Адамды қағып кеткен аудан әкімдігінің жүргізушісі жазадан құтылып кетті

Адамды қағып кеткен аудан әкімдігінің жүргізушісі жазадан құтылып кетті

Адамды қағып кеткен аудан әкімдігінің жүргізушісі жазадан құтылып кетті
ашық дереккөзі
Ақмола облысының тұрғыны Марат Клименко әлеуметтік желіде жазба жариялап, Полиция департаменті мен прокуратураға үндеу жолдады. Оның әкесін аудан әкімі орынбасарының  жүргізушісі қағып өлтірген. Алайда ол рақымшылыққа ілігуіне байланысты жазаға тартылмаған деп жазды turkystan.kz. Қайғылы оқиға 2021 жылдың 2 желтоқсанында Жақсы ауылында болған. Аудан әкімінің орынбасары Л.Ш.Сейдахметованың қызметтік көлігі кешкі сағат 18.40-та көшеде келе жатқан ер адамды соғып кетеді. Өкінішке қарай, жаяу жүргінші алған жарақатынан қайтыс болады. Рөлде көлік жүргізушісі Е.Базылов отырған. Бірақ қайғылы оқиғаға себепкер болған көлік жүргізушісі толығымен жазадан босатылды.
«Екі айдан кейін Е.Базыловқа қатысты сотқа дейінгі тергеу шаралары тоқтатылды. Көлік жүргізушісіне қатысты ешқандай шара қолданылған жоқ. Тіпті, ол жүргізуші куәлігінен де айырылмады. Бұл біздің мемлекетімізде адамды қағып өлтіріп, артынан жазадан толығымен құтылуға болады деген сөз бе?! Ол басқа көліктің рөліне отырғаннан кейін қылмыстың тағы қайталанбасына кім кепіл? Облыс прокуроры мен Полиция департаменті басшысын осы істің мән-жайын анықтап, маған заң бойынша жауап беруді сұраймын», - дейді Марат Клименко.
Ақмола облыстық Полиция департаменті қайғылы оқиға болғанын және кінәлі адамның жазадан босатылғанын растады.
«2021 жылғы 2 желтоқсанда Kia маркалы көлікті басқарған Е.Е.Базылов Жақсы ауылындағы Гагарин көшесімен келе жатып, жаяу жүргінші Н.Клименконы соққан. Қылмыстық кодекстің 345-бабы, 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу шаралары басталған. 2021 жылы 8 желтоқсанда «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына байланысты рақымшылық туралы» Заң қабылданды», - дейді департамент мамандары.
Полицейлердің айтуынша, жаяу жүргіншінің өліміне әкеп соққан көлік жүргізушісінің әрекеті ауыр қылмыс болып саналмайтындықтан амнистияға ілігіп отыр. Биылғы 1 ақпанда осы істі тоқтату туралы шешім қабылданса, екі күннен кейін прокуратура бұл шешімді бекіткен.