Ыбырайым мерген

Ыбырайым мерген

Ыбырайым мерген
ашық дереккөзі
Екінші дұниежүзілік соғысқа қа­ты­сып, өшпес ерлік жасаса да, Кеңес Одағының Батыры атағы берілмей қал­ған қаһармандардың саны көп. Солардың бірі – сұрапыл жылдар кезінде атағы жайыл­ған даңқты мерген – Ыбырайым Сүлей­менов. Ол 1911 жылы Жамбыл облысы Сарысу ауы­лын­­да өмірге келген. 1941 жылдың 22 жел­тоқ­са­нын­да Қызыл армия қатарына шақырылып, Алма­ты қаласындағы нөмірі 100-атқыштар қазақ бри­гадасында борышын өтеді. Сарбаз Сүлейменов дәл сол жерде өзінің қысқа болса да, өмірлік нұсқа бо­ларлық әскери мансап жолын бастады. Жалпы, мергендікке біреулер ар­найы мектеп бі­тіріп ке­ле­ді, ал біреулерді сол кездегі жағдай мен өмір­дің ағысы соған қарай алып ке­леді. Ыбы­райым­­да да дәл солай бол­ды. Ауылда бос уақыты бо­ла қалса ес­кі мылтығымен аңға шығып жүр­ген жі­гіт атқан оғы қиыс кетпейтін қы­­рағы сұр­мер­ген­ге айналып шыға ке­леді. 1942 жылдың күзінде 100-ат­қыш­­тар бригадасы Ржев майданына кіріс­кен кезде ол батальон командирі Уша­ковты ұрыс алаңында алып жү­ре­ді. Алаңда жүріп келе жатқан офи­­цер­дің дәл табан астындағы қарды ке­неттен оқ тесіп өтеді. Ушаковтың ар­тында келе жатқан Ыбы­райым сол ме­зетте дереу оны өз денесімен қал­­қа­лап, бұрып әкетеді де: – Сізді жау спайпері аңдып тұр. Сіз қорғана тұрыңыз, ал мен қазір оны тауып көрейін, – деп тасаға ты­ғы­лып, барлауға кіріседі. Нысананы дәл көздеген ол бір-ақ мезетте фа­шист снайперін қағып түсіреді. Осы оқи­ғадан кейін оған батальон ко­мис­сары Райымжан Әшкеев нағыз снай­перлерге арналған 47 нөмірлі вин­тов­каны сыйға тартады. Әскери сый­ды табыстау үстінде капитан Әш­кеев: – Винтовкаңның нөмірі 47 екен. Ен­деше мен саған 47 фашистің көзін жою­ды тапсырамын, – дейді. Тә­жіри­белі әрі байыпты командирінің қолын алып тұрған Ыбырайым: – Небәрі 47? Мен одан да көбіне ша­мам жетеді, жолдас капитан, – дей­ді рухтанып. Берген сертіне берік азамат сө­зінде тұрып, көп ұзамай сол қан­дыауыз винтовкасымен қаптаған қалың жауды баудай түсіре бастайды. Ыбырайым Ржев түбіндегі шай­қаста-ақ жау шебіндегі 39 қар­­­сыластың көзін жояды. Осы ер­лігі үшін 1943 жылдың 27 қаңта­рын­­дағы бұй­рық бойынша ең алғаш­қы «Ерлігі үшін» медалімен марапатталады. Қа­зақ сұрмергенінің таңғажайып ерлік­тері бұнымен тоқтамайды. Мойнына ар­тылған міндетті абыроймен ат­қару­ды мақсат етіп алған ол Калинин, Ве­ликие Луки қалаларын жау сар­ба­зы мен офицерінен азат етеді. Бұл ер­лігі үшін жаңа марапатқа ұсы­ны­лып, 100-атқыштар бригадасынан «Қы­зыл жұлдыз» орденін иеленеді. 1943 жылдың жазындағы әскери слет­те сөз алған мерген Сүлейменов «Ме­ні неге снайпер болды деп ой­лай­сыздар? Өйткені мен ұрыс алаңында жа­зықсыздан жазықсыз қаза тапқан көптеген адам мен бейкүнә балалар­ды көрдім. Ал тірі қалған тұрғындар ма­ған фашистердің оларды қалай азап­тап, қорлағанын айтып беретін. Әр­бір қазалы үйден, жаралы жан­дардың көзінен қайғы мен мұң көр­ген сайын бір орнымда байыз таппай кете­тінмін. Сол кезде мен Отанымды оқ күшімен қорғаймын деп шештім. Мен – қазақпын. Менің Қазақстаным Мәс­кеуден алыста. Бірақ мен фашис­тер­дің көзін қазір жоймасам, олар Ота­ныма да жетеді. Ал мен олардың туған жерімді аяғымен тапт­а­ға­нын қаламаймын. Оған жол да бер­меймін!» деген болатын. Сұр­мер­ген Сүлейменов сөзінде тұрып, май­дан алаңында өз міндетін межеден асы­ра орындап берді. Ол туралы га­зет­­­терде жазылды, оның ерліктері ақын Жамбыл Жабаев жырларының ар­қауына айналды. Батырлығы бір кітапқа жүк бо­­­­латын мергеннің түп атасы