ІІМ алаяқтардың жаңа тәсілдерін ескертті

ІІМ алаяқтардың жаңа тәсілдерін ескертті

ІІМ алаяқтардың жаңа тәсілдерін ескертті
ашық дереккөзі
Ішкі істер министрлігі алаяқтардың жаңа тәсілдерін ескертті деп хабарлады turkystan.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап. Соңғы кезде алаяқтардың қазақстандық ұялы байланыс операторларының абоненттік нөмірлеріне ұқсас нөмірлерді пайдаланып, полиция және басқа да құқық қорғау органдары қызметкерлерінің атынан қоңыраулар соғуы жиілеп кетті.
«Алаяқтар өздерін банктің анықтама қызметінің атынан немесе тергеушілер ретінде таныстырып, полицияның бөлімшесіне ресімделген онлайн-несие туралы азаматтардың туыстары немесе таныстары қоңырау шалғанын айтып хабарласуда. Қылмыскерлер азаматтардың деректерін нақтылау үшін банк шоттары мен жеке мәліметтерін, атап айтқанда, адамның фамилиясын, атын, әкесінің аты мен ЖСН-ді сұрап жатқан жағдайлар кездеседі», - делінген Ішкі істер министрлігінің хабарламасында.
Осыған байланысты ішкі істер ведомствосы алаяқтардың құрығына түспеу үшін мынадай кеңес берді.
«Егер сізге «банктен» немесе «полициядан» қоңырау түссе, тұтқаны қойып, өзіңіз дұрыс ақпарат алу үшін банкке хабарласыңыз. Полиция қызметкерлері де, банк қызметкерлері де ешқашан банктік шоттар немесе жеке деректер туралы мәліметтерді сұрамайды. Бөтен адамдарға өзіңіз туралы мәліметті, банктік шоттар жайлы деректерді, банктен абоненттік нөміріңізге келіп түскен SMS-кодтарды бермеңіз. Шоттарыңыздың қорғалуын қамтамасыз ету үшін қарапайым қауіпсіздік шараларын сақтау қажет. Ол үшін қиын парольдер орнатыңыз және оларды жиі ауыстырып отырыңыз. Екіншіден, төлем жүйелерінде бар SMS растау, IP-мекенжайды бақылау мен 3D-secure сияқты барлық қауіпсіздік жүйелерін іске қосыңыз. Алаяққа алданған жағдайда дереу банкке қоңырау шалып, өз шотыңызды бұғаттап, тұрғылықты жеріңіз бойынша полиция бөліміне хабарласыңыз», - делінген  Ішкі істер министрлігінің хабарламасында.
Тағы оқи отырыңыз: Петропавл тұрғыны интернет-алаяқтарға сеніп, 500 мың теңгесінен айырылды