«Басты ауыртпа!»: Нұрлан Албан кімге және неге ашулы? (ВИДЕО)

«Басты ауыртпа!»: Нұрлан Албан кімге және неге ашулы? (ВИДЕО)

«Басты ауыртпа!»: Нұрлан Албан кімге және неге ашулы? (ВИДЕО)
ашық дереккөзі
Әлеуметтік желіде әнші Нұрлан Албанның ашулы видеосы тарады, деп хабарлады turkystan.kz. Видеода әнші жақында ғана мемлекеттік қызметке орналасқан таныстарының бірі интернеттегі жазбаларына шүйлігіп, телефон арқылы ақыл айта бастағанын жеткізген. Мемлекеттік қызметкер әншіге «Сіз бағыт-бағдарыңызды таппай, адасып жүрген сияқтысыз. Әнші емессіз бе, әніңізді айтып тыныш жүре бермейсіз бе, болашағыңызды ойламайсыз ба?» деген сарында ескерту жасаған. Осыдан кейін әнші лайықты жауап бергенін айтты. Өзінен жасы кіші азаматты шолақ белсенді деп те сынады.
«Кішкентай бастық! Мен үшін жүрегің ауырып, бас қатырмай-ақ қой! Сенің өмірің – өзіңе, өз өмірім – өзіме. Біріншіден, артым қазылады деп, ертеңгі болашағым не болады деп ойлайтын қазір менде уақыт жоқ. Елуге таяп қалғанда қандай болашақ? Қазіргі әрбір ата-ананың болашағы – ұл-қыздары. Мен ұл-қыздарымның ғана болашағын ойлаймын. Екіншіден, ән айтамын ба, басқа айтамын ба, ол - менің жеке қалауым. Үшіншіден, мемлекеттік төңкеріске араласып, біреулерді адастырып жатқан жоқпын. Қайтарып алатындай, мемлекет тарапынан берген атақ-даңқтарың жоқ. Нелеріңді аласыңдар? Колледжде 15 студентке беретін дәрісім бар. Ары кетсе, сол 45 мың теңге айлығымнан қағарсыңдар. Оған да көндім. Мемлекеттен үй не жер алған жоқпын. Атақ-марапат көрген жоқпын. Менен алатын түгіңіз жоқ. Білгеніңді істе! Ең бастысы, еліміз аман, жұртымыз тыныш, балаларымыз аман болса болды. Олай сөйлегенің дұрыс болмады және ешқашан өзіме ешкімді олай сөйлете алмаймын! Тіпті болмаса, үйімді алып аларсың. Одан басқа немді аласың? Сондықтан әркім өз жолымен жүргені жақсы. Бір сөзбен айтқанда, ақыры мені жіті қадағалайды екенсің, «Аяз би әліңді, құмырсқа жолыңды біл!». Сөзімнің соңы, бай боп көргем жоқ, кедей боп өлгем жоқ», - деді Нұрлан Албан.
Бірақ бүгін әнші әлеуметтік желіде «шолақ белсендінің» кешірім сұрағанын жазды.
«Мен не дейін? Кешірмегенде қайда барам? Ол да қазақтың бір баласы ғой. Болашақта адаспауын, халықпен бірге болуын сұрадым. «Әр қазақ - менің жалғызым». Бізге бауыр керек!» - деді ол.
Әнші «кішкентай бастықтың» кім екенін айтқан жоқ. Айтқысы да келмейді.