Өзін жазушымын деп санайтын адамның ұлт болашағына қабырғасы қайыспай тұрмайды

Өзін жазушымын деп санайтын адамның ұлт болашағына қабырғасы қайыспай тұрмайды

Өзін жазушымын деп санайтын адамның ұлт болашағына қабырғасы қайыспай тұрмайды
ашық дереккөзі
Рафис Корбанов – белгілі татар қа­лам­гері. 2012-2016 жылдары Та­­­тарс­тан Жазушылар одағының төра­ғасы бол­ған. Татар балалар әдебиетіне зор ең­бек сіңірген қаламгер, татар елін­де үздік ба­лалар қалам­геріне бері­летін Абдулла Алиш атындағы сый­­лықтың лау­реаты. Біз қаламгерге хабарласып, бүгінгі та­тар әдебиеті туралы әңгімелескен едік. Рафис Харисұлы, біз татар әде­бие­тінің түркі халықтары арасында орны бар мықты әдебиет екенін білеміз. Қазақ хал­­қы татар әдебиетінің классигі Ғаб­дол­ла Тоқайдың шығармаларымен, ХХ ғасырдағы үлкен жазушы Ғалымжан Ибрагимовтың прозасымен, талантты ақын Хади Тахташтың жырларымен, Екін­ші дүниежүзілік соғыс қаһарманы Мұса Жәлелдің шығармаларымен жақсы таныс. Дегенмен кеңестік кезде өсіп-өр­кендеген татар әдебиетін толық білеміз деп айта алмаймыз. Сондықтан сізден бір ғасыр ішіндегі татар әдебиеті жайын­да шолу жасауыңызды өтінгелі отыр­мыз... – Ең алдымен, туысқан елдің әдебиеті тура­лы қазақ оқырмандарына әңгімелеп беру­ге мүмкіндік бергендеріңіз үшін алғыс біл­діремін. Түбі бір халықтардың бір-бірінің әде­биеті мен мәдениеті жайында біліп отыр­ғаны жақсы. Бұл тұрғыдан келгенде түркі ха­лықтары жайлы жиі жазатын халықаралық Túrkistan газетінің ұстанымын қолдаймын. Түгел түркі жұрты бір-бірін рухани тұрғыда қол­дап-қуаттап отырса, ол – қуанышты жағ­дай. – Татар әдебиетінің өзге түркі халық­тары әдебиетінен қандай ерекшелігі бар деп ойлайсыз? – Шынымды айтсам, татар әдебиеті мен өз­ге түркітілдес халықтар әдебиеті арасында сон­шалықты үлкен айырмашылық көр­мей­мін. Әр халықтың қаламгерлері өз халқына қызмет етуге ұмтылады. Әр қаламгердің мақ­саты – өз халқының өмірін, тарихын, өткені мен бүгінін көркемсөз құдіретімен объективті түрде көрсету. Әдебиеттің басты мис­сия­сы­ның өзі де сонда. Ал егер татар әдебиетін бө­­лек алып қарасақ, оның міндеті – түрлі жағ­­дайларға байланысты әлемнің әртүрлі кон­тиненттерінде ғұмыр кешіп жатқан татар ұлтының өкілдерін атажұртында тұратын отандастарымен біріктіруге, олардың өрке­ниетті әлемде лайық орнын иеленуге кө­мектесу. Тарихи тұрғыдан қарасақ, татар халқы түркітілдес тайпалардың біразынан бұрын өз мемлекеттілігі мен өз әдебиетіне ие болған халық дер едім. Татар әдебиетінің мың­жылдық тарихы бар. 1552 жылы Мәскеу князьдігі Қазан хандығын жаулап алғаннан кейін де татар халқы өз мәдениеті мен әде­биетін сақтап қалды. Ресейде алғашқылардың бірі болып Қазан қаласында университет ашы­лып, онда орыс және шетел ғалымдары­мен бірге татар ағартушылары өз ғылымын құрды. ХІХ-ХХ ғасырлар тоғысында түркі­тіл­дес халықтар арасында татар мәдениеті мен әдебиеті алдыңғы қатарда тұрды. Бір кезде түркі өркениеті дамуына зор пайдасын тигізген Қазан қаласында та­тарлардың ғана емес, оның ішінде қазақ жазу­шылары мен ақындары бар, көптеген халықтың да кітабы жарық көрді. Ақмолла Мұха­ме­дия­ров (Муфтахетдин Камалет­динұлы Мұха­ме­дия­ров. 1831-1895), Шайхзада Бабич (Шайх­зада Мұ­хамедзәкірұлы Бабич. 1895-1919), Ғалым­жан Ибрагимов (Ғалымжан Ғирфанұлы Ибра­гимов. 