Базаргүл Үмбетова: Кездесудің негізгі желісі Ұлытаудың болашағы жайлы болды

Базаргүл Үмбетова: Кездесудің негізгі желісі Ұлытаудың болашағы жайлы болды

Базаргүл Үмбетова: Кездесудің негізгі желісі Ұлытаудың болашағы жайлы болды
ашық дереккөзі
Еуразия ұлттық университетінде Журналистика және саясаттану факультетінде белгілі журналист, Журналистер Одағының лауреаты, Жезқазған қаласындағы DIDAR.TV арнасының директоры Базаргүл Сейітжанқызы Үмбетовамен кездесу өтті. Кездесуді «Көзқарас» клубының жетекшісі Гүлжауһар Жамбылқызы жүргізіп отырды. Журналистика және саясаттану факультетінің деканы, белгілі алаштанушы ғалым Сақ Қайрат Өмірбайұлы кіріспе сөзінде кеш қонағы танымал журналист Базаргүл Үмбетованың шығармашылық еңбек жолына кеңінен тоқталып, жеткен жетістіктерін жиналған қауымға жан-жақты баяндап берді. Журналистика деген даңғыл жолда қыз баласына да орын табылатынын, соның жарқын көрінісі ретінде Базаргүл Сейітжанқызын айтуға болатынын тілге тиек еткен факультет басшысының сөзі студенттердің жүрегінен жылы орын алғаны байқалды. Ары қарайғы сөзді Телерадио және қоғаммен байланыс кафедрасының меңгерушісі Серікзат Мақсұтұлы жалғастырды. Әуелі, Базаргүл Сейітжанқызын және Ұлытау халқын тұрғылықты аймақтың таяуда ғана жаңа облыс мәртебесіне ие болуымен құттықтап, Базаргүл ханымның еңбегіне жеміс тілейтінін айтты. Одан әрі Базаргүл Үмбетова журналистика саласының қызығы мен қиындығына қатысты өз тәжірибесімен бөлісіп, келелі әңгіме өрбітті. Соңынан білім алушылар айтулы маманға өздерінің көкейінде жүрген сұрақтарын қойды. Жаңалыққа жаны құмар Базаргүл Сейітжанқызы өмірлік тәжірибесіндегі барымен бөлісіп, әр сұраққа мұқият әрі нақты жауап берді. Маған кездесудегі басым ойдың негізгі бөлігі Ұлытаудың болашағы жайлы, Жезқазған қаласындағы DIDAR.TV арнасының келешегі туралы айтылғаны ұнады. Себебі, ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, экономикалық жағынан да, рухани жағынан да қазақ халқы үшін маңызы зор мекеннің болашағы барша ұлтты алаңдатуы тиіс. Осыдан 4 жыл бұрын Базаргүл Үмбетованың «Журналист жолы» кітабының таныстырылымы    Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Журналистика және саясаттану факультетінде өткен екен. Міне, араға қаншама уақыт салып, Базаргүл Үмбетовамен болған кездесу болашақ қалам иелері үшін өмірлік азық болғаны анық. Шара соңында білікті ұстаз Гүлжауһар Болатова еліміздің келешек шығармашылық мамандарымен жүздесіп, тағылымы мол мәнді пайымдары  үшін сөз өнерін кие тұтқан шығармашылық мамандық иесіне факультет  басшылығы мен студенттері  атынан зор ризашылығын білдіріп, естелік сыйлық тарту етті. Білім алушыларға осындай маңызды мәселе жайлы сөз қозғап, нағыз журналистің әмбебап маман болуы үшін қалай әрекет ету керектігін айтқан Базаргүл Сейітжанқызына терең мазмұнды сұхбаты үшін алғыс білдіреміз.  Осындай тұлғалармен кездесулеріміз көп болғай!  

Қордабай Еркеназ Серікқызы

Журналистика және саясаттану

факультетінің студенті

«Көзқарас»  ұйымының мүшесі