Майнинг деген майшелпек...

Майнинг деген майшелпек...

Майнинг деген майшелпек...
ашық дереккөзі
Соңғы кезде майнинг мәселесі жиі көтеріліп, жиі талқыланып жүр. Әсіресе, электр энергиясы тапшылығы туралы айтыла қалса, майнинг туралы да қоса айтылатын болған. Әйткенмен, аты да, заты да беймәлімдеу бұл саланы көпшілік түсіне бермейді. Майнинг деген не, майнер деген кім? Ең алдымен майнинг деген қандай сала, майнерлер немен айналысады, неліктен энергия тапшылығына себеп болуы мүмкін деген мәселелерге тоқталып өтейік. Ол үшін әуелі криптовалюта деген ұғымды білу ке­рек. Мәселен, әр елдің төл валютасы болады. Сол сияқ­ты интернет әлемінің де өз валютасы бар. Ал бұл электронды ақшаны компьютер өзі өндіреді. Нақты айтсақ, серверлерге тіркелген қон­дыр­ғылар қиын есептерді, алгоритмдерді шешеді. Әр есеп, ал­горитм шешілген сайын, электронды әмиянға бонус тү­сіп отырады. Бұл бонус – электронды ақша, яғни крип­товалюта. Қазір оның 1000-нан астам түрі бар, со­ның ішінде ең танымалы әрі құндысы – бит­коин. 2009 жылы Сатоши Накамото бит­­­коин желісін іске қосып, алғашқы 50 бит­­­коинды айналымға енгізген, содан бері 13 жыл өтті, уақытпен жарыса бит­коин бағасы да еселенді. Қазір 1 биткоин ша­мамен 17 миллион теңгедей болады. Бит­коиннің кәдімгі ақшадан басты айыр­машылығы сол – оның бірыңғай ақ­ша жасаушы орталығы жоқ. Сонымен қатар биткоин саны шектеулі болады, электронды ақшаның құны еселенуіне бірден-бір себеп – сол. Ал осы биткоинды өндіруді майнинг деп атайды. Майнинг сөзі пайдалы қазба өн­діру деген мағына береді. Крип­то­валюта өндіретін құрылғылардың түр-түрі болады. Ал бізде олардың саны 10 мыңнан асады екен. Бағасы да қуатына қарай әртүрлі: 500 мың теңгеден бас­та­лып, ары қарай кете береді. Оған құрылғы неғұр­лым қымбат болса, соғұр­лым көп пайда әкелетіні себеп. Бұған қоса, техни­каның тілін түсінбесең, табыс табу оңай болмайды. Дегенмен біздің ел – майнинг бойын­ша әлем көшбасшылары­ның қатарында. Елімізде соңғы 5 жылда бұл сала күрт дамыды. Қазір әлемдегі крип­товалютаның шамамен 18 пайызы біз­дің елде өндіріледі. Қазір бізде 50-ге жуық алып ферма бар. «Дегенмен олар­дың иесі кім, басқа елдің азаматтары ма?» деген сұрақтардың жауабын құзыр­лы органдар мен жауапты мекемелердің өзі білмейді. Майнингтен көш басындамыз Жаңа айтып өткеніміздей, был­тыр биткоиннің жиынтық хэш­рейіндегі Қазақстанның үлесі 18,1 пайыз­ға жетіп, еліміз биткоин майнингі бойын­ша әлемдік рейтингте АҚШ-тан кейін­гі 2-орынға шыққан. Бұған сол кез­ге дейін биткоин өндірісі бойынша көш бас­тап келген Қытайда салаға тыйым са­­­лынғаны себеп болды: аспанасты елі­нің «кеншілері» жапа-тармағай біздің ел­ден «пайдалы қазба» іздеуге көшті. Қош делік, табысы мол сала, де­ген­мен Энергетика министрі елі­­­міздегі электр энергиясының тап­шы­лығына майнинг себеп болып отыр­ға­нын айтқан еді. Сөйтіп, Президенттің тап­сырмасы бойынша, майнерлердің қыз­метіне байланысты техникалық шарт­тар қайта қаралатынын мәлімдеген. Бұл жердегі басты міндет – майнерлер қол­данатын энергия көлемін анықтау. Ал