«Қазақ тілі – менің ана тілім. Орысша акцентпен сөйлеймін» - Геннадий Шиповских

«Қазақ тілі – менің ана тілім. Орысша акцентпен сөйлеймін» - Геннадий Шиповских

«Қазақ тілі – менің ана тілім. Орысша акцентпен сөйлеймін» - Геннадий Шиповских
ашық дереккөзі
Елде Парламент депутаттарына мемлекеттік тілді үйрету үшін қазынадан 27 млн теңге бөлінеді деген ақпарат дауға айналып, буы әлі басылмай жатқанда Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров салық төлеушілердің қалтасынан бір теңге алмай, өз бетімен ана тілімізді үйреніп алған әріптесі Геннадий Шиповскихті көпшілікке үлгі етіп көрсетті деп хабарлады turkystan.kz. Ол әлеуметтік желіде әріптесін Парламентте ана тіліміз үшін нақты қадамдар талап етіп жүрген азамат екенін, еліміздің тәуелсіздігі осындай жігіттермен шыңдалатынын айтты. Геннадий Шиповскихтің өзі осыған жауап ретінде қазақ тілі өзінің ана тілі екенін, орыс тілінде акцентпен сөйлейтінін жасырмады.
«Менің ана тілім – қазақ тілі. Өйткені менің бала кезімде балабақшада жүргенімде тілім қазақ тілінде шықты. Сондықтан қазірдің өзінде мен орыс тіліне қарағанда қазақ тілінде емін-еркін сөйлеймін. Ал орыс тілінде сөйлегенімде акцент бар. Бірақ мен одан ұялмаймын. Өйткені мен, ең бастысы, қазақ тілінде акцентсіз сөйлеймін. Біз қазақ тілі үшін күресеміз! Менің ойымша, әрбір қазақстандық қазақ тілін емін-еркін білуі қажет. Өйткені ол қазақтың жерінде жүріп, сол қазақ тілін құрметтеуі керек! Тәуелсіз Қазақстан - ең басты құндылық!» деп жауап жазды ол.
Осы жазбаның астына оқырман қауым бірнеше пікір қалдырған.
Оның біреуі: «Геннадий Геннадиевич, басқа ұлттың өкілдеріне және тіл білмейтін қазақтарға үлгі», - десе, тағы бір азамат: «Тілін сыйлаған. Демек оның елі мен жерін сыйлаған деген сөз. Қазақша сөйлеуден өз қазағымыз ұялып, қорқып жүргенде. Құлдық санадан арылу үшін әр қазақ өз отбасында ана тілін құрмет тұтса, басқа ұлтқа айдын болар еді. Депутаттарға 27 млн қаражат бөліп оқыту - барып тұрған сұмдық емес пе?!. Білу міндет пе, өз қалтаңнан төлеп оқы! Басқалар сөйтеді ғой. Депутаттар ерекше туған жандар ма? Әлде күнкөрісі төмен, жағдайлары жоқ па? Мынау ұят деген құндылық бар ма өзі? Әлде қарапайым халыққа ғана тән болып қалған ба?» - деген ойын айтқан.
 width=