Қазақстанға тағы 250 мың тонна қант жеткізу жоспарланған

Қазақстанға тағы 250 мың тонна қант жеткізу жоспарланған

Қазақстанға тағы 250 мың тонна қант жеткізу жоспарланған
ашық дереккөзі
Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев Үкімет отырысында мәлімдеді деп жазды turkystan.kz. Жиын барысында Үкімет басшысы Әлихан Смайылов елде қантқа сұраныстың артып кетуіне байланысты қандай шаралар қабылданып жатқанын сұрады.
«Біз Сауда және интеграция министрлігімен бірге апта сайын ішкі нарықтың азық-түлік тауарларымен қамтамасыз етілуін талдауды жүргізіп отырмыз. Ахуалды тұрақты бақылауда ұстап отырмыз. Бүгінде шамамен 1,3 миллион тонна әлеуметтік маңызы бар азық-түлік қоры жиналды. Ол қор күн сайын толықтырылып отыр. Атап айтсақ, қоймада 144 мың тонна ұн, 40 мың тоннадай күріш жиналған. 21,5 мың тонна макарон өнімдері және 900 мың тоннадай көкөніс өнімдері бар. Азық-түлік қорлары күн сайын жаңартылуда, оны даярлауға қажет шикізат та жеткілікті. Яғни, ахуал тұрақты», - деді министр.
Оның айтуынша, қоймалардағы қант көлемі де жеткілікті екен. Қазір қорларда 90 мың тоннаға жуық қант сақталған. Оның ішінде тұрақтандыру қорларында, сауда обьектілерінде, қоймаларда 38,2 мың тонна қант бар.
«Зауыттардағы шикі қантты есепке алатын болсақ, 20 мың тонна дайын қант, 20 мың тоннадай шикі қант бар. Қазір осы қантты өңірлерге бөлу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұдан бөлек, елімізге 31 тамызға дейін 250 мың тонна ақ қант пен шикі қантты бажсыз әкелу жоспарланған. Сыртқы нарықтағы сауда қызметіне қатысушылар осы қантты әкелу жұмыстарын бастады. Жақын арада шикізат әкеліне бастайды», - деді Ербол Қарашөкеев.