«Журналист мәртебесі туралы» заң қажет

«Журналист мәртебесі туралы» заң қажет

«Журналист мәртебесі туралы» заң қажет
ашық дереккөзі

Соңғы жылдары отандық ақпарат кеңіс­тігінде елеулі өзгерістер болғаны бар­шаға мәлім. Нақтырақ айтқанда, әлеу­меттік желі күрт дамып, жаңа ақ­параттық орта қалыптасты, интернет журналистика деген ұғым қолданысқа енді. Қоғамда дәстүрлі БАҚ-тың қолда­нылу аясы тарылып, біржолата жойылуы мүмкін деген пікір де туып үл­­гер­ді. Бұл жөнінде «Білімді ел – Обра­зованная страна» республикалық білімділік қоғамдық-саяси газеті офи­сін­де Бас редакторлар клубының бас­қар­ма мүшелерінің соңғы өткен оты­ры­сында жан-жақты айтылды.

Пікір алмасу барысында дәстүрлі БАҚ-тың бұрын да және қазір де қо­ғам­ға тигізер әсері зор екеніне әрі со­лай қала беретініне назар аударылды. Ра­сында, БАҚ қоғамда болып жатқан оқи­ғалар туралы ақпарат, қоғамдық пі­кір берумен қатар оны қалыптас­тыру­ға мейлінше үлес қосып келеді, әсіре­се бүгінгідей пандемия жағдайын­да. Ал бұл жұмыстар бұқаралық ақ­па­рат құралдарының төмендегідей мә­де­ни-әлеуметтік міндеттер атқаруымен тікелей байланысты: Ақпараттық міндет. Радио, теледи­дар, газет-журналдар тыңдармандарға, көрермендерге, оқырмандарға кеше мен бүгін елімізде, әлемде болып жат­қан оқиғалардан хабардар етуі тиіс. Танымдық-ағартушылық міндет. Арнайы теле және радиохабарлар, газет пен журнал айдарлары адамдар­дың ой-өрісінің кеңейе түсуіне жол аша отыра, адамзат қызметінің барлық са­ласында жаңа ілімдердің ілкімді дамуына бағыттайды. Рекреациялық міндет (лат. rесrеаtіо – қалпына келтіру – адамның еңбек процесінде жұмсаған дене және ру­ха­ни күштерін қалпына келтіру әрі да­мы­ту). Осы ретте телерадио эфирлер­дің, газеттер мен журналдар ақпарат­тары­ның басым бөлігі ойын-сауық тақырыптарына берілген. Құқықтық-реттеу міндеті. БАҚ ақ­парат берумен, ағартушылықпен, ойын-сауықпен ғана шектелмейді. Олар түрлі оқиғаға қатысты біздің пі­­кірі­­мізді әрі өмірге деген көзқарасы­мызды қалыптастырады. Яғни, БАҚ мақ­сатты түрде адамдардың мінез-құл­қына әсер етеді деген сөз. Сайып келгенде, БАҚ-тың басты мін­деті – қоғамдағы өзгерістерді адал әрі шынайы жеткізу арқылы демок­ра­тиялық қоғамның негізгі құндылық­тары­на қатысты белгілі бір келісімнің құрылуына ықпал жасау. Осы келісім­нің болуы азаматтық қоғамның берік­тігі мен мемлекеттің тұрақтылығының маңызды алғышарттарын құрайды. Аталмыш міндеттердің ойдағыдай іс жүзіне асуы бірінші кезекте маманға байланысты дейтін болсақ, бұл жұмыс­ты кәсіби түрде айналысатын адамдар, яғни журналистер қамтамасыз етеді. Қа­зір әлеуметтік желіде, екінің бірі өзін журналист есебінде санайды. Нә­тижесінде, шынайылыққа негізделіп жа­салатын контенттер сапасы күрт тө­мендеп, халық тарапынан БАҚ-қа де­г­ен сенім жоғала бастады. Сондықтан на­ғыз журналист пен блогер секілді қа­лам ұстаушылардың аражігін ажы­рат­қанымыз абзал. Осы орайда Abai.kz ақпарат порталының берген анық­та­ма­сына сүйенсек, блог – онлайн күн­де­лік, ал блогер – күнделік жүргізуші. Әдет­тегі күнделіктен айырмасы – жа­рия­лылығы. Бірақ қазіргі блог, блогер де­ген түсінік бұл анықтама шеңберіне сыймайды. Оларға түпкілікті әрі нақ­ты анықтама беру қиын. Сондықтан ең басты мәселе – біздегі блог, блогер­лер дегеннің түсініксіздігі. Негізі, блог – интернет-құрал. Ал қа­зіргі блогерлер ұсақ-түйек дүние жа­зудан аса алмай отыр. Сөйте тұра бло­герлер көп жағдайда журналис­тер­мен «жағаласқанды» әрі оларға ин­тернет қолдануда «ұстаз» болғысы ке­ліп, қалай да жеке тұлғасын көрсетуді кө­бірек көздейді. Бұл жерде блогерлер­дің кәсіптік деңгейі, ой-өрісі төңіре­гін­де таяуда әлеуметтік желілердің бірі­нен оқыған бір мысалды келтіре кет­сем артық болмас. Қараша айында әлеу­меттік желілерде ресейлік 19 жас­тағы блогер Матвей Юферовтың Ұлы Отан соғысы ардагерінің портреті ор­наласқан стендке кіші дәретін жі­беріп тұрған бейнекөрінісі жария етіл­ді. Әрине, бұл тұрпайы мәдениет­сіздік жазасыз қалған жоқ. Telegram ка­нал хабарлағандай, Мәскеу облысы­ның 19 жастағы тұрғыны Ресейдің әс­кери даңқы