Мемлекет билігі мен халықтың арасында ешқандай түсініспеушілік болмай, билік халық үшін жұмыс істеп, халық билікті қолдаса, ол елдің тұтастығына зор пайдасын тигізетін бірден-бір игілікті іс болары анық. Өйткені мемлекетті құрайтын – халық, ал билік – мемлекет тұтастығының кепілі. Осыны өз дәрежесінде жүзеге асыру үшін Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа Қазақстан» идеясын жүзеге асыруға кірісті. Осы жылдың басында бұл жайында Президенттің өзі «Жаңа Қазақстанның мақсаты – азаматтардың әл-ауқатын арттыру, табыс алшақтығын жою, жұмыс орындарын ашу және инфляцияны тежеу. Біздің барлық күш-жігеріміз миллиондаған қазақстандықтың қауіпсіздігі мен тұрмыс жағдайының сапасын жақсартуды қамтамасыз етуге бағытталған. Біз ұлттық экономиканың ашықтығына, келісімшарттарға қол сұғылмайтынына, зияткерлік меншік құқығы сақталатынына және жемқорлықпен аяусыз күрес жалғаса беретініне кепілдік береміз», – деген еді. Бүгінде Мемлекет басшысының бұл сөзі іс жүзінде өзінің өміршеңдігін көрсетіп жатыр деуге болады. Өткен жылдың соңында еліміздің Тәуелсіздік алғанының 30 жылдығы атап өтілді. Әрине, бұл кезеңде қазақ елінің саяси-экономикалық тұрғыдан қалыптасып, дамуы үшін біраз жұмыстар атқарылды, дегенмен кейбір кемшіліктер болғаны да шындық. Ал оны жою үшін саяси тұрғыдан «Жаңа Қазақстан» идеясын жүзеге асырудың маңызы зор. Бұл орайда, кеткен кемшіліктер жөнінде Президент Қ.Тоқаевтың «Шетелдік инвесторларға жағдай жасалып, мол қаражатты бірінші кезекте өңдеу және банк салаларына тартуға мүмкіндік берді. Бұл қаржы Қазақстан экономикасына тұрақтылық әкелді. Әлеуметтік бағдарланған мемлекет қалыптастыруға мүмкіндік туғызды. Бірақ біз сыртқы әл-ауқаттың арқасында сыртқы игіліктің шикізаттық лағынетке айналғанын байқамай қалдық. Біз трансформацияда ұтқыр болған жоқпыз. Сапалы түрлену мұндайға қарсы түрлі топтардың мүддесімен бетпе-бет келді. Соның салдарынан біз әртараптандырылған экономиканы құра алмадық», – деуі ел экономикасының аяғынан тұсаған кемшіліктерді тап басу еді. Сонымен бірге елімізде жемқорлық мәселесі де асқынып кеткен. Бұл ретте аталған мәселеге Мемлекет басшысының арнайы тоқталғанын ескерсек, оның «Келеңсіздіктің бар екенін кәсіпкерлер де растап отыр. Сауалнамаға қарасақ, шет елмен сауда жасайтын адамдардың 90 пайызы жемқорлықпен бетпе-бет келген. Оның ішінде 45 пайызы кеденшілерге пара беруге мәжбүр болған. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Шығыс Қазақстан облысындағы 3 көліктік бақылау бекетін жемқорлық әбден жайлағанын анықтады. Елімізде мұндай 49 бекет бар. Кеден және көліктік бақылау саласындағы парақорлық транзиттік әлеуетімізді толық пайдалануға мүмкіндік бермей отыр», – деген сөзі ел дамуының аяғына оралғы болып жүрген үлкен бір проблеманың бетін ашады. Бүгінгі дәуірде елдің экономикалық жағдайының жақсаруына пайдасын тигізуі тиіс топтың бірі – іскерлер қауымы. Алайда елімізде өз бизнестерін оңтайлы жүргізіп отырған қалталы азаматтар да халқымыздың әлеуметтік жағдайының көтерілуіне мүдделі болмаса, бұл экономикамызда кері