Ақмола облысының Ерейментау ауданында 14 жылқы көлге батып кетті. Иесі 7,5 млн теңге шығынға батты деп хабарлады turkystan.kz. 2021 жылдың желтоқсанында 45 жастағы аудан тұрғыны полицияға жүгінген. Ол 2-8 желтоқсан аралығында еркін жайылымда жүрген 14 бас жылқысы жоғалғанын айтты. Шығын сомасы 7,5 млн теңгені құрады. Тергеу бөлімі бұл фактіні сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне 188-1-бабы, 2-бөлігі (Мал ұрлығы) бойынша енгізген. Ерейментау аудандық ПБ қызметкерлері үш айдан астам уақыт бойы барлық қажетті жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізді. Жануарлардың жоғалып кету қаупі бар аймақтағы жыралар, бос жерлер, орман алқаптары, сондай-ақ, мал тасымалдаумен айналысатын автокөліктер, мал етін өткізудің ықтимал базарлары тексерілді. 12 сәуірде Қызыл-Ссор көлінде суға батқан жылқылар табылды. Резиналы қайықты пайдалана отырып, жедел уәкілдер мен учаскелік инспекторлар су қоймасынан бие, байталдарды өз күштерімен шығарып алды.
Жүктелуде...