438
Бармен болу арман ба?
Бармен болу арман ба?
Қазақ қоғамының бүгіні мен ертеңінің ұйытқысы да, іріткісі де жастар. Ендеше осы жастарымыз бүгін немен айналысып жүр? Қоңыр күзде ҚР Білім және ғылым министрлігі талапкерлер жиі таңдайтын мамандық рейтингін жариялады. Көпшілік ұмтылатын аудармашы, халықаралық қатынастар, құқықтану, қоғаммен байланыс мамандықтарына сұраныс көп екен. Сұраныс көп болғанмен, орын санаулы. Барлығының бірдей ақылы бөлімде оқуға мүмкіндігі жоқ. Ендеше қайтпек керек? Жанбағыс, күнкөріс қамымен ауыл балалары қалаға оқу мен жұмыс іздеп келеді. Сонда тіркеуі жоқ, үйі жоқ олар не жұмыс істеп жүр, оларды кім жұмысқа алады деген сауал туындайды.
ТОЙ ЖАҒАЛАҒАН ЖАСТАР
Қазақтың тойы – тоқшылық пен молшылықтың белгісі. Той болған жерді жағалаған аш қалмайды. Сондықтан болар қазақтың тойы – талайға азық. Той болған жер береке-бірліктің, ырыстың қайнар ортасы. Қазақ жазушыларының көркем туындысында қазақ даласын дүркіреткен небір тойлардың сән-салтанаты ықыласпен суреттеледі. Қазақ дәулетін тойда шашады. Осы тойларда қызмет көрсеткендердің бір жасап қалатыны бар. Басқа-басқа, қазақ осы дәстүрді сақтап қалыпты. Қазір тойхана даяшыларының көпшілігі – қазақтың қара домалақ қыз-жігіттері. Өз басым тойға барғанда орыс даяшыны көрмеппін. Осыған қарап, орыс той жасамай ма, әлде қазақ тойына арнайы қазақ даяшылар таңдала ма деген сауал туындайтыны заңды. Осы кезде белгілі жазушы Дулат Исабековтің қазақ қоғамының бүгінгі көрінісі туралы «Қыздары – даяшы, жігіттері – күзетші» дегені есіме түсті еріксіз. «Біреу тойып секіреді, біреу тоңып секіреді». Жастарға даяшы болма деуден аулақпыз, бірақ даяшылықты – уақытша қызмет деп білген жөн. Осы орайда былтыр Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова «Жастарды даяшы және бармен болуға үйретеміз» деп жарияға жар салғаны да еске түседі. Тіпті, қазақстандық жастарды осы кәсіпке үйрететін қысқа мерзімді курстарға тартатынын айтқан болатын. Осы курсты тәмамдаған жастар дәмханадан бастап, қымбат мейрамханаларда да қызмет атқара алады. «Менің ойымша, бұл – бізге қажет тәжірибе. Оған мейрамхана иелері мен қонақүй және басқа да қызмет көрсету ұйымдарының мамандарын тартуымыз керек» деген еді министр. «Апыр-ай, министрдің мұнысы несі? Министр жастарды даяшы еткісі келе ме?» деп тартынғандар да болды. Десе де, оқуға түсе алмаған немесе ақылы оқуға түскен, тіпті әке-шешесіне жәрдем еткісі келетін жастардың бұл жұмысын тоқтатсын деуге болмас. Мысалы, әлемге әйгілі Голливуд жұлдыздары оқуын оқып жүріп, даяшы болған және даяшы болғанын мақтан етеді олар. Мәселен, америкалық ақпарат көздері Нью-Йорктегі ыдыс жуушылардың ай сайын шамамен 2 мың доллар табатынын жазған еді. Осы табысының 1 мың доллары пәтер жалдау мен тамағына жұмсалады. Сөйтіп, қалған ақшасын үнемдеу оңай. Бізде мұндай қаражатты кез келген маман таба бермейді.АНТАРКТИДАҒА БАС ҚАТЫРАТЫН УАҚЫТ ЖОҚ
