Тарихтан сабақ алуымыз керек

Тарихтан сабақ алуымыз керек

Тарихтан сабақ алуымыз керек
ашық дереккөзі
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Qazaqstan» ұлттық арнасына берген сұхбатында өзекті мәселелерге қатысты сауалдарға нақты жауаптар берді. Тарқатып айтсақ, мемлекеттік тіліміз туралы «мемлекеттің мәселесін мемлекеттік тілде айтуымыз керек. Тіліміз бізден басқа ешкімге керегі жоқ. Сондықтан, ең алдымен, ана тілімізге өзіміз құрмет көрсетуіміз керек» екенін кезекті рет атап өтті. «Қаңтар қасіреті» алдын ала жоспарланған әрекет екені айтылды, арнайы дайындықтан өткен қылмыстық топтар мен лаңкестер бейбіт шерудің бел ортасында жүріп, қарақшыларды, құқық бұзушыларды басқарған. Ал бейбіт шерушілер солардың қармағына түскен. Қазір сол кінәсіз азаматтардың құқығын қорғау керек. Бұл біздің халқымыздың қауіпсіздігіне, еліміздің тұтастығына төнген қауіп болды. Әрі қарай ел Президенті «Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың 30 жылдық еңбегін жоққа шығаруға болмайды деп ойлаймын. Тарихқа қиянат жасамау керек. Нұрсұлтан Назарбаев – мемлекетіміздің іргесін қалаған, мемлекеттігімізді нығайтуға зор үлес қосқан тұлға. Оның қызметіне әділ баға беруге міндеттіміз. Тұңғыш Президенттің кемшіліктері болса, одан жас басшылар сабақ алуы қажет» деп болашаққа бағдар берді. Мемлекет басшысы қазақ журналистикасының деңгейіне жоғары баға беріп, бұрыннан қалыптасқан дағдысы бойынша мерзімді баспасөзді үзбей қарайтынын, оның ішінде «Egemen Qazaqstan», «Aiqyn», «Астана ақшамы», «Ана тілі», «Қазақ әдебиеті», «Жас қазақ», «Түркістан» газеттерін міндетті түрде оқып, теледидардан жаңалықтар мен сараптамалық бағдарламаларды көретінін айтты. Алаш қайраткері Ахмет Байтұрсыновтың «Газет – халықтың көзіқұлағы һәм тілі» дегеніне ден қойсақ, ресми бұқаралық ақпарат құралдары – тілімізді, идеологиямызды, руханиятымызды сақтаудың тамыршысы. Қасым-Жомарт Кемелұлы – шығармашыл тұлға. Оның  шытырман хикаялы проза жанрында қалам тартқан белгілі жазушы, журналист әкесі Кемел Тоқаев туралы жазылған «Әке туралы ой-толғау», Елба­­сы тұлғасына арналған «Ол тарихты жасап жатыр» кітаптары мен дипло­ма­тия, сыртқы саясат мәселелеріне арналған   туындылары кеңінен қолданылып жүр. Әлемге әйгілі ғалым Әбу Насыр әл-Фараби «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары туралы трактатындағы» ізгі қоғам туралы ойларында «қайырымды қаланың», яғни мемлекеттің лайықты гүлденіп, өмір сүруі үшін жеке тұлғаның қаншалықты маңызды екендігіне баса мән берсе, жеке тұлғаның немесе ел басшысының мемлекет дамуындағы рөлі қашанда жоғары болғаны – өзгермейтін қағида. Қ.Тоқаев Жаңа Қазақстан тұжырымдамасын іске асыру үшін қажетті бірнеше күрделі әрі аса маңызды мәселелерді атап өтті.  Ол үшін адами капитал жоғары болуы қажет, білімі жоғары, парасатты, білікті кадрлар қажет, бұл үшін Президенттік жастар кадрлық резерві құрылды, әлі де шаралар қабылдануы керек, себебі мемлекеттік қызметшілерге қойылатын талап өте жоғары болуға тиіс. Сонымен қатар «еңбекқорлықтың, біліктіліктің идеологиясын көтеруіміз керек. Ұлтымыз дүние жүзінде, ең алдымен, еңбекқор, жұмысқа адал ұлт ретінде мойындалатын болса, бұл экономикамызға оң әсер етеді. Масылдықтан, жалқаулықтан алшақ болуымыз қажет» деген ойы көңілімізге қонды. Президент «Адамдар мемлекет үшін емес, мемлекет адамдар үшін» деген ұстанымын жариялау арқылы «Егемендікті сақтап қаламыз ба?» деген күмәнді ойға берілмей, әрқайсымызды «Тәуелсіздігімізді қалай бекем ұстап қаламыз?» деп ойлануға шақырды. Себебі, біз үшін жалғыз ғана мемлекет бар, ол – Қазақстан. Бұл – біздің қасиетті Отанымыз. Басқа Отанымыз жоқ. Отанын қорғау, халқының амандығын сақтау – әр азаматтың борышы. Осыны ұмытпауымыз керек. Қазақ елі жасай берсін!

Мира БАЛТЫМОВА, Ақтөбе қалалық мәслихатының депутаты, «Nur Otan» партиясы фракциясының мүшесі, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің бас ғылыми хатшысы