Қарағандыда қонақүйдің төбесінен секірген әйелге қатысты тың ақпарат шықты

Қылмыстық істің Қазыбек би аудандық сотына жіберілгені белгілі болды.

Қарағандыда қонақүйдің төбесінен секірген әйелге қатысты тың ақпарат шықты
ашық дереккөзі

Қарағандыда роупджампингте қайтыс болған Евгения Леонтьеваның өлімі бойынша қылмыстық іс сотқа жіберілді деп жазды turkystan.kz.

Оны судья Манат Жұмақаева қарайды. Басты сот отырысы 14 сәуірге белгіленді. Қылмыстық істің мән-жайын Қарағанды облысы ПД бастығы Ерлан Файзуллин Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен есептік кездесу барысында айтты. Ол роупджампинг бойынша нұсқаушыға қатысты қылмыстық іс ҚР ҚК 306-бабының 3-бөлігі («Абайсызда адам өліміне әкеп соққан, тұтынушылардың өмірі мен денсаулығы қауіпсіздігінің талаптарына жауап бермейтін жұмыстарды орындау не қызметтер көрсету») бойынша сотқа жіберілгенін атап өтті. Күдікті 11 қазаннан бастап қамауда отыр.

«Қылмыстық іс сотқа жіберілді. Тергеу бірқатар сараптамалар жүргізілгендіктен ұзақ уақытқа созылды. Сондай-ақ тергеуді аяқтау үшін роупджампингті ұйымдастырған компанияның иесін анықтау және жауап алу үшін Ресей Федерациясына халықаралық тапсырма жіберілді. Тапсырманы орындағаннан кейін қылмыстық іс сотқа жіберілді», – деді Ерлан Файзуллин.

Еске сала кетсек, 2021 жылдың 10 қазанында Қарағандыда Шахтинск қаласының тұрғыны 33 жастағы әйел роупджампинг кезінде қонақүйдің төбесінен секіріп, қайтыс болған. Әлеуметтік желіде әйелдің секірген сәтінен видеосы тарап кеткен болатын.