Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет бейінді заңнамаға өзгерістер енгізу жобасын ұсынды деп хабарлады turkystan.kz tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап. «Қазақстанның сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының тұжырымдамасы аясында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша заңнамалық актілерге және Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекске өзгерістер мен толықтырулар енгізу жоспарланған», – делінген хабарламада. Жоспарға сәйкес:
- адамдарды қосудың және одан шығарудың нақты тетіктерін айқындай отырып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл шаралары жүйесіне сыбайлас жемқорлардың жария тізілімін енгізу;
- мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік секторда мүдделер қақтығысын анықтауды және ретке келтіруді регламенттеу;
- пара беру туралы уәде/ұсыныс үшін қылмыстық жауапкершілік енгізу;
- сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша шаралар қабылдамағаны үшін жауапкершіліктің құқықтық тетіктерін жетілдіру;
- сыбайлас жемқорлық әкімшілік құқықбұзушылықтар үшін ескіру мерзімін ұлғайту;
- арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдары қызметкерлерінің әкімшілік сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылықтар үшін жауапкершілігін белгілеу;
- ӘҚБтК-нің кейбір баптарын әкімшілік сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылықтарға жатқызу;
- ӘҚБтК-ге Халықаралық коммерциялық мәмілелерді жүзеге асыру кезінде шетелдік лауазымды тұлғаларды параға сатып алуға қарсы күрес жөніндегі конвенцияға қосылу мақсатында түзетулер енгізу бастамалары қосылды.