«Алтын Орданың» кәсіпкерлері шу шығарды

«Алтын Орданың» кәсіпкерлері шу шығарды

«Алтын Орданың» кәсіпкерлері шу шығарды
ашық дереккөзі
Алматыдағы атышулы «Алтын Орда» базарының кәсіпкерлері әкімшілікке наразылықтарын білдіріп, басшылық ғимаратының алдына жиналды деп жазды turkystan.kz КТК телеарнасына сілтеме жасап. Телеарнаның мәліметінше, наурыз айында салынып бітуі керек болған сауда орталығына 800-дей саудагер әлі күнге дейін орналаса алмай жүр. Бұның себебін олар басшылықтан көреді.
«2020 жылдан бастап осы таза базарға ақша жинадық. 2,3 миллионнан құйып бастадық. Өзім төрт бутик алып, 20 миллион теңге құйып тұрмын. Енді қай жаққа барарымды білмеймін. Екі ортада біз күйіп кетейін деп тұрмыз», – дейді саудагер Зоя Әлімбетова.
Наразылық білдірушілердің бірі Гүлнар Итиярова екі бутик сатып алып, бірақ ақшасын берген кезде құжат рәсімдемегенін айтып отыр.
«Енді біздің талабымыз - жаңа бастық болсын, ескі бастық болсын, біздің төлеген ақшамызға бутигімізді салып берсін. Толықтай жасап берсін», – дейді кәсіпкер.
Осыдан екі жыл бұрын іргетасы қаланған бұл ғимарат кәсіпкерлердің жинаған қаржысына салынған. 30 мың шаршы метрлік сауда орталығының құрылысы әлі жүріп жатыр. Саудагерлердің айтуынша, келісім бойынша олар наурыз айында орналасуы керек болған. Алайда осы уақытқа дейін ғимарат ішіне кіре алмай отыр. Жұмысқа жақында кірістік деген «Алтын Орданың» бас әкімшісі мәселенің шешілмеуін алдыңғы басшының құжаттарды тапсырмағанынан көреді. Десе де сауда орталығын 1 айдың ішінде бітіріп, толықтай кәсіпкерлерді орналастырамыз деп уәде берді.
«Келісімшарттары, бәрі қолында. Менде кабинетте қазір мынадай бума арыз жатыр. Ішінде келісімшартымен тіркелген. Мен бәріне бірауыздан айтып отырмын. Ғимарат біткен кезде барлықтарың келіп, өз орындарыңды аласың да, оның ашылуын тойлаймыз. Жұмыстарыңды бастайсыңдар. Бас директор маған бюджеттің ақшасымен 1 айдың ішінде бітіруге тапсырма берген.  Мен тапсырманы уақытында орындаймын», – деді базар әкімшісі Ермек Марқабаев.
Қазір бұл ғимаратта тек 200-ден астам сауда нүктесі ғана бар. Бас әкімші қалған кәсіпкерлерді алдағы уақытта салынатын жаңа нысанға орналастырмақ. Алайда осы уақытқа дейін сылдыр сөзге сеніп келген саудагерлердің бұл жолғы уәдеге сенгісі жоқ.