Белгісіз біреу 73 жастағы зейнеткерден ішінде қомақты қаржысы бар сөмкесін тартып алған. Бұл оқиға Солнечный ауылындағы Тенистой көшесінің бойында орын алған. Тәртіп сақшылары бұзақыны іздестіріп жатыр, деп жазды turkystan.kz Рolisia.kz-ке сілтеме жасап. Тәртіп сақшыларының айтуынша, жәбірленуші қылмыскердің бет-әлпетін есіне түсіре алмаған. Бірақ бойы шамамен 170 сантиметр болғанын және беліне дейін күртеше кигенін айтқан.
«Бұл дерек ҚК-нің 191-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы «Тонау» бойынша соталды тергеудің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Қазір күдіктіні анықтау бойынша жедел-іздестіру іс-шаралары жүргізіліп жатыр. Криминалдық полиция бөлімшелерінің тәжірибелі қызметкерлерінен тұратын алты топ құрылды. Сондай-ақ, учаскелік инспекторлар мен патрульдік полиция жасақтары да жұмылдырылды. Оқиға болған аудан аулаларын аралау жұмыстары жүргізіліп жатыр», - деді ведомство өкілі.Полиция қызметкерлері қылмыс туралы қандай да бір ақпарат білетін азаматтардан бөлімшеге хабарлауды сұрайды.