елдегі майнинг фермалары энер­гия тұтыну жағынан Алматы қаласының жартысынан асып түседі екен. Жақында бір мезетте Қазақстан, Қырғыз Респуб­ли­касы және Өзбекстанда байқалған электр энергиясындағы ақаудың себебін көп­теген сарапшы майнингпен байла­ныс­тырған еді. KEGOC компаниясы Қа­зақ­станның бірқатар қаласында электр қуатының жаппай сөнуіне қатыс­ты ресми сайтында мәлімдеме жасады. – 2022 жылдың 25 қаңтарында сағат 11.59-да (Нұр-Сұлтан уақыты бойынша) Орталық Азияның энергия жүйесінде (Өз­бекстан, Қырғыз Республикасы) туын­даған апаттық теңгерімсіздік сал­дарынан «Қазақстанның Солтүстік-Шы­ғыс-Оңтүстік» электр энергиясы тран­зитіне 500 кВт қуат көлемінде күш түс­кен. Салдарынан «Қазақстанның Сол­түстік-Шығыс-Оңтүстік» транзитінде апат болып, Қазақстанның оңтүстік ай­мағындағы электр тұтынушыларының басым бөлігі жарықсыз қалды. Шектеу көлемі – шамамен 1500 мегаватт», – делін­ген хабарламада. Дегенмен елімізге майнинг фер­маларының жаппай көшіп келуі отандық энергия саласының пробле­ма­ларын ашты, яғни майнингтен аса қатты зар­дап жоқ деген де пікір бар. Мәселен, Дүниежүзілік банк сарапшысы Чарльз Кормье Қазақстанның майнингтен қыруар табыс табуға мүмкіндігі барын айт­қан екен. Энергетика министрі Болат Ақшо­ла­қов биыл электр энергия­сы­ның бағасы былтырғы деңгейде сақ­талуы тиіс екенін айтты. Қазір энергия­мен толық жабдықтау және ұлттық электр жүйесінің тұрақтылығын сақтау ба­ғытында ауқымды жұмыс қолға алын­ды. Тиісті жоба 180 күн ішінде әзірленуге тиіс. Сондай-ақ жанар-жағармайды ма­мыр айына дейін экспорттауға қойылған уа­қытша шектеу мерзімі ұзартылады. Себебі мораторий алынып тасталғаннан кейін баға бірден шарықтап кетуі мүм­кін. Энергетика министрлігі бұл жайт­тың алдын алмақ. Ал жанар-жағармай бағасын реттеу үшін алыпсатарларға тос­қауыл қойылады. Енді сатып алушы­лар тек өндірушілермен тікелей жұмыс істейді. Министр мәселенің түйткілі «сұр май­нерлерде» жатқанын айт­қан еді. Майнерлер сұр және ақ деп екіге бө­лінеді. «Сұр майнерлер» жасырын жұ­мыс істейді, салық төлемейді, ал «ақ май­нерлер» керісінше. Көлеңкелі тұсы көп Осылайша, «сұр майнерлерді» анық­тау мен әшкерелеу бойын­ша жұмыстар басталды. Ақпанның аяғында Ақмола облы­сында деструктив діни ағым өкіліне тие­сілі заңсыз майнинг фермасы анық­талды. Тінткен кезде жабдықтар, 20 дана шифрлау жүйесі және криптовалютаны генерациялау үшін қолданылатын бей­некарталар табылған. Содан соң Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Алматы облысы Жамбыл ауданында орналасқан ірі май­нинг фермасын әшкереледі. Заңсыз әрекет шетелдік инвес­тор­лармен бірлесе отырып, бұрынғы мата зауыты болған «Қарғалы» АҚ аума­ғында жүзеге асырылғаны хабарланды. Ұйымдастырушылар майнинг фер­масы тұтынған электр қуа­тын тоқыма өндірісі атынан жеңіл­де­тіл­ген тариф бойынша төлеп келген. Тінту ке­зінде мамандар құны 1 миллиард тең­геден асатын криптовалюта өндіру үшін ірі шифрлау кешені бар 2 800-ден астам жабдық тәркіледі. – Алдын ала бағалау бойынша мем­ле­кетке 131 198 909 теңге мөлшерінде за­лал