Түркі мемлекеттерінің муфтилері Түркістанға жиналды

Түркі мемлекеттерінің муфтилері Түркістанға жиналды

Түркі мемлекеттерінің муфтилері Түркістанға жиналды
ашық дереккөзі
Түркістан қаласында ҚМДБ-ның ұйымдастыруымен «Ислам өркениетінің дамуына түркі халықтарының қосқан үлесі» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті деп хабарлады turkystan.kz. Түркістан Президент Қасым-Жомарт Тоқаев аталмыш конференцияға құттықтау хатын жолдады. Құттықтау хатын Ақпарат және қоғамдық даму министрі Асқар Омаров оқып берді.
«Бауырлас Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан және Түркия елдерінің Бас мүфтилеріне және құрметті қонақтарға зор ризашылығымды білдіремін. Ата дініміз Ислам мейірімділік, имандылық, қанағатшылдық сияқты асыл қасиеттерді дәріптейді. Сондай-ақ, бейбітшілікті, тұрақтылық пен береке-бірлікті нығайтуға шақырады. Осы орайда, алқалы жиынға қатысып отырған дін қайраткерлері жаһан жұртын ізгілік жолына жұмылдыруға сүбелі үлес қосады деп сенемін. Бүгінгі басқосу түбі бір, тарихы ортақ елдеріміздің рухани-ағартушылық бағыттағы жұмыстарына тың серпін беріп, игі бастамаларымыздың баянды болуына ықпал ететіні сөзсіз. Баршаңызға зор денсаулық, конференция жұмысына толайым табыс тілеймін!» - делінген Президенттің құттықтау хатында.
Келелі басқосуда сөз алған Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев маңызды жиынның Түркістанның ашылмаған тарихи құпиялары мен терең тарихын кеңінен тануға, Ислам өркениетінің жандануына мүмкіндік беретінін жеткізді.
«Бүгінгідей алмағайып кезеңдерде діни алауыздықтың орын алуына жол бермей, Ислам тарихының зерделенуіне еңбек етіп жүрген Сіздерге деген құрметіміз ерекше. Түркістан – қазақ жұртына ғана емес, күллі Түркі елдеріне ортақ қасиетті ұғым, рухани орталық. Демек, оның тарихы да, рухани дамуы да бауырлас елдерді ортақ мақсатқа жұмылдыратын бағдар болуы тиіс», –  деді Өмірзақ Шөкеев.
Айта кетсек, конференцияны өткізудегі мақсат – түркітілдес елдердің ортақ мұраларын дәріптеу, Ахмет Ясауи бабамыздың, сонымен қатар түркі дүниесіне ортақ Қорқыт ата, Ясауи, Мәуләна, Нәуәуи, Манас мұраларын насихаттау, Матуриди сенім мектебі мен Әбу Ханифа мәзһабын халыққа жеткізу. Сондай-ақ діни оқу-ағарту саласы бойынша бірлескен жобаларды жүзеге асыру, жаһандық сын-қатерге жауап беруде мұсылман үмбетінің өзара ынтымағын арттыру, діни мерекелерді бір күнде атап өту, ортақ пәтуалар қабылдау, деструктивті діни ағымдардың теріс үгіт-насихат жұмыстарына жол бермеу де көзделген. Сондай-ақ, дін қайраткерлері Қожа Ахмет Ясауи қабірін зиярат етіп, баба рухына қасиетті Құран аяттарын бағыштады. Дін ғұламалары мен қарилар Түркістандағы оң өзгерістерді жоғары бағалап, елге амандық, тыныштық, бақ-береке тіледі. мүфти