Мектеп асханалары мен дәретханаларына мониторинг жүргізу акциясы басталды

Мектеп асханалары мен дәретханаларына мониторинг жүргізу акциясы басталды

Мектеп асханалары мен дәретханаларына мониторинг жүргізу акциясы басталды
ашық дереккөзі
БҒМ Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің бастамасымен мектеп дәретханалары мен асханаларына мониторинг жүргізу бойынша «Балаға лайық» республикалық акциясы басталды деп жазды turkystan.kz. «Мектепті жақсартуға көмектес!» ұранымен өткізілетін аталмыш акция оқушыларды сапалы теңдестірілген тамақпен, қолжетімді әрі жылы, таза және қауіпсіз дәретханалармен қамтамасыз етуге бағытталған. Акцияға мектеп оқушылары, еріктілер, балалар өкілдігі, мұғалімдер, ата-аналар, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері және т.б. қатыса алады.
«Бұған дейін министрлік бірқатар облыстардың әкімдіктеріне мектеп дәретханалары мен мектеп ас мәзірінің жағдайын жақсарту шараларын қабылдау қажеттігі туралы хаттар жолдаған болатын. Біз бұл мәселені бақылауда ұстап отырмыз және акцияны өткізу балалардың мектептегі жағдайлары тиісті деңгейде жасалмаған білім беру ұйымдарын анықтауға көмектеседі. Мониторинг біреуді жазалау үшін емес, балаларға қажетті жағдай жасауға мектептерді тарту үшін жүргізіледі. Мектеп әкімшілігіне олқылықтарды жоюға уақыт беріледі. Сонымен қатар, мектеп асханалары мен дәретханаларындағы санитарлық талаптардың бұзылғаны туралы хабарлағандардың аты-жөнін жасыруға кепілдік беріледі», – деп атап өтті Балалардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Элина Паули.
Науқанның шарттары бойынша, бірінші кезең «Check your school»  («Мектебіңді тексер») деп аталады. Қатысуға ниет білдіргендер фотолар мен бейнежазбаларды WhatsApp пен Telegram-ға 87006990446 нөміріне, сондай-ақ, Telegram ботына https://t.me/Balagakz_bot сілтемесі арқылы жібере алады. Қалағандар #BalagaLayik #balagalaiyq хэштегі арқылы Instagram және Tiktok әлеуметтік желілері арқылы дәретханалар мен асханалардың фотолары мен видеоларын жібере алады. Жіберілген материалдарды арнайы жұмыс тобы қарап, аудандық білім беру басқармаларына олқылықтарды түзету үшін жібереді. Жұмыс нәтижесі әлеуметтік желіде жарияланатын болады.