50430
Жұмысқа орналасуға қолғабыс ететін цифрлық қызмет іске қосылды
Жұмысқа орналасуға қолғабыс ететін цифрлық қызмет іске қосылды
Smart.enu.kz веб-сайтында және мобильді қосымшада университет түлектеріне онлайн тәртіпте жұмыс іздеу мүмкіндігі пайда болды.
Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Бос орындар жәрмеңкесі-2022» өтті. Жәрмеңкенің мақсаты – ЕҰУ түлектерін жұмысқа орналастыруға жәрдемдесу, жұмыс берушілерді кадр даярлау ерекшеліктерімен таныстыру, жұмыс берушілер базасын кеңейту. Пандемияға байланысты соңғы екі жылда ЕҰУ Бос орындар жәрмеңкесі онлайн-форматта өткізілді. Биыл ол дәстүрлі форматта өтіп, жәрмеңкеге 100-ге жуық компания қатысты. ЖОО түлектері үшін «Бос орындар жәрмеңкесі» – бұл пайдалы таныстар табуға немесе өзі үшін маңызды ақпарат алуға, компаниялар, ұйымдар мен мекеме өкілдерімен бетпе-бет сөйлесуге жақсы мүмкіндік.
Жәрмеңкенің ашылуында ЕҰУ-дың оқу ісі жөніндегі проректоры Еркін Оңғарбаев хабарлағандай, биыл сәуір айында ЕҰУ алғаш рет жұмыс берушілер мен университет білім алушыларын тіркеу үшін электрондық платформаны іске қосты. Онда компаниялар бос жұмыс орындарын ұсынады, ал студенттер өз түйіндемелерін орналастырады. Бүгінгі таңда 60 - тан астам компания тіркеліп, 1300-ге жуық бос жұмыс орны және 413-і тәжірибеден өту үшін қосымша орындар ұсынылған.
«Біздің университет түлектерді жұмысқа орналастыру бойынша көш бастап тұр. Жұмыс беруші-серіктестерімізбен тығыз ынтымақтастық орнатып, еліміз үшін сапалы кадрлар даярлаймыз. Биыл түлектер саны 5262 құрады, оның ішінде бакалавриат бойынша - 3735, магистратура бойынша - 1147, докторантура бойынша – 380», – деп атап өтті ЕҰУ проректоры Еркін Оңғарбаев.
Жұмыс берушілерге Smart.enu.kz сайтында және осы аттас мобильді қосымшада тіркелуге болатын QR коды бар брошюралар таратылды. Бұл электронды платформа Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-дың жеке өнімі болып табылады және университеттің бизнес-процестерін цифрландыру мақсатында жасалған.