кетушілік үдерісі тууы мүмкін. Сондықтан шеттегі капиталды елге қайтару немесе капиталды елге қайтаруды ынталандыру, сондай-ақ оффшорға қаржы кетуіне тосқауыл қою ісі дұрыс жүргізілуі қажет. Бұл жөнінде Қазақстан президенті кәсіпкерлермен кездесуінде бұл мәселені де назардан тыс қалдырмады. Сондықтан Мемлекет басшысының «Шетелдік инвестициялар үшін күрес шиеленіскен қазіргі жағдайда ішкі резервтерге барынша сенім артуымыз керек. Әңгіме отандық компаниялардың қаражаты туралы болып отыр. Болашағыңызды Қазақстанмен байланыстырсаңыздар, онда өз қаражатыңызды елге қайта инвестициялауыңыз керек. Қазақстан алдындағы әлеуметтік және саяси жауапкершілігіңіз – осы. «Осында ақша табамын, басқа жақта жұмсаймын» деген қағидат бұдан былай болмауы керек», – деуі қазіргі кездегі өзекті сөздің бірі дер едік. Бәрімізге белгілі биыл жыл басында елімізде болған «Қасіретті қаңтар» оқиғасының да бір себебі елдің әлеуметтік жағдайына байланысты қордаланып қалған мәселелердің шешімін таппауынан дер едік. Сондықтан қазіргі ел билігі алдағы уақытта жоғарыда аталып өткен кемшіліктерді болдырмау мақсатында биліктің елмен тығыз байланыста болуын қамтасыз ету жолында бірқатар жұмыстар жүргізуде. Соның бірі – Парламент Мәжілісі депутаттарының өңірлердегі халықпен кездесіп, олардың талап-тілектерін өз ауыздарынан естіп, қандай шешімін таппай жүрген проблемаларды анықтау үшін жұмыс жүргізуі. Халық қалаулыларының ол сапары елге де, билікке де нәтижелі болар деп сенеміз. Мәселен, Мәжіліс депутаттары Бекқали Торғаев пен Артур Платоновтардың осы аптада Алматы қаласына сапары кезінде жедел медициналық көмектің мамандандырылған автокөлік кәсіпорнын аралап, мегаполис халқының қажеттіліктерін толық қамтамасыз ету үшін қосымша он шақты қосалқы станса қажет екеніне көз жеткізді. Ал Атырау облысына сапар шеккен халық қалаулылары Нұрлыбек Ожаев, Дүйсенбай Тұрғанов, Сәлімжан Нақпаевтар «Химик-Атырау» бау-бақша қоғамы елді мекенінің тұрғындарымен кездесті. Сондай-ақ Мәжіліс депутаттарының Ақтөбе облысындағы кездесуінде ана мен бала мәселесі талқыланды және жергілікті халықпен әлеуметтік ахуалды оңалтуға қатысты қордаланған проблемаларды шешу жолдары талқыланды. Медицина қызметкерлері депутаттарға дәрігерлердің әлеуметтік қорғалуының төмендігін жеткізіп, дәрігердің қоғамдағы беделінің төмендемеуі үшін оларды әлеуметтік жағынан қорғауға қатысты нақты шараларын анықтау қажеттігін айтты. Ақмола облысының Қосшы қаласына барған депутаттар Мәди Елубаев пен Юлия Кучинская ондағы әлеуметтік-экономикалық даму барысымен танысты. Олар бір ауысымда 100 келушіні қабылдауға мүмкіндігі бар жаңа емхананың құрылысымен танысып, объектілердің уақытында тапсырылуын бақылауда ұстау қажеттігін сөз етті. Маңғыстау облысына барған Мәжіліс депутаттары Еділ Жаңбыршин мен Самат Мұсабаев экологиялық кеңес мүшелерімен бірге Мұнайлы ауданындағы «Қошқар ата» ойпатында радиоактивті қалдықтар қоймасын залалсыздандыруға қатысты мәселелерді талқылады. Қызылорда қаласына барған Мәжіліс депутаттары, «Ақ жол» партиясы фракциясының мүшелері