қораның іргетасына салынатын тастардан қалап жатыр. Қабырғасына деген кірпіштерінің де сапасы өте төмен. Әрі кетсе, екі-үш жылда мына іргетас пен мына кірпіш жарылып, отырып қалады», - деді ол.
Журналистің айтуынша, құрылыс барысы аудан әкіміне ескертілгенімен, ол бұл жағдайға селқос қарап отырған көрінеді.
«Құрылыс жайын Ақкөлдегі Қожа ағамыз аудан әкіміне ескерткен. Бірақ аудан әкімі де құлықсыз сияқты. Екі ауылдың әкімдерінің тіпті бас қатырғылары келмейді.  Елі үшін құрбан болған  атамызға Үкіметтен бұдан кейін қаржы бөлініп, бірдеңе тұрғызылады деу қиын. Осының өзін ойбайлап жүріп тұрғызайын деп жатқанда мына жасалып жатқаны сұмдықтың өзі, нағыз масқара! Бөлінген қаражат құрылысшыларға тегіс жетпеген болар, тендердің сондайы бар ғой» деп іргетасы қалай қаланып жатқаны жайлы бейнежазбаны жіберіпті», - деді журналист.
Енді ол Үкіметтен облыс әкімінің орнына елге-жерге жаны ашитын басшы табуын және осы құрылыстың сапасын қадағалап отыруды сұрады.
 «Жаныашымастың қасында басың ауырмасын» дегендей, Архимед әкімнің Ахмет Байтұрсынұлына жаныашымақ түгіл, қастығы бар ма деп ойлайтындай ғой мына іс! Қазақстан Республикасының Үкіметі тез арада облыстағы барлық бассыздықтың басы болып отырған әкімнен мына жұртты қашан құтқарасыздар? Істелген, ия бастаған істерінің бірінде береке жоқ Бегежанұлының орнына елге-жерге, халыққа жаны ашитын,  Ахметтей арысты қорламайтын бір азамат табыңыздар! Ал Сартүбектегі мына бассыздық жедел тоқтатылсын!» - деді ол.