Бірегей жобалар мен шексіз мүмкіндіктер алаңы

Бірегей жобалар мен шексіз мүмкіндіктер алаңы

Бірегей жобалар мен шексіз мүмкіндіктер алаңы
ашық дереккөзі
Университет тек қана білім беретін орын деп ойлауыңыз мүмкін. Дегенмен бұл көзқарасты Түркістан қаласында орналасқан Ахмет Ясауи атындағы қазақ-түрік университеті жоққа шығарады. Білім ордасының 30 жылдық мерейтойы қарсаңында қолға алынған «30 жоба» идеясы студенттерге сапалы білім беріп қана қоймай, ғылыми зерттеу жұмыстарын жоғары дәрежеде жүргізуді көздейді. Сонымен қатар бұл жоба арқылы күллі Түркі дүниесін біріктірумен қатар ел азаматтарына әлеуметтік көмек көрсету көзделіп отыр. Жоба барысы жайлы толығымен баяндайтын болсақ, ең бірінші кезекте «Ана жұрттан ата жұртқа денсаулық көпірі» бағдарламасы арқылы Түркиядан  ЛОР және көз ауруларына ота жасайтын дәрігерлер келіп, бірнеше науқасқа ота жасалды. Сонымен қатар жұмыссыз жүрген жастар мәселесі төңірегінде бірқатар шешімдер қабылданды. Оларға арналып «Бариста курстары», «Кәсіпкерлік курстары: Әйелдер мен жастарды жұмыспен қамту», «Дәнекерлеу оқу зертханасы», «Қоғамдық тамақтану курстары» ашылды. Осы курстарды оқу нәтижесінде олар сұранысқа ие мамандықтарды игеріп, белгілі бір ұжымда қызмет етуге немесе жеке кәсіпкерлікпен айналысуға мүмкіндік алды. Жобалардың бір парасы білім саласына арналды. «Ана жұрттан ата жұртқа білім көпірі: 100 оқулық» жобасы арқылы Түркия жетекші университеттерінде қолданылатын таңдаулы оқулықтар, оның ішінде  «Адам ресурстарын басқару», «Мемлекеттік басқару», «Визуалдық веб дизайн», «Зерттеу жұмыстары» және тағы басқа еңбектер қазақ тіліне аударылатын болады. Бұдан бөлек «Инклюзивті білім беру» және «Ясауи көктемгі мектебі» жобалары арқылы педагог мамандардың біліктілігін арттыру, ерекше балалармен жұмыс жасау, мектептегі буллинг, эмоционалды интеллект, жалпы тәрбие жұмыстары мәселелері қарастырылды. Осы төңіректе болашақ балалық шақтан бастау алатыны ескеріліп «Балалар әдебиеті фестивалі» жобасы да іске асырылды. Сонымен қатар  «Лингвистикалық орталық», «Ахмет Ясауи тіл  мектебі: шетелдіктерге қазақ тілі курсы» жобалары арқылы тіл мәселесін де алдынғы орынға қойып отыр. Бұл  ана тілімізді меңгергісі келетін әрбір азамат үшін тапсырмас мүмкіндік. Білім алушылар үшін жасалған мүмкіндіктердің өзі бір төбе. «300 студентке шетелдік жазғы мектеп» және «Туризм мамандығының студенттеріне Түркияда үш айлық тағылымдама» бағдарламалары арқылы жастар Түркияның атақты оқу орындарымен тәжірибе алмасу мәртебесіне ие болады. Сапар барысындағы шығындардың толығымен өтелетіндігі де сөз болды және  «Қос дипломдық білім беру» бағдарламасы да қолға алынып жатқандығы ескерілді. Арнайы тапсырыспен жасалып жатқан бұл жұмыстар еліміздің ғылыми әлеуетіне өз үлесін қосады деп сенеміз. Университет Жобаның келесі бөлімі цифрлы ақпарат пен жаңа технологияларға негізделеді. Осы мақсатта «Роботтық техникаларды кодтау шеберлігі», «Электр жүйелерін цифрлық модельдеу оқу зертханасы», «3д модельдеу», «Huavei it», «Цифрлық педагогика оқу зертханасы» және  «Fablav оқу зертханасы» жобалары іске асырылды. Бұл тікелей университет игілігі үшін ғана емес, сонымен қатар жалпы қоғамға пайдалы әрі азаматтарымыздың біліктілігін арттыру мақсатында жасалған жұмыстың тек бастамасы деп білеміз. Тек цифрлық жаңа технологияларды дамытып қана қоймай, әуе жолдарын  бағындыруды көздеген бірегей жоба қолға алынып отыр. Бұл Түркия мемлекетінің жетекші оқу орындарымен  бірігіп атқарылатын «Азаматтық әуе тасымалында жер қызметтерін көрсету курсы» жобасы. Бірегей жоба деп атап өткен себебіміз, бұл бағыттағы курс  Орта Азияда алғаш қолға алынып отыр. Ахмет Ясауи атындағы қазақ-түрік университетінің ең басты мақсаты – түркі мәдениетін насихаттау, түрік халықтары арасындағы бірлікті одан әрі нығайту. Осы мақсатта «Теология факультеті мен Туркология ғимараты» жобасы, түркі тарихын одан әрі зерттеу мақсатында ұйымдастырылып отырған Орта Азияда әлі күнге дейін қолға алынбаған жоба «Түркі халықтарының зияткерлік ойындар орталығы», көненің көзіне айналған шаһарда өтіп жатқан «Сығанақ қалашығындағы археологиялық зерттеулер», «Түркі әлемі интеграциясындағы Түркістан концепциясы», Түркістанның материалдық емес мәдени мұрасын зерттеу» жобалары – түркі дүниесі жайлы жаңа көзқарастар қалыптастырары сөзсіз. Соңғы қолға алынған бағдарламалар «Түркістан қызғалдақтары» және «Ботаникалық бақ реконструкциясы» арқылы отанымызды қайтадан қызғалдықтар мекеніне айналдыруды және табиғаттың берген сыйын осы жобалар арқылы қорғау мен қолдауды көздейді. Мағжан атамыз жырлап кеткендей, Түркістан қайтадан екі дүние есігіне, ер түріктің бесігіне айналған жайы бар. Университет өкілдерінің тек студенттер мен оқытушылар мүддесі үшін жұмыс жасап қана қоймай, әлеуметтік институт ретінде қоғамға, жалпы адамзатқа пайдалы болуды көздеуі баршамызды қуантады.  Бұл осындай ерекше бағыт ұстанған Қазақстандағы бірден бір оқу орны деп айта аламыз. Ақерке Жанмұрат, Ахмет Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университетінің 4 курс студенті