Алаш арысы Айтқожаұлы

Алаш арысы Айтқожаұлы

Алаш арысы Айтқожаұлы
ашық дереккөзі
1847 жылғы Кенесары ханның азаттық со­ғысынан кейін (Көтеріліс емес – Е.Т.) ұлт­тық рухты жандандырып, халықтың сөніп бара жатқан үмітін қайта жағып, «Алаш!» деп аруақ шақырып, атқа қонып, жетпіс жылдан кейін (1917) Керей мен Жәнібек хан негізін салған Қазақ хандығының жалғасы саналатын жаңа си­­паттағы мемлекет құрған бостандық боз­дақ­тарының есімі еш уақытта ұмытыл­майды. Бостандық үшін күресіп, манифест жазып, халықты оятып, азат күнді жақындатқан аға­лардың қатары кейінгі жылдары күннен-күнге ұлғайып, «Алаш қозғалысының мүшелері» деген тізі­міміз толығып келеді. Оның себебі сол – «Халық жауы» деген жаламен атылып кеткен демократ көз­қарастағы оқығандардың есім-сойын атауға тыйым сал­ған идеологиялық қысым болғаны. Совет үкіметі де, социализм идеологиясы да келмеске кеткен. Ен­дігі міндет – идеологияның кесірінен ұлт тари­хынан сызылып қалған есімдерді жаңғырту. Сондай мұратпен Сабыр Айтқожаұлының (Айтқожин) да аты-жөнін еске алудың реті келген сыңайлы... Сабыр Айтқожаұлы – Көкшетау ай­ма­ғының қазағы. Сүйегі – арғынның аты­ғайы. 1895 жылғы 29 наурызда туған Са­быр – қазақтың алғашқы журна­лис­тері­нің бірі, Алаш идеясын зор махаббатпен на­сихаттаған аласапыран кезеңде Орын­бор­дан шығып, елімізді жаяу-жалпы кезіп, ха­лыққа бостандық таңы атқанын сүйін­ші­леген азамат. Ол Уфадағы «Ғалия» медресесін бі­­тір­ген. «Ғалия» медресесінде тү­рік­шіл­дік пен ұлтшылдық пікірі қалып­тас­қан. Шәкірттері озық ойлы, ілгері дамуды ой­лайтын жаңашыл болатын. Шәкірт Са­быр медреседе татар, башқұрт балаларымен жары­са білім алып, оқ бойы озық шыққан ал­дыңғы толқын ағалары Мағжан мен Бейім­бет, Мәннан (Тұрғанбайұлы) мен Біләл (Сүлейұлы) сынды үнемі алға қадам бас­қан өрен болыпты. «Ғалия» медресесінің та­рихын жүйелі зерттеген башқұрт ғалым­дарының еңбектерінде оның есімі айрықша ілтипатпен айтылады. Сабыр оқу бітірген соң Көкшетау уе­­зі­нің маңайындағы елді мекендер­де мұғалім болып қызмет жолын бастаған. Омбы, Орынбор, Томбы қалаларындағы ха­лыққа білім беру бөлімдерінде нұсқаушы да болған Сабыр Ахмет Байтұрсынұлы ұста­зының әдістемесін, жазу сырын тара­тып, сауат ашу ісіне белсене араласқан. 1920 жылы Мәскеуде өткен Бүкіл­ре­сей­лік ұлттық съезге қатысып, Со­вет­тік Қа­зақ­станның құрылу жұмысының басында бол­ған. Омбыдан шыққан «Кедей сөзі» га­зе­тінің алғашқы редакторларының бірі ре­тінде қолтаңбасын қалдырыпты. 1921-1922 жылдары Советтік үгіт-на­си­хат құрылымының Ақмола уездік ко­ми­тетінің ұйымдастыру бөлімінің мең­геру­шісі болса, 1922-1925 жылдары Қы­зыл­жар қа­лалық «Бостандық туы» газетінің редак­ция алқасын басқарған. 