783
Әдебиет алыбымен қоштасу
Әдебиет алыбымен қоштасу

Осы жылдың бесінші ақпанында Алматы қаласында қазақ әдебиетінің аса көрнекті өкілі ‒ Қазақстанның Халық жазушысы, Қазақстанның Еңбек ері Әбдіжәміл Нұрпейісов 98 жасқа қараған шағында дүние салды.
Ол ХХ ғасырдың екінші жартысында әдебиетке келіп, өзінің болмысы бөлек дара туындыларымен қазақ көркемсөзінің деңгейін көтеріп, әлемге танытқан жазушы еді.
Ақпанның 8-і күні Алматы қаласында Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрында өткен Қазақстанның Халық жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейісовпен қоштасу рәсіміне қатысып, оны ақтық сапарға шығарып салуға шаһар тұрғындары, жақындары мен ақын-жазушылар, Мемлекеттік хатшы Ерлан Қарин, Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев, Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова, Алматы әкімі Ерболат Досаев және Бақытжан Сағынтаев, Қырымбек Көшербаев, Иманғали Тасмағамбетов секілді мемлекет қайраткерлері келді.
Мемлекеттік хатшы Ерлан Қарин Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың көңіл айту жеделхатын оқып, марқұмның туыстарына табыстады.
«Аса көрнекті қаламгер, Қазақстанның Еңбек Ері, Халық жазушысы, Ұлы Отан соғысының ардагері Әбдіжәміл Кәрімұлы Нұрпейісовтің дүниеден өтуіне байланысты көңіл айтамын. Әбдіжәміл Кәрімұлы сұрапыл соғысты бастан кешіп, елге оралған соң, қазақ әдебиетін өркендетуге сүбелі үлес қосты. Ұзақ жылғы шығармашылық қызметі жемісті болды. «Қан мен тер» трилогиясы, «Соңғы парыз» дилогиясы сияқты туындылары сыншылар мен оқырмандар тарапынан жоғары баға алды. Замана жүгін көтерген романдары әлемнің көптеген тіліне аударылды.
Әбдіжәміл Кәрімұлының жаңа белесті бағындырған қазақ әдебиетін шетелге танытуға сіңірген еңбегі орасан зор. Ол ұлт руханиятының көшбасшысы болды.
Әбдіжәміл Нұрпейісов адам жанын терең түсінетін, түрлі тағдырдың бейнесін көркем суреттей отырып оқырманға жеткізген ойлы, кең тынысты жазушы болатын. Өмір бойы қолынан қаламы түскен жоқ. Қазақ елінің рухани-мәдени саласын дамыту жолында өлшеусіз қызмет атқарды.
Ол – ұлт классиктерінің жолын лайықты жалғастырған қуатты қаламгер. Солайша, өзі де қазақ әдебиетінің патриархына айналды.
Әбдіжәміл Нұрпейісовтің соңында ұрпаққа үлгі, ұлысқа игілік болатын шығармалары қалды. Елге ес, сыртқа сес болған жазушының енді екінші өмірі басталды.
Өнегелі ғұмыр кешіп, соңында мол мұра қалдырған Әбдіжәміл Кәрімұлының жарқын бейнесі ұмытылмайды.
Халқымыз есімін әрдайым ардақ тұтады. Марқұмның иманы саламат, жаны жәннатта болсын», – делінген Мемлекет басшысының көңіл айту жеделхатында.
Иманғали Тасмағамбетов жүргізген қаралы жиында жазушының қаламдас-әріптестері Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ақын Ұлықбек Есдәулет, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, жазушы Дулат Исабеков, жазушы Мереке Құлкенов, Смағұл Елубай, Мемлекет қайраткері Қырымбек Көшербев, Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев, Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова сөз сөйледі.
Әбдіжәміл Нұрпейісов Алматыдағы «Кеңсай – 2» зиратына жерленді.