1887-1938) секілді қазір башқұрт, әрі қа­зақ аталып жүрген татар жазушылары қа­зақ даласын аралап, ауыл­дарда балаларды сауат­тандырумен айна­лыс­қан. Сондықтан қа­зақ әдебиетінің, бергі жазба әдебиетінің не­гізін салушы Ыбырай Алтын­сарин мен Абай Құнанбаевтан кейінгі, ХХ ғасырдың бас ке­­­зінде көптеген қазақ қа­ламгеріне татар әде­биетінің классигі Ғаб­долла Тоқайдың (1886-1913) игі әсері болды деп айтуға бола­ды. Сол сияқты, өзге де түркітілдес ха­лық­тар­дың татардың ұлы ақынына деген құрметі жоғары деп білемін. – Тәуелсіздіктен кейінгі татар әдебие­ті­нің жағдайы қандай? – Кеңес Одағының ыдырауымен бұрынғы одақ­тық мәртебесі бар республикалар тәуел­сіз­дік алды. Татарлар, айтқандай мұрындық ал­ды. Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы құ­рылуы­мен Татарстан ТАССР аббревиатурасын өзгер­тіп, тек Татарстан Республикасы болып қалды, бірақ Қазақстан сияқты тәуелсіздік ал­ған жоқ. 2009 жылы Ресейде ұлттық тілдер тура­лы заң қабылданғаннан кейін мектеп­тер­де ұлттық республикаларда ана тілін оқыту факультативтік сипатқа ие болды. Ұлт­­тық мектептер жабылды. Татар тілі – Та­тар­­с­танда ғана мемлекеттік тіл. 1 миллион 200 мың татар тұратын Башқұртстанда (бұл баш­құрттардан жарты миллионға артық де­ген сөз) татар тілінің мемлекеттік мәртебесі жоқ. Өткен жылға дейін Татарстанда рес­пуб­лика басшысы президент деп атал­са, биылдан бастап бұл қызмет те жойы­лады, сөйтіп бұдан былай Татарстан пре­зи­денті Ресей Федерациясының жеке субъек­ті­сі­нің басшысы саналады. Мектепте, мектепке дейінгі мекемелерде татар тілі оқытылмай жатқанда әдебиеттің жағдайы қандай болуы мүмкін? Демек, өсіп келе жатқан жас ұрпақ әде­биет классиктерінің ғана емес, қазіргі жазу­шылардың да шығармаларын оқымай өсетін болады. Соған қарамастан, республи­ка­да жазушыларға деген құрмет сақталып отыр. Татарстан Жазушылар одағы өз мәр­те­бесін сақтап қалды, басқа республикалар мен облыстардағыдай бірнеше ұйымға ыдырай қоймады. Зейнеткерлік жастағы жазушылар ай сайын субсидия алады, сонымен қатар ха­лық жазушылары 10 мың рубль сыйақы ала­ды. Жазушылар өз кітаптарын мемлекет­тік кітап баспасынан шығарып, қаламақы алуға мүмкіндік алды. Татар кітап баспасынан шыққан кітаптардың 85 пайызы Ұлттық кітап­ханаға беріледі. Қалғаны баспаның кі­тап дүкендерінде сатылып жатыр. Баспа жыл сайын 1 000-3000 мың данамен 200-ге жуық кітап шығарады. Жазушыларға үкімет тарапынан Ұлы Отан соғысындағы Ұлы Жеңістің, Татарстан Республикасының құрылуының мерей­тойларына арналған түрлі әдеби байқаулар, ауыл шаруашылығына, мұнайшы­ларға, медицина қызметкерлеріне, Сабантой, басқа да татар ұлттық мерекелеріне орай гранттар беріледі. – Татар әдебиетінің басқа тілдерге ау­дарылуы, танылуы туралы не айта ала­сыз? – Кеңес Одағы тараған соң түрлі ұлт жазу­­­­­­­­­шыларының да қарым-қатынасы үзілді. Тек санаулы кездесулер қалды. Әде­биет пен өнер күндері тоқтады. Аударма кі­тап­­тардың шығуы да тоқтап қалды. Аудар­мамен шұғыл­данатын баспалар да жұ­мысын тоқ­татты. Қазақ жазушыларының татар тілінде шыққан соңғы кітаптары өткен ға­сыр­дың 80-жылдарының аяғында жарық көрді. Бірақ Татарстан Жазушылар одағының төра­ғасы болған соң, халықаралық байла­ныс­тарға, өзімнің де, туыс әдебиеттердің де аудар­маларына көп көңіл бөлуді жөн көрдім. Әсіресе, Қазақстан Жазушылар одағының сол тұс­тағы төрағасы Нұрлан Оразалин және оның орынбасары Ғалым Жайлыбаймен бірге жемісті жұмыс істедік деуге болады. Мен өзім аудар­машылықпен айналыса бастадым, Нұр­лан Оразалиннің, Ғалым Жайлыбайдың, Марал­тай Райымбекұлының, Қасымхан Бег­мановтың, Баянғали Әлімжановтың, Шә­киза­да Әбдікәрімовтың шығармаларын аударып, кітаптарын шығардым. Төлен Әбдіковтің «Парасат майданы» кітабын Татарстан Рес­пуб­ликасының халық жазушысы Марсель Га­лиев аударды. Алматыда татар жазушылары­ның «Татар әңгімелері» атты әңгімелер кітабы қазақ тілінде жарық көрді. Негізінен түркітілдес халықтар тұра­тын