«Әрбiр ауылға барып, талдау жүргiздiк» - Мәжіліс депутаты

«Әрбiр ауылға барып, талдау жүргiздiк» - Мәжіліс депутаты

«Әрбiр ауылға барып, талдау жүргiздiк» - Мәжіліс депутаты
ашық дереккөзі
Өңірлердегі көшпелі жұмыс аясында AMANAT партиясы фракциясының мүшелері 766 елді мекенде болып, 1200-ден астам кездесу өткізді. Бұл туралы «AMANAT» партиясының жаңа баспасөз орталығында өткен баспасөз мәслихатында Мәжіліс депутаттары  - Альберт Pay, Жұлдыз Сүлейменова, Екатерина Смышляева және Берік Оспанов айтты. Еске сала кетсек, Мемлекет басшысы, партия Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев партияның кезектен тыс ХХI Съезінде депутаттардың азаматтармен тікелей кездесуінің маңыздылығын ерекше атап өткен еді.
«Сайлаушылармен тікелей диалог құру, тұрақты түрде азаматтармен кездесу аса маңызды, осы орайда, шалғайдағы ауылдарға бару керек. Депутаттық сауалдар формализмнен аулақ болып, олардың мазмұны нақты мәселені қамтып, тұрғындар проблемасын көрсетуі керек», - деген болатын сонда Мемлекет басшысы.
Түсіндіру жұмыстарынан басқа, депутаттар жергілікті атқарушы органдардың өкілдерімен бірлесіп, азаматтарды жеке қабылдады. Барлығы 2,5 мыңнан астам өтініш қаралып, олардың 321-i бiрден оң шешімін тапты. Кездесу қорытындысы бойынша 1 209 түйінді мәселе анықталған. Сондай-ақ, азаматтар ауыл шаруашылығын, шағын және орта бизнесті қолдау, инженерлік инфрақұрылымды дамыту және тағы да басқа мәселелерді көтерді.
«Мысалы, шалғай ауылдардың тұрғындары «Медициналық пойыз» жобасын кайтару туралы өтiнiштерiн бiлдiрдi. Алдын ала немесе күрделі тексеруден өту үшін ауыл тұрғындары аудан орталығына баруы қажет. Алыс қашықтыққа, жолдардың сапасы мен азаматтардың мүмкіндіктеріне байланысты әркім аудан орталығына бара алмайды. Депутаттар бұл бағытта Үкіметпен бірлесіп жұмыс атқарды. Енді 2022 жылдың мамыр айында медициналық пойыз іске қосылады», - деді мәжілісмен Екатерина Смышляева.
Азаматтардың шағымдары мен өтініштерінің көпшілігі әлеуметтік салаға, атап айтқанда, денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қорғау және еңбекті қорғау мәселелеріне қатысты болды.
«Бізге оқулықтардың авторлары, мектеп ұжымдары мен ата-аналар мектептердегі оқу әдебиетiнiң сапасына қатысты өтініш жасады. Таңдау мүмкіндігі туралы айтылғанымен, бiрақ заңнамалық тетік болмады. Депутаттар тиісті заңға түзетулер енгiздi, ол қазір Сенаттың қарауында», - деді депутат Жұлдыз Сүлейменова.
Сондай-ақ ауыл тұрғындары депутаттарға ауыз су мәселесіне қатысты да сұрақтар қойған.
«Әрбiр ауылға барып, талдау жүргiздiк. Фракция депутаттарының ұсыныстарына сәйкес, сумен жабдықтау нысандарының тізбесіне министрлік 82 жаңа жобаны қосты», - деді Альберт Рау.
Барлық мәселе арнайы талдау хатқа жинақталып, Үкіметке жіберілді. Айта кетсек, 6 сәуірдегі жалпы отырыс барысында Премьер-министрдің бірінші орынбасары Ералы Тоғжанов проблемалардың бір бөлiгiн қарау қорытындылары бойынша есеп берген еді.