Ресми сайттарға мониторинг жүргізіледі

Бүгін Білім және ғылым министрлігі Тіл саясаты комитетінің тапсырысы бойынша Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыруымен «Қазақстан Республикасында тілдік ахуалды талдау және оған мониторинг жүргізу» жобасы аясында республикалық семинар өтті деп хабарлады turkystan.kz.

«Еліміз бойынша 890 интернет-ресурс бар екен. Біздің мақсатымыз – сол жердегі мемлекеттік тілдің қолданылу аясын анықтау, жақсы тәжірибені қолдап, кемшіліктер орын алса, оларды жоюдың жолын бірлесіп қарастыру. Мониторинг жүргізу Тұжырымдамасына сәйкес, бұл бағыттағы талаптарды күшейтеміз. Биылғы бір ерекшелік: қолданыстағы Заңдардың кейбір нормаларына негізделген мониторинг жүргізудің бағалау критерийі әзірленді, енді тексерулер осы бойынша жүргізіледі. Жеткіліксіз нәтиже көрсетіп, төмен тәуекелдік деңгейіне жатқызылғандардың келесі жылы қайта тексерілуі қарастырылған», – деді онлайн басқосуды ашқан комитет төрағасы Әділбек Қаба.

Бұдан кейін Орталықтың Ақпараттық технологиялар басқармасының басшысы Мөлдір Бақытқызы мониторинг жүргізудің барысын баяндап, басты критерийлерді түсіндірді. Оның айтуынша, «Қазақстан Республикасында тілдік ахуалды талдау және оған мониторинг жүргізу» жобасы аясындағы мониторингтің қорытындысы бойынша талдаулар мен ұсынымдардан тұратын электронды жинақ шығарылып, мониторингке қатысқан мекемелерге жолданады.

Қазір жергілікті атқарушы органдардың жекелеген басқармаларының, Полиция департаменттерінің, ұлттық компаниялардың (акционерлік қоғамдардың), екінші деңгейдегі банктердің, әуе компаниялары мен әуежайлардың, қоғамдық тұтыну сервистерінің ресми сайттары, мобильдік қосымшалары қаралып жатыр. Бұлар – халықпен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейтін салалар. Яғни, олардың әрбір сайты қазақ тілінде сөйлеген сайын ана тіліміз күнделікті тұрмысымыздың төрінде салтанат құрады деген сөз.

Іс-шарада таныстырылған критерийлер сайттағы қазақ тілі контентінің берілу көлемі, яғни үлес салмағы көп болуын көздейді. Мемлекеттік тіл мәртебесінің асқақ болуына үлес қосып, жоғары балл жинағандар тексеру қорытындысы бойынша келесі жылы мониторингтен босатылмақ.

Семинарға жергілікті атқарушы органдардың жекелеген басқармаларының, Полиция департаменттерінің, ұлттық компаниялардың, екінші деңгейдегі банктердің, әуе компаниялары мен әуежайлардың, қоғамдық тұтыну сервистері мекемелерінің өкілдері қатысты.

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button