50734
Отандық оқу орындарының әлемдік білім жүйесіне ену талпынысы
Отандық оқу орындарының әлемдік білім жүйесіне ену талпынысы
Еліміздің келешегін қалайтын кәсіби білікті кадрларды тәрбиелеу – аса жауапты әрі маңызды міндет. Бұл ретте Мемлекет басшысы жаңа экономиканы қалыптастыру жолында жоғары оқу орындарының бәсекеге қабілеттігін арттыру қажеттігін қадап айтты. Мамандарды даярлау сапасын, университеттердің тиімділігін, білім беру бағдарламаларының өзектілігін тәуелсіз рейтингтер арқылы таразылауға болады.
Жыл сайынғы QS World University Rankings by Subject 2022 пәндік рейтингі жарияланды. Әлемдік университеттерде оқытылатын пәндердің сапасын британдық Quacquarelli Symonds агенттігі бағалады. Рейтингке әлемнің 1 543 жоғары оқу орны қатысқан.
Әлемдік рейтингте еліміздің жоғары оқу орындары да бар. Мәселен, биыл Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің QS пәндік рейтингіндегі позициялары кеңейді және айтарлықтай нығайды. ЕҰУ – әлемнің үздік университеттерінің 11 пәндік рейтингінде. Өткен жылы бұл көрсеткіш 4-ке жеткен.
Халықаралық рейтинг нәтижелері бойынша ЕҰУ қазақстандық жоғары оқу орындары арасында 3 пәннен көш бастап келеді.
Пәндік рейтингті өткізу барысында университеттің академиялық сарапшылар мен жұмыс берушілер арасындағы беделі, ғалымдардың ғылыми-зерттеулерінен дәйексөз алу, жарияланымдардың Хирш индексі бағаланады.
Әлемнің 200 үздік пәнінің тізіміне Еуразия ұлттық университетінің 6 пәні енген. Олар – қонақүй бизнесі және бос уақытты басқару, өнер және дизайн, тарих, құқықтану, саясат және халықаралық зерттеулер, лингвистика пәндері.
Әлемнің үздік жоғары оқу орны пәндік рейтингте Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті көптеген көрсеткіш бойынша он шақты сатыға көтерілген. Қонақүй бизнесі және бос уақытты басқару пәні алғашқы жүздікке кірсе, лингвистика бойынша әлемдік университеттер қатарынан 101-150 арасындағы топқа енді.
Әлемдік рейтингтің топ-500 құрамына ЕҰУ-дің өнер және гуманитарлық ғылымдар, әлеуметтік ғылымдар және менеджмент пәндік облыстары, экономика және эконометрика, физика және астрономия, бизнес және менеджмент пәндері кірді.
Айта кеткен жөн, биылғы жылы ЕҰУ-дың әлеуметтік ғылымдар және менеджмент пәндік облысы алғаш рет QS пәндік рейтингіне кірді.
Б.Балықбай