рәміздерін қорлады, со­ғыс ардагерінің ар-намысын және қа­дір-қасиетін аяққа таптады деп айып­талып, 4 жыл бас бостандығынан айы­рылды, жас жігітке 5 жыл бойына ин­тернетте материалдарды орналас­тыру­ға қатысты қызметпен айналысу­ға тыйым салынды. Сөйтіп, «хайп» ұстап, көрермендерін көбейтуді көзде­ген адамның ақыры масқарамен аяқ­талды. Иә, Abai.kz жазғандай, бүгіндері бло­герлер арқылы билік өз жұмыс­та­рын көрсетуге, ал бизнес тауар жар­на­масын жасауға ұмтылып жатқандары ешбір жасырын емес. Осылайша, өз­дерін «блогерлер» дейтін топты ай­мақ­тық және орталық билік интернеттегі бел­сенділігіне қарап пайдалана бас­тады. Яғни, билік блогтурлар ұйым­дас­тыру арқылы аймақтың әлеуметтік-эко­номикалық дамуын көрсетудің тіке­лей қолжетімді жолына айнал­дыр­ды. Жергілікті билік жұмысының жар­намасына таптырмайтын тәсіл ретінде блогқұрылтайлар да өткізіліп ке­леді. Баға мәселесіне келсек, блогтурлар мен блогқұрылтайларға бюджеттен қанша қаржы бөлінетіні, оның қалай жұмса­ла­тыны, қаражаттың қаншалықты ақ­та­латыны белгісіз. Ал блогерлер жұмы­сының бүкіл нәтижесі әлеуметтік же­ліні суреттер, қысқа жазбалармен толтыру әрі көптеп бөлісу. Бір сөзбен айт­қанда, блогерлер, әсіресе қазақтілді бло­гер, биліктің тапсырысын орын­даудан әріге бара алмай отыр. Осыдан-ақ нағыз журналист пен блогердің ара­салмағын шамалай беруге әбден бо­лады. Әрине, БАҚ төңірегінде де түйт­кіл­ді мәселелер жеткілікті. Сондықтан да бас­қарма отырысында олардың түйі­нін тарқату жолдары жайлы да айтыл­ды. Атап айтқанда, цифрлық кеңістікте БАҚ-ты күрт дамыту үшін бірінші ке­зекте журналистердің қоғамдық ста­тусы нақты анықталуы керек, сондай-ақ отандық БАҚ-тың бәсекеге қабілет­тілі­гін арттыру мақсатында, «Журна­лист мәртебесі туралы» заңның дайын­да­лып, қабылдануы қажет деген де тұ­жырым жасалды. Осынау заң ая­сында журналисті материалдық әрі мо­ральдық тұрғыдан қорғау, әлеу­мет­тік-тұрмыстық мәселелерді шешу жол­дарын белгілеу, журналистің құқық­тары мен міндеттерін анықтау, дәстүрлі БАҚ пен салалық қоғамдық ұйымдардың қарым-қатынастарын реттеу, БАҚ-ты қолдаудың эконо­ми­калық және басқа да тиімді түрлерін қарастыру тәрізді медиа саланы жетіл­діруге бағытталған іс-шараларды жүзеге асыру тұрғысында пікір алма­сыл­ды. Мысалы, БАҚ біздің рухани дің­гегіміз­дің, ұлттық мәдениетіміздің бірден-бір құрамдас бөлігі десек, Мем­ле­кет бас­шысының өкімімен жыл сайын бері­летін Тұңғыш Президент – Ел­басының мәдениет саласындағы мем­лекеттік стипен­диясын алу мүм­кін­дігін отан­дық ақпарат саласының көрнекті өкіл­деріне неге жасамасқа?! Жалпы алғанда, БАҚ-тағы қорда­лан­ған мәселелермен түбегейлі айна­лысу қажеттілігі бүгін күн тәртібінің өзекті мәселелерінің бірі екені анық. Мем­лекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев БАҚ мәселелерін реттейтін Қазақстанның қолданыстағы заңна­ма­сындағы олқылықтар мен қайшы­лық­тарды жою туралы кезінде нақты тапсырма бергені белгілі. Парламент Сенатының отырысында депутат Нұртөре Жүсіп «Журналист мәртебесі туралы» арнайы заң қабылдауды ұсынып, Премьер-Министрдің атына депутаттық сауал жолдады. Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Кемелбек Ойшыбаевтың БАҚ сала­сының заңнамалық дамуын талқылау­ға қатысты конференцияда: «Ақпарат министрлігі БАҚ саласындағы осы жағдайды, халықаралық тәжірибені зер­делеп, заңнамаға өз түзетулерін дайын­дауда. Жаңа заңды әзірлеудің мақсаты – отандық БАҚ-тың бәсекеге қабі­леттілігін арттыру үшін қолайлы жағдай жасау және журналистердің құқықтарын қорғау» деп айтқаны және мәлім. Бұқаралық ақпарат құрал­дары мен телерадио хабарларын та­рату қызметкерлерінің BAQ KASIPODAQ салалық кәсіподағының төрағасы Зейін Әліпбек те «Журналист мәртебесі туралы» арнайы заң қабылдау қажеттігі туралы мәселені үзбей көтеріп келеді. Ендеше барлық мүдделі тараптар тұр­ғысынан айтылған ұсыныс-пікірлерді бір жерге жинақтап, шешім қабылдау үшін Ақпарат және қоғамдық даму ми­нистрлігінде арнайы кездесу ұйым­дастырған жөн деп білемін.

Кенжеболат ЖОЛДЫБАЙ, Бас редакторлар клубының вице-президенті