Алданған салымшылар Ақтау әкімінен көмек сұрап отыр

Алданған салымшылар Ақтау әкімінен көмек сұрап отыр

Алданған салымшылар Ақтау әкімінен көмек сұрап отыр
ашық дереккөзі

Бүгін Ақтаудағы «Шахар Plaza» тұрғын үй кешенінің салымшылары наразылыққа шықты, деп хабарлады turkystan.kz. 2018 жылы «АУЕС-К» компаниясы тұрғындармен, яғни салымшылармен келісім шарт жасасып, ТҚК (тұрғын үй құрылыс кооперативі) құрған. Аталған келісім шарт негізінде салымшылар жасаған төлемдерді уақтылы өткізуге, ал компания өз кезегінде үй салуға міндеттелген. Алайда, құрылыс компаниясы өзіне жүктелген міндеттерді атқармай, құрылыс жұмыстары тоқтап, салдарынан жүздеген тұрғындар пәтерсіз қалған. Алданған салымшылардың айтуынша, шарт бойынша тұрғын үй кешенінің құрылысы 2020 жылдың желтоқсанында аяқталуы тиіс еді. Салымшылардың өздері айтқандай, бүгінгі таңда үйдің бір корпусының іргетасы ғана қаланған. Қалған құрылыс жұмыстары еш өзгеріссіз тоқтап қалған. Аталған мәселенің шешімін табу мақсатында салымшылар қала әкімдігіне жүгінуде. «Біз үйдің толық салынып біткенін қалаймыз. Құрылыс компаниясы бізге әр күн сайын үйдің аяқталатынын айтып, уәде беруде. Ол үшін құрылыс компаниясы тағы да қаржы салуымызды талап етуде. Осы орайда, біз жергілікті әкімдіктен көмек сұраудан басқа амалымыз жоқ», - дейді салымшылар. Ал қала әкімшілігі «АУЭС-К» компаниясының үлескерлердің қаражатын тартуға рұқсаты жоқ екенін мәлімдеді. «Бұл жағдай компания мен жеке тұлға арасындағы азаматтық - құқықтық қатынастар болып есептеледі. Дегенмен, алданған үлескерлер мәселесі әрқашан облыс және қала әкімдіктерінің қатаң бақылауында», - деді қала әкімінің баспасөз қызметі. Айта кетейік, қала әкімі Н.Қилыбай Ақтаудағы «Шахар Plaza» тұрғын үй кешені салымшыларымен кездесті. Кездесу барысында қала басшысы Н.Қилыбай бүгінгі күні қалыптасқан жағдайды түсіндірді және де жауапты тұлғаларға аталған мәселені бақылауда ұстауды тапсырды. Қазіргі сәтте облыс әкімінің тапсырмасы бойынша жағдайды шешу бағыттар қарастырылуда.