50347
Қайым Мұхамедхановқа арналған «Рухы мықты Ер қазақ» іс-шарасы
Қайым Мұхамедхановқа арналған «Рухы мықты Ер қазақ» іс-шарасы
6 мамырда Нұр-Сұлтан қаласы Қайым Мұхамедханов атындағы №90 гимназияда «Рухы мықты Ер қазақ» атты іс-шара өтеді. Шара Қазақ ССР Гимні авторы, алаштану, абайтану, шәкәрімтану ғылымдарының негізін қалаған көрнекті ғалым, ақын, жазушы, драматург, аудармашы, ұстаз, қоғам қайраткері Қайым Мұхамедханұлын еске алуға арналған.
«Рухы мықты Ер қазақ» ортақ атауымен ұйымдастырылып отырған іс-шара толық күнге жоспарланып, әр сағатында дербес шаралар жоспарланған.
Бұл шаралар тұтасымен Қайым тұлғасын таныстыру, насихаттауға бағытталған. Қайым Мұхамедханұлының өмір жолы негізінде жас ұрпақ санасында отаншылдық сезімін ұялатып, елшілдік идеяны сіңіруді көздейді. Бұған қоса «Ұлттық мектеп – ұлт болашағы» ғылыми-практикалық семинары қазіргі таңда аса өзекті болып тұрған «ұлттық мектеп қандай үлгіде болуы керек» деген мәселені қозғайды. Осы тақырыпта ғылыми ізденісте жүрген белгілі ғалымдар мен зерттеушілер арнайы баяндама жасап, тәжірибелі де білікті мамандар тұжырым ұсынады. ҚР парламентінің депутаттары мен министрліктен жауапты басшылардың қатысуы семинардың нәтижелілігін арттыратыны сөзсіз.
Шараға ҚР Мәжіліс депутаттары Нұртөре Жүсіп, Қазыбек Иса, Жанарбек Әшімжан, Ерлан Сайыров, Мақпал Мыса шақырылып отыр. Одан бөлек білім саласына жауапты басшылардан ҚР Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Таңатқызы, ҚР БжҒМ Мектепке дейінгі және орта білім комитеті төрағасының орынбасары Сафура Сейдуәліқызы және Нұр-Сұлтан қаласы Білім басқармасының басшылары, астанадағы орта оқу орындарының директорларының қатысатыны жоспарланған. Сондай-ақ турнирдің ашылуына «Қазақ күресі» ассоцациясының бас директоры Ербол Мырзабосынов, ұлттық құраманың бас бапкері Ерлан Жұмабекұлы арнайы келмек. Зиялы қауым өкілдері мен қоғам қайраткерлері, Қайым Мұхамедханұлының ұрпақтары мен шәкірттері, тағы басқа ұлт руханиятының тілеулестері аталған шараның құрметті қонақтары.
Қайым Мұхамедханов (5 қаңтар 1916 ж. – 30 маусым 2004 ж.) – ғалым, Мемлекеттік сыйлықтың иегері (1996), Қазақ ССР Гимнінің авторы (1945), Абайдың мемлекеттік музейін ұйымдастырушы (1940), Абайдың ақындық мектебі мен Қазақстандағы текстология ғылымы, шәкәрімтану, әуезовтану және алаштану ғылымдарының негізін қалаған көрнекті ғалым, ақын, жазушы, драматург, аудармашы, ұстаз, қоғам қайраткері.
1940 жылдан бастап КСРО Жазушылар одағының мүшесі. КСРО және Қазақ ССР Халық ағарту ісінің үздігі, Шығыс Қазақстан облысының Семей, Аягөз қалалары, Жаңасемей және Абай аудандарының Құрметті азаматы.
Көптеген мәртебелі атақтар мен марапаттар иегері:
Халықаралық Абай академиясының (Лондон) Алтын медалінің иегері (1995 ж.), Қазақстан Жазушылар одағының Халықаралық Абай сыйлығының бірінші лауреаты (1996 ж.), Қазақстан Жазушылар одағының Халықаралық «Алаш» сыйлығының бірінші лауреаты (1996 ж.), Қазақстан Журналистер Одағының лауреаты, профессор, 1000-нан аса ғылыми еңбектің авторы.
Іс-шара бағдарламасы:
- «Қайым және ұлттық болмыс» атты жалпылық сынып сағаты (9:50-10:35) ;
- Орта оқу орындарындағы білім беру мәселелері мен ұлттық мектеп моделі талқыланатын «Ұлттық мектеп – ұлт болашағы» ғылыми-тәжірибелік семинар (10:30-12:50);
- Ғалым, ұстаз Қайым Мұхамедханұлының құрметіне арналған қазақ күресінен кіші жасөспірімдер арасындағы «Алтын Белбеу» республикалық турнирі (9:00-18:00);
- «Ұрпақтар сабақтастығы» жобасының таныстырылымы (14:00-15:00);
- «Қайым мұражайының» ашылуы (15:00-16:00);
- Қайым Мұхамедханұлын еске алуға арналған «Рухы мықты Ер Қазақ» концерті (16:00-17:30);
- «Ұлылар есімі ұрпақ жадында» атты Алаш арыстарының атындағы аллеяның ашылуы (17:30-18:00);
- Қайым рухына арналған ас (18:00-19:00).