«Мұзбалақ» анимациялық фильмінің түсірілімі жалғасуда

ҚР Мәдениет және спорт министрлігі тапсырысы бойынша Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ былтыр өндіріске жіберген «Мұзбалақ» толықметражды анимациялық фильмінің түсірілім жұмыстары жалғасып жатыр. Бұл туралы Ш.Айманов атындағы «Қазақфильмнің» баспасөз қызметі хабарлайды.

«Мұзбалақ» анимациялық фильмі келер жылдың күзінде аяқталады деп жоспарлануда. Аталмыш мультфильмнің экранға шығу мерзімі қазақ мультипликациясының 50-жылдық мерейтойына сәйкес келіп отыр.

«Мұзбалақ» фильмінің сюжеті былайша өрбиді: ерте заманда адамдар кесірінен жер астындағы айдаһарға айналып келе жатқан әб жылан оянып, жер бетіне шығып, маңайын жалмап, қазақ ауылына үлкен апат әкеліп, үрей  туғызады.  Ол ауылды отқа орап, қарсы келгенді жалмап келе жатқанда, бір   қыран бүркіт балапанын қорғап, онымен айқасып, ақыры әб жылан қайта жер   астына құлап, жоқ болады. Ал қыран отқа оранған ұядан балапанын алып,  алысқа ұшып кетеді. Адам қанын жұтып дәніккен әб жылан күн тұтылып,  өзінің айдаһарға айналар сәтін асыға күтеді.

 Бұны білген ауыл адамдары  айдаһарды жеңетін тек Мұзбалақ екенін біліп, соны табуға ат салысады.  Мұзбалақты тапқан атаққұмар, тоғышар Шегір мен ақылды, ақ жүрек Ақтай  арасында тартыс ұзаққа жалғасып, соңында Мұзбалақтың тілін тапқан Ақтай Мұзбалаққа еркіндік беріп, онымен адал достық орнатып, алып күш айдаһарды бірлесе отырып жеңіп, қазақ ауылын қара күштен құтқарып қалады.

Сондай-ақ, «Қазақфильм» киностудиясының негізінде жасалған «Анимациялық кино» шығармашылық-өндірістік бірлестігінде өндіріске жібергелі отырған «Күлтегін» толықметражды мультфильмінің дайындық жұмыстары басталды. Айта кетейік, Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ «Анимациялық кино» шығармашылық-өндірістік бірлестігі 2009 жылдан бері жұмыс істейді. Осы жылдар ішінде 36 қысқаметражды анимациялық фильм (жылына орта есеппен 6 фильмнен), сондай-ақ, қазақ анимациясы тарихында тұңғыш рет 3D форматта, «Ер Төстік» қазақ халық ертегісін негізге алған жоба – «Ер  Төстік және Айдаһар» толықметражды анимациялық фильмі түсірілді.

Back to top button