ӘБДІЖӘМІЛ КӘРІМҰЛЫ НҰРПЕЙІСОВ
1924 жылы 22 қазанда Қызылорда облысы Арал ауданы Құланды кенті Үшкөң ауылында дүниеге келді. Жазушы, аудармашы. ІІ Дүниежүзілік соғысқа қатысқан. Қазақстан Республикасының Еңбек Ері (2019). Қазақстанның Халық жазушысы (1985), Жамбыл атындағы сыйлықтың (1958), КСРО Мемлекеттік сыйлығының (1985), М.Шолохов атындағы Халықаралық сыйлықтың (2003), «Қазақстан меценаттары клубының» тәуелсіз жалпыұлттық «Тарлан» сыйлығының (2004) лауреаты. Қызылорда облысының Құрметті азаматы (2007), Алматы қаласының Құрметті азаматы (2019).
1956 жылы Мәскеудегі М.Горький атындағы әдебиет институтын бітірген. 1962-1964 жылдарда «Жұлдыз» журналының бас редакторы, 1992-2013 жылдар аралығында Қазақ ПЕН клубының президенті, «Таң-Шолпан» журналының редакторлар кеңесінің төрағасы болды.
1950 жылы ІІ Дүниежүзілік соғыс кезіндегі жағдай туралы «Курляндия» (кейін 1958 жылы «Күткен күн» деген атпен қайта басылып шықты) атты алғашқы романы жарық көрсе, 1961-1970 жылдар аралығында Азамат соғысы кезіндегі қазақ елінің Арал аймағында болған оқиғаларды суреттейтін әйгілі «Қан мен тер» трилогиясы басылып шықты. Кейін бұл роман қазақ-орыс тілдерінде қайта басылым көріп, әлемнің көптеген тіліне аударылып жарияланды.
Жазушының 2000 жылы жарық көрген «Соңғы парыз» роман-дилогиясы да тәуелсіз Қазақстан тарихындағы жарқын құбылысқа айналып, қазақ әдебиетінің әлемге танылуына зор ықпал етті. Бұдан басқа әдеби мақалалары бірнеше рет кітап болып шықты.
Жазушының шығармалары орыс, француз, неміс, испан, ағылшын, қытай, араб т.б. көптеген тілге аударылды.
Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Қан мен тер» романы кейіпкерлеріне арнап Ақтөбе қаласына, «Соңғы парыз» романы кейіпкерлеріне арнап Арал қаласына ескерткіш қойылған.
Әбдіжәміл Нұрпейісов шығармашылығы жайында
* * *
«Әрі терең, әрі шөлдегі бір ащы сулы шыңыраудай осынау роман («Қан мен тер») қазіргі таңдағы әлемнің ірі туындыларымен иық тірестіре алады; мейлі ол америкалық, мейлі ол француздық болсын...»
Луи АРАГОН (Франция)
* * *
«Өмірдегі әділетсіздік атаулыға қарсылық білдірген қаламгер қарапайым тілмен үлкен шындықты айта білген. Осынау сөз саптаудағы қатал кірпияздығының арқасында Нұрпейісов өзіне ғана тән таңғаларлық қолтаңбасы бар, заманымыздың ең терең жазушыларының бірі дәрежесіне көтерілген».
Жан МОНТАЛЬБЕТТИ (Франция)
* * *
«Трилогия классикалық орыс прозасының дәстүрінде жазылған. Эпикалық құлаш, терең суреткерлік, қилы кейіпкерлер галереясы, көркемдік шеберлік еріксіз «Тынық Донды» еске түсіреді. Осы ретте Нұрпейісовті қазақ әдебиетінің Шолоховы деуге болады».
Аугуст ВИДАЛ (Испания)
* * *
«Қан мен тер» туралы. «Ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтің «Абайынан» кейін тарихи романға құлаш сермеу – тек жүрек жұтқандардың ғана қолынан келетін тірлік. «Абай» қазақ әдебиетіндегі эталон-роман. Оқырман кез келген жаңа романды сонымен салыстырады».
Юрий КАЗАКОВ (Ресей)
* * *
«Терең мұңды дүние екен, «Соңғы парыз». Оқығаныма әлденеше күн өтсе де өн бойымды баурап алған сенің сол ұлы мұңыңның әсеріндемін».