Кабардин-Балқар, Дағыстан, Якут, Әзербайжан, Алтай Жазушылар одағы ара­с­ында да өзара қарым-қатынас жанданды. Татар жазушыларының шығармалары түрік тіліне де аударылып, шығарыла бастады. Татар қызына үйленіп, Ресей азаматтығын алып, Қазанға қоныс аударған жас түрік жас жазушысы Фатих Кутлуды Татарстан Жазу­шылар одағына қабылдадық. Фатихтің ар­қасында Түркияда он шақты татар авторы­ның кітаптарын, оның ішінде 130 жылдық мерейтойына Ғабдолла Тоқайдың өлеңдер кітабын шығардық. Айтайын дегенім, қазіргі татар әдебиеті барлық халықтардың жазушыларын қызық­тыра­ды және олардың өз тілдеріне ау­дарылуын сұрағанда жанашырлық танытады. Со­нымен, татар жазушыларының шығарма­лары соңғы жылдары Мәскеуде, Алматыда, Нальчикте, Бакуде, Уфада, Якутскіде, сондай-ақ Венгрияда, Түркияда, Англияда, Францияда және басқа да елдердің тілдерінде жарық көр­ді. Өткен жылы Жазушылар одағында не­гі­зінен түркі халықтарының тілдеріне шы­ғармаларды аударумен айналысатын аударма бөлімі құрылды. – Біз сіздің татар балалар әдебиетінің бел­гілі өкілі екеніңізден хабарымыз бар. Та­тар балалар әдебиетінің бүгінгі жағ­дайы қалай? – Өзім – алған білімім бойынша журна­лис­пін, Қазан мемлекеттік университетінің Жур­налистика факультетін бітірдім. Еңбек жо­лым «Татарстан яшларе» (Татарстан жас­тары) жастар газетінде басталды. Радио ко­ми­тетінің редакторы, Жазушылар одағының әде­би қорының директоры, қуыршақ теат­ры­ның әдеби бөлімінің меңгерушісі қыз­мет­терін атқардым. Татар кітап баспасының сату-маркетинг бөлімінен қызметкері бола жүріп, кітап шығару ісінің барлық сатысынан кі­ші редакторлықтан баспаның бас редак­тор­лығына дейін өттім. Өзімнің жеке ісімді ашып, баспа қызметімен айналыстым. 2012 жылы Татарстан Жазушылар ода­ғы­ның төрағасы болып сайландым. Бүкіл өмірімді балалар әдебиетіне – поэ­зия мен балаларға арналған дра­ма­тур­гияға арнадым деп айта аламын. 50-ден артық кітап шығарған болсам, оның 30-дан астамы балаларға арналған. Татар балалар әдебиеті ұлы Тоқайдың ер­тегілерінен бастау алады. Біз Жа­лив­тен шыққан, Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде фашистік түрменің зынданында қаза тап­қан, балаларға тамаша ертегілер қал­дыр­ған, Андерсен ертегілерімен бір қатарда тұр­ған татарлардың ұлы ертегішісі Абдулла Әліш­пен мақтанамыз. Біздің Бари Рахмет, Ахмет Файзи, Зәкия Туфайлова, Шауқат Ғалиев, Хакимзян Халиков, Роберт Миннуллин сияқты шығар­ма­шылығын балаларға арнаған ұлы ақын­дарымыз бар... бірақ бір өкініштісі, бүгінгі жас жазушылар мен ақындардың арасында ба­лаларға арнап жазатындар аз. Ашығын айт­сақ, соңғы 20 жылда Татарстан Жазушылар одағының мүшелігіне қабылданған жастар арасында балалар жазушысы жоқ. Балалар ақыны Роберт Миннуллиннің Ғаб­долла Тоқай атындағы Мемлекет­тік сыйлықтың иегері атанғанына 30 жыл болды. Болашақта балалар әдебиетіне жас ақындар мен прозаиктердің келетініне сенім жоқ. Қазіргі мектеп оларды жазушы етіп шығармайды. Бұл – жан ауыртатын жағдай. Адам бала кезінен бастап әр жасында жасына сай әдеби шығармалармен танысып өспесе ана тілінің құдіреті бойына қалай сіңеді? – Қаламгер ретінде қандай арман­дарыңыз бар? – Өзін жазушымын деп санайтын кез кел­ген адам, меніңше халқының қасіретіне қа­бырғасы қайыспай тұрмайды. Ол бәрімізге тү­сінікті жағдай. Сол сияқты бүгінгі татар қа­ламгерлері де өз ұлтының болашағы үшін тер төгіп жатыр. Ресей басшылығы Ресейде тұратын барлық халықтың өз білім беру жүйесін жасап, барлық халық ана тілін үйренсе ғана Ресейдің күшті болатынын ақыры түсінетін шығар деп армандаймын. – Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Ахмет ӨМІРЗАҚ