Елімізде мүлік қарызын өндіруге амнистия жариялауы мүмкін

Елімізде мүлік қарызын өндіруге амнистия жариялауы мүмкін

Елімізде мүлік қарызын өндіруге амнистия жариялауы мүмкін
ашық дереккөзі
Министрлікте бұл ұсынысты өткен жылы әзірлеген. Енді «қаралы қаңтардағы» оқиғалар аясында халықты қолдау үшін бұл аса өзекті мәселеге айналып отыр, деп жазды turkystan.kz. Соңғы жылдары Қазақстанда халықтың салық берешегі артып барады. Статитистикалық деректерге сәйкес, ел бойынша 263 802 адам 1,1 млрд теңгенің мүлік салығын төлемеген. Ең көп көлік қарызы Алматы қаласына (6 млрд теңге) тиесілі. Екінші орында – Алматы облысы (4,8 млрд теңге). Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев Үкіметке осы саладағы бірнеше бастамамен шығып отыр. Ол қазақстандықтар пайдаланбайтын, гаражда, не есік алдында босқа шіріп жатқан ескі көліктерді салықтан босатуды ұсынды. Бас қаржыгердің айтуынша, азаматтар істен шыққан көліктері үшін ары қарай салық органдарынан түбіртек алуда.
«Бұл автокөліктердің бір бөлігі кеңестік автоөнеркәсіптің өнімі және бүгінде жүрістен қалған. Тағы бір бөлігі жол-көлік апатынан кейін қалпына келтіруге келмейтіндей жарамсыз күйге түскен. Бұған ұрланған және қолхат бойынша үшінші тұлғаларға сатылып кеткен машиналарды қосыңыз. Сондай-ақ қайтыс болып кеткен адамдардың атында көлік құралдары есепте тұр. Бұдан бөлек, басқа мемлекеттерге тұрақты тұруға көшіп кеткен, бірақ көліктерін есептен шығартпаған адамдар да бар. Сондықтан біз Үкіметке бұл мәселені кешенді шешу жөнінде ұсыныспен шықтық. Елде амнистия жүргізу қажет», – деді министр Ерұлан Жамаубаев.
Алдағы уақытта Қаржы министрлігінің ұсынысы бойынша өмірден өткен азаматтардың, өзге елдерге көшіп кеткен экс-қазақстандықтардың, сондай-ақ жол-көлік оқиғасына тап болған, шашылып-бөлшектеліп тасталған, сенімхатпен сатылған көліктердің салығына қатысты берешектер рақымшылыққа ілігуі мүмкін.