келтірілген. Сонымен қатар май­нинг фермасын ұйымдастырушылар «Ала­тау Жарық Компаниясы» АҚ мен Жам­был ауданының ЭТА-нің қызмет­кер­леріне 50 мыңнан 1,5 миллион тең­геге дейінгі сомада пара беріп отырған, – деп жазылған хабарламада. Ізін ала наурыздың басында Нұр-Сұл­танда да заңсыз майнинг фер­масы анықталды. Қаржы мониторингі агенттігі мәліметінше, заңсыз майнинг фермасы қала аумағындағы өнеркәсіптік базалардың бірінен анықталған. Май­нинг­ке арналған 56 құрал-жабдық та­былған. Тәркіленген криптовалюта 237 000 АҚШ доллары көлеміндегі қолма-қол ақшаға айналдырылған. Парламент депутаттарының мә­ліметінше, елімізде сауда-сат­тық­тың кейбір түрлері, жылжымайтын мүлік саудасы осы валютамен жасала бас­таған. Бұған Krisha.kz, Olx.kz сайт­тарын­дағы «мүлікті криптовалютаға сата­мын» деген ескертпелерінен аңғару­ға болады. Оған қоса, интернеттегі «Май­нинг жасау тәсілдерін үйрету», «Цифрлы қаржы табу» іспетті түрлі онлайн семи­нар-тренингтердің көбейгенін де бай­қауға болады. Бұл сөзді криптосарапшы Ғимран Әбдірахманов та растап отыр. – Сатылым жүріп жатыр. Халқымыз өте белсенді. Олар кәдімгі депозиттерден шар­шады. Олар басқа альтернативті ин­вестиция түріне қызығып жатыр. Ха­лық­аралық қаржы орталығы қазір жақ­сы ортаны құрып жатыр, – дейді ол. Ал заңнамада биткоин төлем құралы болып белгіленбеген. Оны қолдану мен қол­данбауға қатысты да сөз қозғалмаған. Қол­даныстағы заңымызға сүйенетін бол­сақ, Қазақстанда криптовалютамен есеп айырысу құқықбұзушылық сана­лады. Салық та еселенеді Одан бөлек, майнерлерге салына­тын салық көлемі ұлғайтылмақ. Се­бебі қазір 1 киловатт энергия үшін олар небәрі 1 теңге ғана салық төлейді, де­генмен бірнеше облыс тұтынатын электр энергияны жұмсап отыр. – Майнингтің бір техникасы үш бөл­ме­лі пәтерден 8 есе артық энергия тұты­на­ды. Ең жоғары жүктеме тіркелген кез­де энергия жүйесінде электр қуаты­ның тапшылығы байқалып отыр. Қажет­тілік­тің өсуінің негізгі себебі – цифрлік май­нинг субъектілерінің қызметі, – деп мә­лімдеген Энергетика министрі. Осыған байланысты Қаржы мо­ни­торингі агенттігі салық кеден түсімдері мен келісімшарттарды бүге-шіге­сіне дейін қарап шығу туралы тап­сыр­ма алды. Ал Үкімет қысқа мерзімде олар­дың жұмысын реттеуге міндетті. Бұл шаралардың нәтижесі 1 сәуірде белгілі болады. 2022 жылдан бастап цифрлық май­нинг үшін төлемақы енгізілген болатын. Оның ставкасы 1 кВт – 1 теңге. Бірақ та оны көбейту мақсатында жұмыстар жүр­гізіліп жатыр, деп мәлімдеген еді Қаржы ми­нистрлігі Мемлекеттік кірістер коми­теті басқарма басшысының орынбасары Айнұр Сартаева. Сондай-ақ Президент энерге­ти­ка­лық қауіпсіздік мәселесін шұғыл шешуді жүктеді. Атом электр стансасы болмаса экономикамыз құрдымға кетеді. Бірақ жауапты адамдар бұл мәселеден ба­сын алып қашады. Бізге таза атом энер­гиясы қажет деп кесіп айтты. Қазір бізде бұл салаға тексеру, зерттеу жүргізіліп жатыр. Нәтижесі белгілі болғаннан кейін нақты шаралар қабылдануы керек. Майнингтің пайдасы орасан ба, жоқ, әлде шығыны мол ма, бұл мәселе де сол кезде анықталады деп сенеміз.