50559
Түркістанда «Қорқыт туралы аңыз» пластикалық спектаклі қойылады
Түркістанда «Қорқыт туралы аңыз» пластикалық спектаклі қойылады
Түркістанда 21-22 мамыр күндері Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы-драматург Ермек Аманшаевтың либреттосы бойынша қойылған «Қорқыт туралы аңыз» атты пластикалық спектакльдің премьерасы болады. Қоюшы-режиссері – белгілі ресейлік балетмейстер, өнертанушы Константин Семенов. Композиторы – дарынды жас композитор Хамит Шанғалиев. Көркемдік жетекшісі – Айнұр Көпбасарова.
Қорқыт ата – түркі халықтарының ортақ рухани абызы, ойшыл, жырау, қобызшы. Қорқыт ата өмірде ізі, артында әдеби-музыкалық мұрасы қалған тарихи тұлға. Қазақ философиясы тарихында Қорқыт ата – ел бірлігін нығайтқан кемеңгер қайраткер, түркі дүниетанымының негізін жасаған ғұлама ойшыл, әлемдік ақыл-ой мәдениетінде өзіндік орны бар философ-гуманист ретінде белгілі. Әрі күйшілік, жыршылық өнерлерінің рухани атасы.
«Қорқыт туралы аңыз» атты пластикалық спектакльде жер дүниені алай-дүлей дауылдатып, жауындатып, жай ойнатып, адамдарды үрейге орап дүниеге келген Қорқыт алып қарағаштан ойып қобыз жасайды. Әлемді қобыз үнімен әлдилеген бабамыз көрген түсінен шошып, өлімнен қашады. Жерұйық мекенді іздейді. «Қайда барса да, Қорқыттың көріне» кезігіп, ақыры туған жеріне – дүниенің кіндігі саналатын Сырдарияға оралады. Ұлы өнерін өлімге, жалпы, тіршілік дағдарыстарына қарсы қойып, ізгілік пен жасампаздық нұрын шашқан Қорқыт пен жер бетін үйлесімсіздік пен араздықтың алаңына айналдыруға тырысқан пері қызы Мартудың арасындағы мәңгілік айқас заманауи хореография тілімен әсерлі бейнеленеді. Рухани тамырларымыздың алтын өзектері қандай? Замана ағымындағы шынайы өнер миссиясының сыры неде болмақ? Спектакль осындай мағыналы сұрақтарға жауап іздеп, көрерменге ой салады.
«Қорқыт туралы аңыз» пластикалық спектаклін қоюға көптеген тәжірибелі мамандар атсалысты. Қойылымның сахна суретшісі – Татьяна Вьюшинская, жарық бойынша суретші – Татьяна Мишина. Ол Ресейдің «Золотая маска» ұлттық фестивалінің жеңімпазы, видеоконтент бойынша қоюшы суретші – Сергей Рылко, бірнеше ірі жобаларды сәтті шығарған. Костюмдер бойынша талантты суретші – Назым Жайлыбаева. Ол 2021 жылы «Жылдың үздік дизайнері» жүлдесін жеңіп алған дизайнер. Суретші, стилист – Назым Қарпықова, декоратор-суретші – Жанат Көкімбеков, балетмейстер – Дәулет Мұратпеков, грим бойынша суретші – Адэль Нұрқасымова.
Театр директоры әрі көркемдік жетекшісі Айнұр Көпбасарованың айтуынша, алдағы уақытта да пластикалық спектакльдер көрермен назарына ұсынылатын болады. Өйткені Түркістан музыкалық драма театрындағы балет труппасының шеберлігі мен мүмкіндігі үлкен дүниелерді қоюға қабілетті.
Б.БАЛЫҚБАЙ