Мұстай КӘРІМ (Башқұртстан)
* * *
«Ымырт», «Сергелдең», «Күйреу» атты осынау үш кітапта алып әлем бейнесі сомдалған. Бір нәрсе анық; қазақ әдебиетіне көркемдік қуаты зор ұлттық эпопея келіп қосылғаны анық. Нұрпейісов романы – дала психологиясының энциклопедиясы. «Қан мен тер» – ұлттық ғарышқа тән мінездер галереясы.
Лев АННИНСКИЙ (Ресей)
* * *
Мен Нұрпейісовтің кітаптарын бағзыдан бері оқып келемін, оның талантты да татымды прозасына баяғыдан бері ғашықпын. Одан көп нәрсе үйрендім, онымен сан рет сырластым да, бірақ онымен әр кездескен сайын оны жаңа білгендей боламын да тұрамын.
Шыңғыс Айтматов
(Қырғыз Республикасы)
* * *
«Сенің романыңа арқау болған («Соңғы парыз») проблемалар – әлемдік маңызы бар проблемалар».
Леонгард КОШУТ (Германия)
«Біз, мына батыс оқырмандары, француз тіліне аударылған нағыз қазақ қаламгерлері Мұхтар Әуезов пен Әбдіжәміл Нұрпейісовті мысалға келтіре аламыз. Әуезов жайлы айтқанбыз, енді Нұрпейісовті атап өткім келеді. Иә, Қазақстан азаттық пен әділеттік жолында өз халқының қасіреті мен ұлылығын паш еткен нағыз жауһар – шедеврлер бере білген жазушыларымен мақтана беруіне болады.
Жорж БУЙОН (Бельгия)
* * *
«Соңғы парыз» – сөзсіз қазақ прозасының ең елеулі табысы. Осы бір жазушы бойына біткен табиғи талант тұтастығына таңғаламын. Егер де «Қан мен тер» қазақ тағдыры мен тұрмысындағы Қазан төңкерісіне дейінгі кезеңді қамтыса, «Соңғы парыз» сол халықтың кеңестік дәуірдегі тағдыр-талайын қамтыған. Дей келгенде, Нұрпейісов трилогиясы мен дилогиясы – Отанымыздың ғасырлық тарихының айнасы».
Зейнолла ҚАБДОЛОВ
* * *
«Сондай бір күн болған», «Сондай бір түн болған» дейтін екі кітаптан тұратын дилогия – жанрлық-стильдік бітімі жағынан да, концепциялық өзекті ойы жағынан да ұлттық прозамыздағы бүгінгі таңдағы оқшау құбылыс. Ол – біздің жаңа әдебиетіміздің жаңа арнасын салып беретін алғашқы мұз жарғыштай».
Әбіш КЕКІЛБАЙҰЛЫ
* * *
«Қазақ даласындағы бір аяулы есім – Әбдіжәміл Нұрпейісов. Франция, Германия, Бельгия, Испания, Болгария, Словакия, Қытай және Ресей жазушылары мен сыншыларының пікірі бір жерде тоғысады – «Қан мен тер» трилогиясы мен «Соңғы парыз» дилогиясының авторы ірі суреткер, мэтр, әлем әдебиетіндегі елеулі құбылыс дегенге саяды».
Герольд БЕЛЬГЕР
* * *
ХХ ғасыр аяғында жазылған «Соңғы парыз» – айдай әлем алдында «мен», «мен» деп көкірек соққан Кеңес Одағы құрған қоғамның жалған бетпердесін жыртқан роман. Коммунистер орнатқан құдайсыз қоғам Құдай қаһарына ұшырап тынды. Көп ұзамай шаңырағы шатырлап ортасына түсті. Басқаша болуы мүмкін емес-ті. Сонымен «Соңғы парыз» – советтік режимге айтылған қап-қара қарғыс, оппозициялық роман дер едік.
Смағұл ЕЛУБАЙ
* * *
«Соңғы парыз» – дәстүрлі эпикалық әңгімелеу құрсауына сыймай орда бұзған шығарма. Қаламгер көтерген проблема жалғыз ғана ұлттық емес, жалпы адамзаттық маңызға ие болған. Бір нәрсе анық: қазақ жазушысының жаңа шығармасы жалпы ғаламшарды мекен еткен жұмыр бастылардың жанын тітіркендіретін шығарма екені анық.