1925 жылы Алматыға шақырылып, Өлкелік комитеттің тапсыруымен «Тілші» (Қазіргі «Жетісу») газетін шығарып, редак­торы болған. Сонымен қатар Алматыдағы «Қосшы» одағының төрағасы болған Сабыр қала маңындағы ауыл-аймақ халқының сауатын ашып, оқуға жұмылдырған. Саясатқа белсене кіріскен Сабыр­дың келешек те оны не күтіп тұрға­ны белгісіз еді... Ленин өлгеннен кейін Ста­линнің әмірі күшейіп, барлық билік те­тігін қолына алған соң, советтік өмір құры­лысына араласып жүрген коммунис­терді тазалау науқаны басталды. «Тазалау» операциясына ең алдымен жәдитшілік бағы­тында білім алған, ұлтшыл пікірлі, түрік­шіл көзқарастағылар ілінді. Күдікке алынды. Әр қадамы бақыланып, ізіне шам алып түскендер көбейген сәт. Сабырдың ізін аңду жұмысы 1927 жылы басталған екен. Бірақ өзінің соңынан бақылаушы түс­кенін білмейтін де... 1927 жылы ол ҚазАКСР Кеңестерінің 4 съезіне делегат болып қатысқан. Қазақ Ор­талық Атқару Комитетінің мүшелігіне кан­дидат ретінде сайланған. Үкіметтің тап­сырмасын адал орындап, күш-қуатын са­ла жұмыс істеген Сабыр партия мекте­бінен дәріс алып, «үгітші» куәлігін де алады. 1931 жылы Қаз АКСР ХалКом Кеңесінің жауа­пы хатшысы, кейіннен іс басқарушысы қызметіне дейін көтеріледі. 1935 жылы Мирзоян (Қазіргі Тараз қа­ласы) қаласы оқу бөлімінің меңгерушісі қыз­метіне тағайындалады. Қазақстанда Со­веттік билік орнауының 15 жылдығы ме­рейтойы аясында бірқатар коммунистке ме­даль беріліп, еңбегі бағаланады. Өңіріне ме­да­ль таққанның бірі осы – Садыр Айт­қо­жаұлы. Совет үкіметін Қазақстанға бар жан-тәнімен орнатқан мемлекет және қо­ғам қайраткері, ақын-драматург Сәкен Сей­фуллиннің 1936 жылы әдебиеттегі қыз­метіне мерейлі 20 жыл толып, әдеби кеш өткізіп, халқына есеп берген-ді. Сол кеште Ка­лининнің бұйрығымен Сәкендей сыр­шыл ақынға «Еңбек Қызыл Ту» ордені та­быс­талады. Сосын, сосын... Сталиннің пар­тия қатарын тазалау операциясын шұ­ғыл аяқтау туралы бұйрығы шығады да, се­німсіз деп танылғандардың бәрі лек-ле­гімен қамауға алына бастайды. 1936 жылғы қара күзде Сабыр да тұзаққа түсіп, Тараздан Шымкентке айдалады. Сабырдың НКВД түр­месінде берген ісіне қарасақ, Сәкен Сей­фуллинмен байланысы бар деп қаралаған. Сонымен қатар, ақынның кешіне қатысып, Та­раз қаласы атынан сыйлық жасаған де­ген айып тағылған екен. Сабыр Айтқожаұлы – Алаш ардақ­ты­ларының тәрбие-тәлімін, өнегесін алған, Қызыл билік орнаған жылдары Сұл­танбек Қожанұлы, Смағұл Сәдуақасұлы, Нығ­мет Нұрмақұлы, Сәкен Сейфуллиндер сын­ды замандастарымен қатар коммунис­тік жолда жүріп, елін бақытты қыламыз деген оймен ғұмыр кешкен, кісі баласына жа­мандық жасамаған, тіпті тар қамауда отыр­ған сәтінде де бірде-бір әріптесіне я мұрат­тасына кесірін тигізбей, қайсарлық та­ныт­қан ер. Оның тергеушіге берген сұх­батында: «... Кінәм болса – айтар едім, Со­веттер одағына жамандық ойламадым, ашар­шылықтан аман қалған еліме қауіп төн­діруге бармас едім...» дегенін оқығаным­да, оның қандай азамат екенін ойладым. Бірақ Сталин жендеттері кімнің шынды­ғы­на иланып, кімге сенген еді?! 1938 жылдың 19 наурызында Шым­кент түрмесінде Сабыр Айтқожаұлы де­ген қазақтың бір баласы атылып кеткен бо­латын... Қырық төрт жасқа толуына неб­әрі он күн қалғанда зорлық өліммен өледі... Ол – Қызыл Үкіметке сеніп, сол жол­да еңбек ете жүріп, қапияда торға тү­сіп, алданып өлген ер екен! P.S. Іздеушісі де, ұрпағы да қалмаған Сабыр Айтқожаұлының мерзімді басылымдағы сөзін, мұрасын жинастыруды қолға алдық. Әзірге тапқанымыз – екі әңгіме, оннан астам мақала, бір өлең. Мұны Алаш әдебиетіне қосылған олжа деп санаймыз.

Елдос ТОҚТАРБАЙ