«Қазақ көшінің тағдырын Колода, Платоновтар емес, Саиров, Сарымдар шешуі керек» - Ауыт Мұқибек

«Қазақ көшінің тағдырын Колода, Платоновтар емес, Саиров, Сарымдар шешуі керек» - Ауыт Мұқибек

«Қазақ көшінің тағдырын Колода, Платоновтар емес, Саиров, Сарымдар шешуі керек» - Ауыт Мұқибек
ашық дереккөзі
Қоғам белсендісі Ауыт Мұқибек Facebook-тегі парақшасында Мәжілісте талқыланып жатқан «Халықтың көші-қоны туралы» Заңына қатысты Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошановқа ұсыныс жасады, деп хабарлады turkystan.kz. Оның айтуынша, талқыланып жатқан бұл құжатта қандастарымыздың келуіне кедергі болатын баптар бар. Нақты айтар болсақ, «өзі азаматы болып табылатын және тұратын елдің аумағында кәмелетке толмағандарға қатысты сексуалдық сипаттағы қылмыс жасағаны үшін соттылығының» бар немесе жоқтығын дәлелдейтін тағы бір анықтаманың болуы.
«Халықтың көші-қоны туралы» заңының 1997 жылы Тәуелсіз Қазақстанның тарихында тұңғыш рет қазақ тілінде қабылданған жалғыз Заң екенін жақсы білесіз деп ойлаймын. Көші-қон процестерін реттеуге арналған Заң жобасы Мәжіліс талқысына түсіп, бүгін Жұмыс тобының бірінші отырысы өтті. Жаңылмасам, аталған Заң жобасына осымен сегізінші рет өзгертулер мен толықтырулар енгізілмек. Мен осы саламен үздіксіз айналысып келе жатқан тәжірибелі маман ретінде 2015 жылдан бері Жұмыс тобының құрамында болып, депутаттарға көмектесіп келемін. Осы барыста, көші-қон процестерін реттеуге арналған Заң жобасында айтарлықтай сапалы өзгеріс болғанын билік те жұрт та жақсы біледі. Міне, бұл жолы тағы да қатысып отырмын. Қазіргі талқыланып отырған Заң жобасына қарасақ, бұл жоба Қазақ көшінің қарқынын үдетуден гөрі, басуға арналғаны көрініп тұр. Бұл жолғы ұсынылған жоба осы беті қабылданып кетсе, қандастарымыздың құжаттануы жеңілдеудің орнына, тіпті қиындай түспек. Себебі, анықтама талап ететін нормалар көптеп енгізілген. Бұрын тұрақты тіркеуге тұру үшін қандастарымыздан қылмысы үшін алынбаған немесе жойылмаған сотталғандығының бар немесе жоқтығын дәлелдеу үшін анықтама талап етіліп келген болса, енді «өзі азаматы болып табылатын және тұратын елдің аумағында кәмелетке толмағандарға қатысты сексуалдық сипаттағы қылмыс жасағаны үшін соттылығының» бар немесе жоқтығын дәлелдейтін тағы бір анықтама қосылмақ. Сондай-ақ, бұл жолғы Заң жобасында Мәжілістің Заңнама бөлімінің техникалық түзетулерінен өзге қандастарымызға жеңілдік әкеле қоятын жаңалықтардың жоқ екендігін де байқадық. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Қасіретті қаңтар» оқиғасынан кейінгі Парламент Мәжілісінің пленарлық отырысында сөйлеген сөзінде: «Көші-қон, соның ішінде, ішкі көші-қон саласын тәртіпке келтіретін кез келді» дегенде, дәл осындай қатаң заң қабылдаңдар демесе керек! Әрине, бұл мәселеге байланысты өз пікірімізді айттық. Аталған норма келесі жолы тағы қаралатын болды. Бұдан бөлек, өз ұсыныстарымызды депутат Еділ Жаңбыршин, Берік Әбдіғалиұлы және Жұлдыз Сүлейменоваларға беріп қойдық. Ол ұсыныстар осы депутаттар тарапынан алдағы жерде талқыға салынады деп сенемін. Негізгі айтайын дегенім бұл ғана емес, менің қарнымды ашырып, қадірімді қашырған - Жұмыс тобының құрамы!» - дейді ол.
Қоғам белсендісі кезекті жұмыс тобының құрамында Колода Дмитрий Владимирович, Платонов Артур Станиславович, Набиев Вакиль Гусейнович және Хамедов Абилфас Муслимовичтер бар екенін жазған.
«Осы кісілердің көңіліне қарады ма, әлде өзі қазақ тіліне шорқақ па, әйтеуір Жұмыс тобының жетекшісі Ерлан Валерьевич отырысты бастан-аяқ орыс тілінде жүргізді. Мен жоғарыдағы депутаттардың беделі мен біліктілігіне шек келтіруден аулақпын. Бірақ, Қазақ көшінің тағдырына қатысты заңңның талқылауына Колода мен Платонов, Набиев пен Хамедов емес, Еділ Жаңбыршин мен Берік Дүйсенбинов, Саиров пен Сарымдар қатысып, отырыс таза қазақ тілінде жүргізілуі керек деп есептеймін! Құрметті Ерлан Жаханұлы! Сіздің Мәжіліс төрағасы ретінде бүгін айтқан, «Қоғамның үнін естіп, халықтың тілін түсіну және дер кезінде шаралар қабылдау – кез келген келеңсіздіктің алдын алудың негізгі алғышарты...» деген сөзіңіз біздің құлағымызға майдай жақты. Сол үшін, Сізден алда қандастарымыздың құжаттануы кезінде тағы қайталануы мүмкін келеңсіздіктердің алдын алу үшін, аталған Заң жобасын талқыламас бұрын халықтың талқысына бір мәрте салуды, сондай-ақ жұмыс тобының жетекшісімен қоса, құрамын да келесі отырысқа дейін толық ауыстырып, талқылаудың мемлекеттік тілде жүргізілуін қамтамасыз етіп беруіңізді сұраймын» делінген жазбада.