Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Бас прокуратураның үйлестіруімен «Оператор РОП» ЖШС-нің 180 млрд теңге көлеміндегі қаражатты жымқыруының алдын алды деп жазды turkystan.kz.
«Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің лауазымды тұлғалары мен «Оператор РОП» ЖШС басшылығы электр қуатын өндіретін 6 қоқыс жағатын зауыт құрылысын жеке ұйымның заңсыз қаржыландыруы арқылы кәдеге жарату төлемі түрінде жиналған 180 миллиард теңгені жымқырмақ болған», – делінген агенттік баспасөз қызметінің хабарламасында.Бұл ретте департаментте нақтылағандай, электр қуатын мемлекет 15 жыл бойы негізсіз жоғары тарифпен сатып алуға және жеке компанияны миллиардтаған табыспен қамтамасыз етуге кепілдік берген.
«Экология вице-министрі мен «Оператор РОП» ЖШС-нің бұрынғы басшылары қамауда отыр. Кінә бойынша соңғы шешімді сот анықтайды», – делінген баспасөз қызметінің мәлімдемесінде.Сондай-ақ ведомство тергеу мүддесіне сай басқа мәліметтер жария етуге жатпайтынын атап өтті. Еске сала кетсек, Экология, геология және табиғи ресурстар экс-вице-министрі Ахметжан Пірімқұлов пен «Оператор РОП» ЖШС-нің бұрынғы басқарма төрағасы Медет Құмарғалиев екі айға қамауға алынды.