Дулат Исабековтің жары өмірден өтті

Дулат Исабековтің жары өмірден өтті

Дулат Исабековтің жары өмірден өтті
ашық дереккөзі
Жазушы-драматург, қазақ әдебиетінің классигі Дулат Исабековтің жары Нұрғайша Жармұқамедова өмірден өтті деп хабарлады turkystan.kz. Бұл жайында Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса Facebook-тағы парақшасында жазды. «Есімі елге әйгілі жазушы-драматург, қазақ әдебиетінің классигі Дулат Исабековтің үйіндегі жеңгеміз Нұрғайша Жармұқамедова қайтыс болды деген хабар қабырғамызды қайыстырып кетті. Ол кісі ешқандай ауырып жүрген жоқ-тын, бүгін таңертең жүрегі ұстап қалыпты.
Жақында ғана көкемізге сәлем беруге үйге барғанда жарқылдап жүріп қарсы алып, сексенге келсе де сергектігін көрсетіп, келіндерден бетер жүгіріп, дастарханын жайып шығарып салып еді.
«Екеуміз 56 жыл отасқан едік, жайымның барлығын жасайтын еді, енді менің жағдайымды кім ойлайды?!
Ешқандай ауыра қоймаған еді, аяқ астынан тастап кете барды. Екеуміз биыл сексен жасымызды тойлаймыз деп, жоспарлап жүрген едік» деп қамығып отырған Дулат көкемізді жұбатудың өзі қиын болды…
Дулат көке
Дулат көкемізді Қазақстанның Халық жазушысы Қабдеш Жұмәділдің жылдық асында көріп едік. Қиын болды сексенге келгенде серігінен айрылу!...
Алды әлемнің алдыңғы қатарлы елдерінде жарияланған, қазақ әдебиетінің алтын қазынасына енген шығармаларын жазғанда жайын жасаған, жанына демеу болған асыл жары, балаларының аяулы анасы болған, алпыс жылға жуық қол ұстасып бірге жүрген өмірсерігінен айрылу ағамызға ауыр тигені анық…
Берік болыңыз көке! Алланың үкімі ғой, қайтесіз енді. Бұл да бір ауыр сынақ, мықты болыңыз! Алла сабыр берсін! Қасиетті Рамазан айында дүниеден өтіпті, жәннаттан болсын жайы деп тілейміз.
Алды пейіш, арты кеніш болғай! Қара орман халқыңыз бар, қалың қазағыңыз бар қайғыңызды бөлісетін, Дулат көке, бекем болыңыз!» деп жазды Қазыбек Иса.