Тест тапсыру кезінде мұғалімнің қайтыс болуына байланысты БҒМ түсінік берді

Тест тапсыру кезінде мұғалімнің қайтыс болуына байланысты БҒМ түсінік берді

Тест тапсыру кезінде мұғалімнің қайтыс болуына байланысты БҒМ түсінік берді
ашық дереккөзі
ҚР БҒМ-нің бірінші вице-министрі Шолпан Каринова Алматыда тест тапсыру кезінде көз жұмған мұғалімнің оқиғасына байланысты желіде жазба жариялады деп жазды turkystan.kz. Вице-министр өзінің Facebook парақшасында марқұм болған мұғалімнің отбасына көңіл айтып, осы мәселеге байланысты жазба қалдырды. Жазбада Білім және ғылым министрлігі атынан телеграмма жолданғанын, бұған қоса, Алматы қалалық Білім басқармасы марқұмның отбасына қажетті көмек көрсететінін мәлімдеді. Оның айтуынша, мұғалім сынақтан бұрын да өзін нашар сезініп, жайсыз күйде болған. Туыстары оның үйде қалуына кеңес берген.
«Естеріңізге сала кетейін, мұғалімдер денсаулықтары нашарлап, өздерін нашар сезінген жағдайда тестілеуге бармауына немесе күнін басқа мерзімге ауыстыруына болады. Мұндай мүмкіндік қарастырылған», – деп жазды Шолпан Каринова.
Еске  сала кетсек, 2018 жылға дейін аттестаттау жүйесі басқаша болатын. Ол кезде екінші, бірінші және жоғары санаттар болды. Ал, қосымша төлемдер мынадай болды: екіншісіне – 5 мың теңгеге жуық, біріншіге – 7 мың теңгеден жоғары, ал жоғары санатқа – 17 мың теңге қосымша төленетін. Бұндай мардымсыз қосымша төлемдерге қанағаттанбаған мұғалімдер педагогикалық шеберлік деңгейіне қарай сараланған жалақыны талап етті. 2018 жылдан бастап аттестаттаудың жаңа жүйесі енгізілді, оған сәйкес біліктілік санаттары бойынша қосымша төлемдердің мөлшері жалақының 30%-дан 50%-ға дейін көлемін құрайды. Мысалы, педагог-шебер 300 мың теңге алса, онда қосымша ақы 90 мың теңге немесе одан да көп болуы мүмкін. Аттестаттаудың жаңа жүйесі мұғалімнің ақысын шеберлік деңгейіне қарай ондаған, жүз мың теңгеден артық көтеруге мүмкіндік берді.
«Ережеге сәйкес, мұғалімдер бес жылда бір рет біліктілігін арттырады немесе растайды. Егер мұғалім бірінші рет сынақтан өтпесе, оны қайта тапсыруға мүмкіндігі бар екенін түсіну керек. Ең бастысы, сынақтан өтпеген ұстаз жұмысынан айырылмайды, ары қарай жұмысын жалғастыра береді. Мұғалімдерге ыңғайлы болуы үшін аттестация жылына екі рет өткізіледі. 2018 жылға дейін бұл рәсім жылына бір рет қана өткізілетін. Мысалы, жыл басында тестілеуден өтпесе, онда сол жылдың қазан айынан желтоқсан айына дейін екінші рет сынақтан өтуге мүмкіндік бар. Бұл ретте әрбір педагог кез келген күнді және уақытты таңдауға құқылы», – деп мәлімдеді бірінші вице-министр .
Шолпан Каринова қазір мұғалімдердің аттестациядан мерзімінен бұрын жаппай өтіп жатқаны байқалатынын баса атап өтті. Міндетті процедура болмаса да, бұл мұғалімдерге қаржылық мотивация ретінде қажет екенін түсінетінін де жеткізді.
«Тағы бір маңызды жайт, мұғалім тек мектеп бағдарламасы бойынша ғана тест тапсырады. Бұл - мемлекеттік білім стандартының ең төменгі талаптары. Сондай-ақ, ол – мұғалімнің күнделікті оқушыларға үйрететін бағдарламалары. Тестілеу кезінде мұғалімдерден басқа ештеңе талап етілмейді», – деп айтты Шолпан Каринова.
Бұған қоса, вице-министр өз жазбасында тестілеуді өткізу не себепті маңызды деп санайтынын түсіндіріп берді.
«Мысалы, мұғалім мектепте 5-6-сынып бағдарламасы бойынша жұмыс істейді, бірнеше жыл математикадан сабақ береді. Біраз уақыттан кейін ол жоғары сыныптарда пәнді оқыта алады. Осы кезде 5-6-сыныпта ғана жұмыс істеп үйренген мұғалімнің 9, 10 немесе 11-сыныптарға арналған бағдарламаны еске түсіруі қиынырақ болады. Сол себепті, теориялық білімді үнемі жаңартып отыру және өз пәні бойынша 1-11-сыныптар аралығында мектеп бағдарламасын толығымен еске түсіру маңызды. Бұл мұғалімнің кәсіби дамуы үшін қажет», – деп атап өтті Вице-министр.
Жазбаға байланысты оқырмандардың пікірі екіге бөлінді. Бірі тест тапсыруды орынды деп тапса, екіншілері жұмыс өтілі 30-40 жыл болған мұғалімдерді енді ғана оқу орнын бітірген мұғаліммен теңестіру дұрыс емес екенін айтады.
«Тестілеу кезінде 30 жыл өтілі бар мұғалім тестен өте алмаса, жас маманмен категориясы теңесіп қала ма? Жас маманның жаттау деңгейі 30 жыл өтілі бар маманмен тең емес қой. Онда мұғалімдер тек қана тестке дайындалып, жалақысын көтерумен айналысады. Сабақ беру жайына қалады», – деп жазды оқырман.