Шерияздан ЕЛЕУКЕНОВ
Әбдіжәміл Нұрпейісов ойларынан
* * *
Мен – ең әуелі қазақпын. Менің осынау бүткіл жаратылысқа, бүткіл тіршілікке деген көзқарасым мына жарық дүниеге келген сәттен, былайша айтқанда, жөргегімнен ана тілімнің әсем әуезі, боз далада бозала таңнан шырылдап, шырқырап ән салатын бозторғайдың үні, садағаң кетейін қазақ даласының боз жусанының ащы иісі мен ән-күйі арқылы ғана қалыптасқан.
* * *
...Сіз бен біздің бойымызда сіркедей жақсылық болса, соның бәрі бар-ау... өзіміздің осынау кең даламызда елеусіз өмір сүріп жатқан қарт әкеміздің құдіреті. Ал, жаман болсақ ол өзіңнен... сенің өзіңнен... өзіңнің жамандығың. Өйткені ата-ана қандай жаман болғанмен іштен шыққан баласын жамандыққа тәрбиелемеген. Осы күні сіз бен біз өрісімізді оздырып, астанада тұрып жатсақ та, туған жерден тамырыңды біржолата үзіп кете алмай, кіндігіңнен байланғандай боп жүретініміз, міне, осылардан болар! Бір түйір ұрықтың алғаш рет тамыр жайып көктеген жері ғой, ол!
* * *
...Қазіргі тірліктің қадірін білу, бағалау үшін, ара-тұра тәубеге келіп қою үшін кісі кейде кейінгі жағына бұрылып, артта жатқан ата-баба соқпағына да көз салып қою керек.
* * *
Бір-бірімізді түсінуге, салиқалы ақыл-оймен және ең бір мейірбанды жүректен түсінуге тырысу қазіргі замандағы ең үлкен данышпандықтың өзі болар еді.
* * *
Мал баққан қазақ осы бидайдың әр түйірін қара жерге қолдан егіп шығарып жатқан диқандардан кем бағаламаған. Біздің ата-бабаларымыз сүйген қызына арнаған ең бір жүрек түбіндегі асыл теңеулерін іздегенде де осы бидай бойынан тауыпты. Хас сұлуды қазақ «бидай өңді» деп немесе «ажары ақ бидайдай» деп ертедегі ауыз әдебиетінен бастап, кешегі Абай мен бүгінгі ақын-жазушылардың баршасының аузымен айтқызып келеді. Халыққа бауыр басып кеткен осы бір ыстық сезімді суытып алмау керек. Астыққа, алтын дәнге деген ағыл-тегіл ықыластың түп-тамыры туған жерде лүп-лүп соғып жатыр. Ол – біздің атамекеніміз. Ол нелер ықылым заманнан бері ай мен күн сәулесі астында адам баласы мекен етіп, өсіп-өніп келе жатқан ыстық ұя ғана емес. Ойлап қарар болсаң, ұшан-теңіз байлықтың, бар-бар рахатпен ырзық-несібенің қайнар көзі өзіміз күнбе-күн қарыштап басып жүрген осы ‒ мына қара жердің бойында жатыр.
* * *
...Жер адам баласының бүгіні ғана емес, ойлап қарар болсақ, өзіңнен кейінгі жас ұрпақтың да жарқын келешегі соңыра осы жер бетінде гүлдемекші. Біз бүгін астық, нан өндірген жерге ертеңгі ұрпақ егін өсіреді. Тіпті, сіз бен біздің соңырағы күні тірлік жолымызды тауысып, қоштасып кетіп бара жатып, артымызда ізімізді басып келе жатқан балаларымыз ‒ осы дүниенің ендігі иесіне жиған-терген байлығымызбен бірге мирас қып қалдыратын ең қасиетті, киелі жиһазымыз осы, мына қара жер.
Дайындаған Ахмет ӨМІРЗАҚ