Қалың қалай, қазақ оқулығы?

Қалың қалай, қазақ оқулығы?

Қалың қалай, қазақ оқулығы?
ашық дереккөзі
922
Қазақстандағы білім беру жүйесінде аз-кем реформалар жүргізілді. Сол рефор­ма­лардың мақсаты оқушы мен педагогтің байланысын арттырып, оқытудағы тың әдіс­тер мен бағыттарға жол сілтеу еді. Барлық шараны жоққа шығаруға болмас, бірақ мұғалімдер осы өзгерістен көптеген оңтайлы тұсты іздегенін жасыра алмаймыз. Тек мұғалім ғана емес, бүкіл білім саласының мамандары, сондай-ақ бүлдіршіндер де бір үміт күтті. 2015-2016 оқу жылында «Жаңартылған бі­лім беру бағдарламасы» республика кө­ле­мінде 30 пилоттық мектепте және бірнеше шал­ғай ауылдарда сынақтан өтті. Содан бері осы бағдарламаға 2016 жылдан 2019 жылға дейін 1-11 сыныптар біртіндеп көшкенін біле­міз. Бұл процесс әлі де жалғасуда. Осы жаңа маз­мұн негізінде жаңа кітаптар даярланып, оқу­шыларға таратылды. Мұғалімдер тың әдіс-тә­сілдерді үйрену үшін курстардан өтті, ба­ла­лар машықтанды. «Жаңартылған білім беру мазмұнының» жал­пы бағытына, яки сипаттамасына келетін бол­сақ, мұнда бұрынғыдай алдымен ереже беріл­мейді, керісінше мысал алға шығып, одан кейін ереже түсіндіріледі. Мәселен, 9 сыныпқа ар­налған қазақ тілі кітабының 20-бетін аш­саңыз, («Мектеп» баспасы) онда алдымен «Жаһан­дану және ел тағдыры» деген тақырып тұр. Одан кейін келесі бетте «Көркем әдебиет сти­лінің» ережесі берілген. Әрине, жаһандық мә­селелерді балалардың оқығаны, білгені дұ­рыс. Дегенмен оның көркем әдебиет стилімен еш­қандай байланысы жоқ. Көркем әдебиет сти­лін ұғындыру үшін поэтикалық немесе көр­кем-эстетикалық құндылықтарға байла­ныс­ты тақырып қолданылғаны дұрыс еді. Мә­се­лен, «Қаламгерлер аллеясы», яки «Қалам­гер­лер туралы қызықты деректер» деген та­қы­рып болғанда, тақырып-ереже-тапсырма үш­тігінің арасында қандай да бір үйлесім мен қисын пайда болып, оқушы білімді тез қабыл­дай­ды. Яғни, бүгінгі оқулықтарда қисын аз. Қи­сы­ны жоқ кез келген іс көңілге қонымсыз, тү­сі­­ніксіз әрі қызықсыз болмақ. Біз бір ғана оқу­лықтың ішіндегі олқылықтарды айта оты­рып (9 сынып, Қазақ тілі), басқа оқулықтардың да сондай хәлде екенін аңғартқымыз келеді. Біріншіден, кітаптағы көптеген ереже бала санасына ауыр қабылданады. Бүгінгі оқу­шылар – қостілді, яғни қоссаналы ұрпақ. Қа­з­ақ және орыс тілдерінде қатар сөйлегендіктен, олар мәтін құрауға, ауызша пікір алмасуға бейім емес. Ал осындай оқушының алдындағы кітап ең алдымен түсінікті, қарапайым тілде жа­зылуы керек. Кітаптың 33-бетінде «Құрм­а­лас сөйлемнің қалыптасып, дамуы» деген та­қы­рып және астында сол туралы ереже беріл­ген. Онда: «Күрделі ой мен күрделі пікірді біл­діру үшін қызмет ететін құрмалас сөй­лемдер көне жазба ескерткіштер тілінде, көр­кем әдебиеттерде, ғылыми және саяси ең­бек­терде жиі кездеседі. Құрмалас сөйлемдер – жай сөйлемдердің негізінде қалыптасқан кейін­гілік құбылыс. Қазіргі әдеби тіліміздің барлық жанрында қолданылатын құрмалас сөйлемнің қалыптасып, дамуы – бір күннің жемісі емес», – делінген. Шыны керек, мұндағы мә­тін мазмұны жеңіл қабылданбайды, бала түгіл ересек адам екі қайтара оқымаса, дұрыс тү­сіне алмайды. Одан кейін қазақ тілінде көп кез­деспейтін «кейінгілік» сөзі қаншалықты орын­ды қолданылғанын сараптай беріңіз. «Кейін пайда болған құбылыс» делінсе, бәлкім ұғынықты болар ма еді? Ереженің бастапқы сөйлемдері анық, дәл жә­не жаңа білімге сілтеуші рөлді атқару керек. Жоғарыда аталған ережені: «Құрмалас сөйлем – екі немесе бірнеше жай сөйлемнен құралып, күр­делі ойды білдіретін, мағыналық жағынан өзара байланысты біртұтас сөйлем» деп жазса, тақырып бірден ашылып, ереже мазмұнын жүйе­лейді. Ендеше, көп сөзден дөп сөз маңыз­дырақ. «Бала тілі» ұғымы – білім берудің бастапқы са­тысында тұруы тиіс. Олай болмағанда, білім беруші педагог те, білім алушы оқушы да дел-сал күйге түседі. Бала