ІІМ есірткі жеткізетін трансұлттық арнаны жойды (ВИДЕО)

ІІМ есірткі жеткізетін трансұлттық арнаны жойды (ВИДЕО)

ІІМ есірткі жеткізетін трансұлттық арнаны жойды (ВИДЕО)
ашық дереккөзі
Ішкі істер министрлігі синтетикалық есірткі жеткізетін трансұлттық арнаны жойды деп жазды turkystan.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап. Ішкі істер министрлігінің қызметкерлері есірткі жеткізу арналарының жолын кесу мақсатында шекаралас мемлекеттердің есірткіге қарсы ведомстволарымен тығыз ынтымақтастық ұйымдастырған. Алматы, Ақтөбе, Атырау және Шығыс Қазақстан облыстарында жарты жыл бойы есірткі сатушылардың әрекетін жою бойынша бірлескен арнайы операция жүргізілген. Операция барысында шетелден синтетикалық есірткі ерітіндісі салынған сәлемдемелерді алып отырған Қазақстанның бес азаматы анықталды. Олар синтетикалық есірткіні аса ірі мөлшерде сату үшін өндіріс процесінде сұйықтықты бу арқылы кептіріп, құрғақ өнім алып отырған. Департамент бастығының міндетін атқарушы А.Мұхаметқалиевтің мәліметінше, соңғы жылдары синтетикалық есірткі мен оны өндіруге арналған құрамдас бөліктер шекаралас мемлекеттерден жеткізілгенін ескере отырып, шетелдік әріптестермен ынтымақтастыққа басымдық берілген. Осының нәтижесінде, биылғы үш айда ғана қазақстандық полиция қызхметкерлері шетелдік әріптестерімен өзара іс-қимыл шеңберінде есірткіге байланысты қылмыс жасау барысында 9 адамды ұстаған.
«Заңсыз айналымнан сегіз келіден астам синтетикалық есірткі тәркіленді. 2022 жылдың бірінші тоқсанында ішкі істер органдары барлығы 695 есірткі қылмысын, оның ішінде аса ірі көлемде есірткі заттарын сақтаудың 133 дерегі, контрабанданың 30 дерегі, притон ұстаудың бес дерегі анықталды. Заңсыз айналымнан тоннаға жуық есірткі, оның ішінде 900 грамға жуық героин, 42 келіден астам синтетикалық есірткі тәркіленді», – делінген хабарламада.
Сонымен бірге, Нұр-Сұлтан қаласы және Атырау облысы аумағында есірткі сатумен айналысқан екі ұйымдасқан қылмыстық топ әрекетінің жолы кесілген. Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында, Алматы, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан облыстарында сегіз есірткі зертханасы жойылған. Есірткілерді жарнамалау және насихаттау дерегі бойынша 33 және интернет арқылы өткізу дерегі бойынша 10 соталды өндіріс тіркелген. Есірткі тарату туралы ақпаратты қамтитын 565 веб-сайт, аккаунт және басқа ресурстар анықталып, бұғатталды.