Берік Дүйсенбинов пен Ерлік Өмірғали қаңтар оқиғасына байланысты күдікті деп танылып, тергеу изоляторында қамауда отырған азаматтармен және олардың жақындарымен кездесті. Міне, Мәжіліс депуттарының осындай кездесулеріне қарап, халықтың талап-тілектері мен оларға тиісті шешілмей жатқан түрлі мәселелер болашақта ел билігіне уақытылы жетіп, халықтың әл-ауқаты мен тұрмыс деңгейінің көтерілуіне зор пайдасын тигізетін болады деп сенгіміз келеді. Дархан МЫҢБАЙ, Парламент Мәжілісінің депутаты: Бұл кездесулер бұрынғы кездесулермен салыстырғанда мүлдем басқаша
– Мен қазір Түркістан облысында жүрмін. Халықпен, зиялы қауыммен, сондай-ақ блогерлермен кездестім. Алда тағы да кездесулер бар. Жалпы ел аралап, халықпен кездесуге Парламент Мәжілісінің 104 төрт депутаты 130 кездесу ұйымдастырмақ. Өзім ауылдарда, түрлі еңбек ұжымдарымен жүздесіп, олардың талап-тілектерімен танысып, ұсыныстарын тыңдадым. Шынын айту керек, бұл кездесулер бұрынғы кездесулермен салыстырғанда мүлдем басқаша. Халық көп проблеманы ашық айтып жатыр. Олардың сөздерінен өзгерістердің болғанын қалайтынын сезуге болады, әр саладағы кемшіліктерді тізіп айтып жатқандар да бар. Түркістан облысын аралаған кезімде мектептің жетіспей жатқаны көп айтылды. Сондай-ақ балаларды оңалтуға қатысты да проблемалар бар екен, мәселен бір ғана Түлкібас ауданында оңалту мекемесін қажет ететін 600-дей бала тіркеуде тұр екен. Олардың көбі бүгінде 38 балаға арналған тар жерге орналастырылған. Соларға арналған басқа ғимарат салынса деген талап-тілектер айтылды. Орын жетіспегендіктен кезекке тұрған балалар көп. Олардың басым көпшілігі ерекше күтімді қажет ететіні анық. Сонымен бірге Түлкібас ауданынан өтетін темір жолдың астынан жерасты өткелі салыну қажеттігі айтылды. Бұл мәселеге Теміржол басқармасы назар аударғаны дұрыс деп ойлаймын. Сосын бұл өлкеде суландыру мәселесі жиі айтылып жатыр. Бұрын жасалған суарналардың көбі қирап қалған. Бұл таудың баурайында орналасқан аудан үшін қиындық тудырары сөзсіз. Көктемде қауіп тудыратын бұл жағдайға байланысты халық осыны шешуі тиіс Ауыл шаруашылығы министрлігіне үлкен сын айтып жатыр. Зиялы қауыммен кездескенде жемқорлық мәселесі туралы көп сөз болды. Бір қызығы, ел ішінде басшылар тарапынан газеттерге жазылуды ұйымдастыру мәселесін де жемқорлық деп санайтындар бар екен. Кейбір мектептерде жемқорлыққа қарсы күрес агенттігіне де қоңырау соғып, «бізді әкімдіктен мынадай газетке зорлап жаздырғалы жатыр» деп шағым айтатындар бар екен. Бірақ мұны жемқорлыққа жатқызу әбестік шығар. Мемлекеттік баспасөз арқылы мемлекеттің істеп жатқан ісін, заңдарды, халықтың әл-ауқатын көтеру бойынша істеліп жатқан іс-шараларды білетініміз анық қой, әйтпесе алып-қашпа сөзге сеніп қалатындар көп емес пе? Жұрт ештеңе оқымаса, ештеңе білмесе сауатсыздық мәселесі туындамай ма? Зиялы қауым, оның ішінде қаламгерлер тарапынан көтерілген мәселенің бірі кітап шығару ісіне байланысты. Олар кітаптарын шығаруға мемлекет тарапынан қамқорлық бола бермейтініне шағымданады. Сондай-ақ жергілікті жерлердің газеттері