да тегін емес. Ол – Әз-Тәуке ханның бас батырларының бірі – атақты Най­­мантай батырдың және Қабан­бай, Бөгенбай, Наурызбай батыр­лар­мен қатар жауға найза сілтеген ер Бай­ғозының тікелей ұрпағы. Әкесі Сү­леймен мен анасы Тынышбаладан 7 ұл, 1 қыз тараған. Үйдің үлкені Сүйін­дік ертерек еңбекке араласып, ал­ғашқылардың бірі болып, ол кезде қа­зақ үшін таңсық кәсіп – трактор­шы­лықты меңгеріпті. Ал одан кейінгі үш ұл Смайыл, Мәдібай, Ыбырайым со­­ғысқа аттанып, сонда ерлікпен қа­за тапқан. Ал одан кейінгі мер­ген­нің екі бауыры Қуандық пен Қас­пақ­тың толық өмірбаяны беймәлім. Ыбы­райымның жалғыз қарындасы Аман­күл бақилық болғанша ағасы­ның аманаты мен деректерін жинау­мен айналысыпты. Қазір осы әулет­тен тараған жүзге жуық немере-шө­бе­ре Жамбыл облысында тұрады екен. Батырдың өзі соғысқа дейін Ба­зарбике есімді арумен отау құ­рып, ағасы Сүйіндіктің ықпалымен Жам­был аудандық МТС-ына трак­тор­шы болып орналасады. Ор­да бұзар отыз жасында сол ұжым­нан майданға аттанады. Болашақ сұр­мергеннің соғысқа кетер алдын­дағы оқиғаны 1943 жылғы «Правда» газетінің №128 санында «Майданға ба­ра жатқан Ыбырайым Сүлейменов өз тракторын ағасына табыстап тұ­рып, әулет пен ел намысын енді екі жа­қ­та жүріп қорғауға серттескен еді» деп суреттеліпті. Дәл сол мақалада бауыр­лардың батырлығы баяндала ке­ліп «Ағайынды Сүлейменовтер жал­пыға үлгі болар жол көрсетті: Сүйін­дік бригадасымен тапсырманы 180-200 пайыздан асыра орындап, кол­хоз атырабында тыл үшін трак­торы­мен күрессе, Ыбырайым 239 гит­лер басқыншыларының көзін жойып, майдан алаңын мылтығымен азат етті» деп жазылған. Сол кезеңдерде снайпер Сү­лей­меновтің даңқы дүркіреп жайы­ла бастайды. Өйткені ол жай мер­ген емес, өз алдына бөлек, жеке-да­ра жоспармен әрекет жасайтын «ба­қылаушы мерген» болған. Не­міс­тер оны сыртынан «дала мергені», «жа­налғыш азиат» деп атап, қатты сес­кенген. Тіпті, Сүлейменовті атып тү­­­сірген неміс снайперіне мол сыйа­қы мен марапат та тағайындаған. Невель бағытында болған шай­қас батырға асқақ атақ пен ауыр қазаны да қатар алып келді. Аңыз­ға айналған ақырғы шабуыл ке­зін­де ол қазақтың ержүрек қызы Мән­шүк Мәметовамен бірге ұрыс алаңында атой салады. Жотаның сол қап­талындағы окопқа Мәншүк, снай­пер­лік атуға арналып қазылған үш окоп­қа Ыбырайым жайғасады. Жаң­быр­ша жауған жау оғына кезектесе той­тарыс берген қос батыр ақырғы демі біткенше күреседі. Өршеленіп қар­сы ұмтылған немістерді баудай тү­сір­ген Мәншүк пулеметінің дауысы өш­кенде, бойын ашу мен кек кер­не­ген Ыбырайым бар күшін жинап, соң­­ғы патроны қалғанша жаумен арыс­танша арпалысады. Өкінішке қа­рай, осы шайқаста батырлар ерлік­пен қаза табады. Бұл от пен оқтың ортасында бол­ған ұлы оқиға үшін бри­га­да қос қаһарманға да Кеңес Ода­ғы­ның Батыры атағы берілуін сұрап, Мәс­кеуге хат жібереді. Бірақ КСРО Жо­ғарғы Кеңесі Мәншүк Мәметованы ма­құлдайды да, мерген Сүлейменовке «Ле­нин» орденін тағайындайды. Елі үшін құрбан болған батыр­дың өз дәрежесінде баға­лануын күтіп отырмауға бекінген Жам­был облыстық атқару комитеті 1944 жылғы 21 қаңтардағы қаулы­сы­мен Жамбыл қаласындағы орталық кө­шелердің біріне, Жамбыл ауданын­да­ғы ұжымшар мен ауылдық кеңеске Ыбырайым Сүлейменов есімін беріп, мер­геннің ата-анасына арнап ұлы­ның атындағы көшеден жаңа үй тұр­ғызып береді. Ал бұл қаһарман үшін көрсетілген құрметтің биігі еді. Сұра­пыл жылдардағы ерлігі тарих қой­науында қалған қазақ сұрмер­гені­нің есімін ұмытпай, жыл сайын жаң­ғыртып отыру – бізге, болашақ ұр­пақ­қа парыз.

Әсем БЕКТЕМІРҚЫЗЫ