Алматы қаласы маңайында бой көтерген инфрақұрылымның дені – жалдамалы пәтерлер. Оны жалдайтын тағы да қазақ жастары, жас отбасылары мен қалада жұмыс істейтін жұмысшылар. «Азаттық» радиосы жүргізген сауалнамаға сүйенсек, Алматыдағы жастардың 14 пайызының ғана жеке баспанасы бар екен. 35 пайызының баспанасы болмағандықтан, отбасын құра алмай жүр. Ал 28 пайызының жеке баспанасы жоқ. 43 пайызының тұрақты тіркеуі жоқ. Осыдан кейін өз жерінде үйі жоқ, күйі жоқ қазақ жастары қалай ұйыған ұлт тірегі болсын?! Англияның атышулы BREXIT акциясына бүтін ұлт болып қатысты, өз ұстанымдарын өзгертпей, алдыңғы шепке шыққандардың дені – жастар болатын. Еліміздегі жастардың саяси шешімдерге өз пікірін білдіруге де уақыты жоқ. «Жастар үні» қорының дерегінше, «Алматы жастарының 40 пайыздан астамы бірде-бір саяси немесе қоғамдық ұйымға мүше емес, олардың 70 пайызы жастар саясаты туралы заңды білмейді». Жуырда құрбым шетелге оқуға түсті. Тіл курстарына барып жүргенде бір тақырыпты қозғаған еді. «Әлемде қоқыстан пайда болған таулар бар екен. Мұхиттың суы ластанып, келешекте ауыз су тапшылығы сезіледі. Ағылшын тілі сабақтарында осындай адамзат үшін маңызды ғаламдық мәселелер көтеріледі. Біз осының бірін де білмейді екенбіз. Шетелдіктер баяғыда анықтап, алаңдап жүр, не деген парасаттылық?!» деп тамсанды ол. Тұрмысы бақуат, әлеуметтік жағдай шешілген еуропалықтар айналысатын басқа мәселе қалмаған шығар, сірә. Бірақ біздің жағдайымыз мүлде басқа. «Ғаламдық мәселелерге бас қатырмағанда басқа не істейді?! Нан тауып жей алмай отырғанда, біздікілердің Антарктида мұздықтарының еруін ойлауға уақыты қайдан болсын», – деп күлдік. Базар маңы толған тағы да қазақ жастары. Арба сүйрегіш, жүк тасығыш, көлік қойдырып, шығаруға көмектесетін «стоянщик», түрлі күртешелер мен иіссуларды қолдан сатып жүрген саудагерлер, ұры-қарылар да қара көз бауырлар. Айта берсең, базарда жұмыс көп. Бірақ қазақ жастарының базар маңында қалып, ел тізгінін ұстауы тиіс азаматтардың базар мәдениетімен ер жеткені еріксіз ойландырады. Сондықтан ұрпақ тәрбиесін бүгіннен бастаған абзал. Ол үшін не істеу керек немесе нені дұрыс жасамай жүрмін деген ата-ана назы орынды.БАЛАНЫ БЕСІКТЕН ...
ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев ата-аналардың жиналысқа қатыспайтынын ерекше атап өтті. Бір рет, екі рет емес, баласы мектеп табалдырығын аттағанда бір, оқуды тәмамдағанда мектепке бір баратын ата-аналар бар. Министрліктің мәліметінше, жиналысқа бір сыныптан 10-15 ата-ана ғана қатысады. Осылайша 11 жылдың ішінде ата-аналардың 50 пайызы мектепке мүлде келмейтін болып шығады. Әсілі, бұл ата-ана жауапсыздығын білдірсе керек. Кінәні жалғыз әке-шешеге артып қою әбестік болар. Қоғамда қалыптасқан жайт пен күнкөрістің қамы жиналысқа баруды емес, баланы мектепке жинап жіберуге ата-аналардың еңбегін елеу керек. Министр Ерлан Сағадиев осы орайда ата-ананың жұмысбасты болғаны соншалық, бала-шағасына бөлетін уақыты да жоқ дейді. Министрдің сөзінің жаны бар. «Олардың ішінде мемлекеттік қызметкерлер де бар. Сондықтан Еңбек кодексін сақтай отырып, ата-ананың үйіне ертерек қайтып, баласының тәрбиесін қадағалауына мүмкіндік беру керек. Бірінші мемлекеттік органдардан бастаған абзал», – деген ұсыныс жасады министр. Бұл жүзеге аса ма? Қашан?