тілі – ересек тілі емес. Ол тіл – жеңілдігімен, қызықтығымен құнды. Мей­лі, 9 сынып оқушысы болса да, ережелер мен тапсырмалар оның санасына бірден «құйы­лып», бір қазыққа байланып, қисынмен үйлестірілуі керек. Қолдан жасалған «күрде­лі­лік» ойды таяздатпаса, тереңдетпейді. Шынтуайтына келгенде, «Жаңартылған бі­лім беру мазмұнында» ережеге аса көп назар ау­дарылмайды. Бұл бағытта көбінесе білім алу­шының жан-жақты ойлауы, басқа салалар­ды түсінуі, өмір сүруге икемді болуға жол аша­тын түрлі шарттарды білуі маңызды. Ал ере­же қосымша білім ретінде ұсынылған. Яғни, мұның астарында: бала ережені жіті тү­сін­бесе де, өмірлік дағдыларды білгені дұрыс де­ген пайым жатыр. Тағы бір айтатын жайт – ереже мен тапсырманың ой алшақтығы. Мағынаның үзілуі – түйіні шешілген моншақтай жерге шашылып, барлық «қасиетті» жоғалтары анық. Қазақ тілі кітабының 55-бетінде «Түсіндірмелі салалас құрмалас сөйлемнің» ережесі берілген. Бірақ сол ережеден кейінгі тапсырмада түсін­дірмелі салалас құрмалас сөйлем туралы мы­сал кездеспейді. Тек қана атауы жоқ, халық са­ны туралы мәтін берілген. Негізінде, ереже өт­кеннен кейін мысал берілгені дұрыс. Оқушы сол мысалды мәтін ішінен тауып, білімін то­лықтырады. Тәуелсіздік алған кезеңнен бастап Қазақ­стандағы білім беру жүйесінің ұлттық моделі қалыптасты. Ұлттық рух, ұлттық идеология, ұлт­тық таным мәселелері ескеріліп, біріз­ділік­пен қарастырылғанын білеміз. Бүгінгі жас өр­кендердің санасында ұлттық танымнан өр­біген ұлттық тәрбие бар. Сондықтан сөз парқын жете түсінген халық үшін мәдени-әлеуметтік проблемалар қалыпты деңгейде ше­шіліп, қоғамдық күй жақсы жаққа ауысқан. Бірақ уақыт көрсеткендей, адам ортаға тәуел­ді. Яғни, сондағы өзгерістерге тікелей ықпал ете алмай, ағысымен жылжиды. Біз талдап отырған оқулықтағы кейбір мә­тін­дер қайта қарастыруды, өңдеуді талап етеді. Өйткені бір кітап – мыңдаған оқушының рухани азығы. Сол оқушылардың тағдыры мен көзқарасы одан да көп адамға әсер етуі мүм­кін. Біз осы сөзімізбен кітап кемшілігін іздеп отырғанымыз жоқ, керісінше кітаптың мей­лінше сапалы болғанын қалаймыз. Яғни, ұсы­ныс жасау арқылы олқылықтың орнын тол­тырсақ, келесі кітаптың мазмұны мен мәтін­дері әлдеқайда жақсара түседі. Ережелерді талдау барысында авторлар кі­тапта: «Ұлым мынадай өтініш жасады: несіне асығамыз, мәйітті және бір күн түнетейік (Д.Досжан)», «Жаны шығып кете жаздады, өйт­кені оның қолына түскен ыдыс сау қайт­қан емес (Б.Майлин)», «Қадырдың киімі жұқа әрі ден­сау­лығы да мықты емес (С.Мұқанов)»– деген секілді бірнеше мысалдар қолданған. Бұл мысалдар – оқушының көңіл-күйін түсі­ріп, күңгірт деталь­дарға назар аударуына итер­мелейді. Сөй­лемде «жаны шыққан», «мәйіт­ті түнету», «жұқа киім», «денсаулықтың сыр бергені» сынды мағынадағы тіркестерді, ойларды қолдану қисынсыз. Оның орнына әкесін сыйлаған ұл, әке мен ұлдың арасындағы рухани әңгіме болса, Қадырдың киімі жұқа емес, киімі бүтін, бойы еңселі, абыройлы бол­са, нұр үстіне нұр болар еді. Енде­ше, сөйлем-мысалдың ең алдымен мағыналық жағы дұрыс болуы қажет. Оқушы психологиясын қалыптастыруда жа­ғымды, пайдалы мәтіндердің көп болғаны жөн. Бір мысалды оқып, көңіл күйі түскен оқу­шыдан сабақ тапсырмасын сұраудың өзі ың­ғайсыздық тудырады. Өмір сүруге деген құш­тарлық, өнерге жақындық, беделді адам­ның әрекеті балаға талпыныс дарытады, ру­хын оятады. Қорытындылай келе, қазіргі қазақ оқулы­ғы­ның ұтымды тұстары да, кемшін тұстары да жеткілікті. Осы бағыттарды жан-жақты сара­лап, сұрыптаудан өткізу – ұлт жанашыры ре­тін­дегі басты міндетіміз. Оқулықтағы олқы­л­ықтар – мұғалімнің немесе оқушының ғана мәселесі емес, жалпы қоғамның өзекті проб­ле­масы. Сондықтан оқулық жазу барысында ұлт­тық таным мен сапалы сөз, мәйекті мәтін­дер жіті қарастырылса деген ниеттеміз.

Біржан АХМЕР

Серіктес жаңалықтары