берілуі тиіс қаражаттарды басқа жақтан келіп игеретіндер, яғни тендерді ұтып алып, жергілікті баспасөзге қиындық тудыратын жағдайлардың бар екені де айтылды. Тағы бір назар аударуға тұрарлық мәселе – мектептерде істейтін кітапханашыларға жалақы өте төмен төленеді екен. Педагогтар үшін көтерілген жалақы оларға неге көтерілмейді дегенді айтып жатыр. Түркістан тұрғындарын толғандыратын проблеманың бірі – азық-түліктің қымбаттауы. Осыған байланысты олар «өзімізде өндірілетін ұнның бағасы неге қымбат? Бидайды сыртқа экспорттамаса ұн арзан болмас па еді?» дегендей мәселелер көтерілді. Мен оларға мемлекет экспорт жасамаса экономиканың өспейтінін, нарық заманында бағаны мемлекет белгілей бермейтіні туралы түсіндіргендей болдым. Шынына келсек, қазір елдің көзі ашық қой, бәрін көріп, біліп отыр. Сондықтан олар тарапынан талап-тілектер негізсіз дей алмаймыз. Демек, депутаттардың ел аралап, халықтың мұң-мұқтажын біліп отырғаны пайдалы іс дер едім.Ерлан САИРОВ, Парламент Мәжілісінің депутаты: Кездесулерде көтерілген мәселелерді әртүрлі деңгейде қарастырып жатырмыз
– Мен қазір ел аралауды енді ғана бастадым. Бір күн Өскемен қаласында болдым. «Қасіретті қаңтар» оқиғасы бойынша күдікке ілінген адамдардың туыстарымен кездесіп, облыстық прокуратурада сол мәселені талқыладық. Қазір сол азаматтардың тағдырына қатысты кей мәселелерді реттеу жөнінде жұмыс жүргізіп жатырмыз. Мұның алдында Семей қаласында болдық. Онда Семей қаласының әлеуметтік-экономикалық проблемаларын, сонымен бірге Семей қаласындағы қоғамдық даму мәселелерін қарастырдық. Семей қаласының қоғамдық мәселелерімен кездесіп, олардың еліміздегі бүгін қалыптасқан саяси реформалар жөніндегі ой-пікірлерін тыңдадық. Сонымен бірге мынау ат төбеліндей биліктегі азаматтардың Қазақстанның бүкіл байлығының барлығын иеленіп кеткені сол кездесуге қатысқан азаматтар тарапынан өткір сынға ұшырады. Әрине, кейбір мәселелер орталықта шешілсе, кейбір мәселелер жергілікті жерде шешілетіні белгілі. Сондықтан кездесулерде көтерілген мәселелерді әртүрлі деңгейде қарастырып жатырмыз. Енді осындай кездесулерге қатысу үшін Тарбағатай ауданына кетіп бара жатырмын. Жалпы, еліміздегі кедейшілік мәселесі назар аударарлық мәселе ғой. Ол алдағы кездесулерде айтылары анық. Десек те, Президентіміздің Үкімет мүшелеріне азаматтарымыздың көпшілігінің әлеуметтік жағдайын арттыру бағытында жедел қадам жасауға тапсырма бергені көп мәселенің шешімін табуына үлкен әсер етері сөзсіз. Ел тарихында халықтың көпшілігінің әлеуметтік жағдайының нашарлығы Мемлекет басшысы деңгейінде алғаш рет көтерілді. Мұны Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қоғамды, азаматтарды, халықты толғандыратын мәселе бойынша ашық, шынайы әңгімеге шақырып отыр деп түсінуіміз керек. Мәжіліс депутаттарының ел аралап, халықпен кездесіп, оларды толғандыратын мәселелерді жұрттың өз аузынан тыңдауы да саяси-экономикалық жағынан тиімді әрекет деп түсінуге болар. Егер халқымыздың басым көпшілігінің әлеуметтік жағдайы төмен болса, онда еліміздің тұрақты дамуына зияны тиері сөзсіз.