Bek Air ұшағының апатына қатысты тергеу аяқталды

Bek Air ұшағының апатына қатысты тергеу аяқталды

Bek Air ұшағының апатына қатысты тергеу аяқталды
ашық дереккөзі
2019 жылғы 27 желтоқсанда Алматы қаласы әуе айлағының аумағында Bek Air әуе компаниясының Fokker-100 әуе кемесінің апатына қатысты тексеру жұмыстары аяқталды деп жазды turkystan.kz. Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді. «ҚР әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы» 2020 жылғы 15 шілдедегі №339-IV Заңға сәйкес, ұшақ апатын азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган құрған комиссия тексерді. Халықаралық заңнамаға және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес комиссия жұмысына Нидерланд Корольдігінің қауіпсіздік жөніндегі бюросының өкілдері (авиациялық оқиғаларды тексеру жөніндегі мемлекеттік орган) және олардың кеңесшілері – нидерландтық Fokker Services B. V. компаниясының мамандары (Fokker үлгісіндегі әуе кемесі сертификатының иесі), сондай-ақ Мемлекетаралық авиация комитетінің тексерушілері қатысты. Халықаралық азаматтық авиация ұйымы кеңесінің (ICAO) Чикаго конвенциясының 13-қосымшасына және еліміздің заңнамасына сәйкес тексеру нәтижелері бойынша қорытынды есеп Нидерланд Корольдігінің қауіпсіздік жөніндегі бюросымен, Мемлекетаралық авиация комитетімен келісілді. «Бек Эйр» АҚ әуе кемесімен болған авиациялық оқиға ұшақ әуеге көтерілген кезде қанатының күш түсетін қасиеттерінің симметриясын жоғалтуы нәтижесінде орын алғаны анықталды. Соның салдарынан ұшақ ұшу-қону жолағынан көтерілгеннен кейін фюзеляжға құлап, қар басқан топырақтың бетімен оңға қарай ауып кеткен, одан кейін әуежайдың периметр бойынша қоршауын бұзып, аталған қоршаудан 9-10 метр қашықтықта орналасқан екі қабатты жекеменшіктегі құрылыс нысанына соғылған. Комиссия қорытындысына сәйкес, ұшақ қанатының күш түсетін қасиеттерін жоғалтуының себебі жер үстіндегі мұзданудың әсері болуы ықтимал», – делінген баспасөз хабарламасында. Қорытынды есептің толық нұсқасы ИИДМ сайтында жарияланған. Естеріңізге сала кетсек, 2019 жылдың 27 желтоқсанында Алматыдан Нұр-Сұлтанға ұшып шыққан Bek Air әуе компаниясының ұшағы апатқа ұшырады.  Қайғылы оқиға салдарынан 12 адам қаза тапты.