Африка мен Азияның бірнеше елінде банк ашқан қазақ

Африка мен Азияның бірнеше елінде банк ашқан қазақ

Африка мен Азияның бірнеше елінде банк ашқан қазақ
ашық дереккөзі
Жәнібек Мақсат – 200 милионнан астам тұрғыны бар Индонезия, Нигерия секілді алып елдерде банк ісін ілгерілетуге көмектескен білікті маман. Тіпті, тұтас мемлекетте тоқырап тұр­ған қаржы секторына жаңа серпіліс беріп, әр жерде филиалдардың ашылуына, жаңа жұмыс орындарының құрылуына сеп­тігін тигізген. Қандай жоба жүргізсе де, көз­деген мақсатына жетпей тынбайтын ол кейінгі алты жылда Мьянмар елінде жұ­мыс істеп жүр. Биыл ақпан айында елде бол­ған әскери төңкеріс салдарынан онда жұ­мыс істеу қанша қиын болса да, ол жақ­тағы жұмысын тастап кете алмайтынын, қо­лас­тындағы 600-ге жуық қызметкер ал­дында жауапкершілік сезінетінін айта­ды. Осы жазда отбасын Қазақстанға кө­ші­ріп әкелген ол қазір үш ай Мьянмардағы кең­седе, екі ай елде онлайн форматта жұ­мыс істейді. Келесі апта Мьянмарға жол жүр­гелі отырған Жәнібекке хабарласып, әң­гі­мелескен едік. [caption id="attachment_162022" align="alignnone" width="1920"] width= Индонезиядағы әріптестер ортасында[/caption] – Сіз секілді қатардағы қаржыгер ма­ман­ның жергілікті банктерден бөлек, халық­аралық банктердің дамуына ат­салысып, тіпті бүтіндей бір мем­лекеттің аумағында жаңа банк ашуға әлеуеті же­теді десе, көпшілік сене қоймас. Ма­ман­дық таңдаудан жаңылмаған сіздің ал­дымен бұл саланы таңдауыңызға не түрткі болғанын біле отырсақ. – Біз мектеп бітірген жылдары Баян-Өл­гейде жас түлекке жөн сілтеп, жол көрсетіп, ба­ғыт-бағдар беретін ешкім болмады. Ин­же­нердің жұмысына қан­­ша қызықсақ та, фаб­рика-зауыттар аз болған­дық­тан, оны ке­ле­ше­гі жоқ мамандыққа теңедік. Ал қар­­жы­гердің оқуын оқып алсам, кемі бір жерде есеп­­ші болып жұмыс істеп, күн көремін деп ой­­ла­дым. Сөйтіп, Моңғолия ұлттық тех­ни­калық университетінде қаржы менеджменті мамандығы бойынша білім алдым. Универ­ситетті үздік бітірген соң, кредит берумен ай­налысатын неміс компаниясының 20-ға жуық экономист іздеп жатқанын естіп, ком­пания өкілдеріне хабарласып, ақырында төрт кезеңнен тұрған сұхбаттасу процесінен мүдір­мей өттім. Бірінші болып өткендерді Әзер­байжанға 14 күнге жалғасатын тре­нинг­ке жіберетін болды. Моңғолиядан ары асып көрмеген мен сол кезде 25 маманмен бірге бірінші рет шетелге шықтым. Тренинг кезінде көпшілік орыстілді аудармашының көмегіне жүгінді. Ал мен моңғол-түрік лицейінде түрік тілін жетік меңгергендіктен, ешкімнің кө­мегін қажет етпедім. Оған қоса, мені бір топ­қа жетекші етіп қойды. Оның үстіне, аудар­машылар жетіспегендіктен, басқа топтағы мамандарға да көмектесіп, көрген-естігенімнің барлығын мұқият түсіндіріп жүрдім. Мұның барлығын сырттан бақылаған немістер «Әзербайжанда қалғың келмей ме? Сен секілді жастардың көмегімен түрлі жоба іске асырғымыз келеді» деп ұсыныс айтты. Осы­лайша, Әзербайжанның ең үлкен банк­терінің бірі саналатын Access Bank-тің жаңа­дан ашылатын филиалдарына консал­тинг қызмет көрсететін кеңесші болып жұмысқа тұрдым. Басшылық қол астыма 7-8 жасты бі­рік­тіріп, оларға кредит беру, анализ жа­саудың әдістерін үйретуді тапсырды. Жалпы, банк басшылығының ұстанымы осылай: тіс қаққан маманнан гөрі, тәжірибесі жоқ, университетті күні кеше бітіргендерді жұ­мысқа алғанды құп көреді, өйткені тәжіри­белі маманды үйренген нәрсесінен ажыратып, жаңашылдыққа өзгерту қиын деп есептейді. Әзербайжанда жұмыс істеген үш жылда үш қалада филиал ашуға көмектестім. Одан бөлек, Әзербайжанның шығыс жағындағы аймақта банк әзірлеп шығаратын өнімді дамыту бойынша менеджер қызметін атқар­дым. Басшылық осындағы жоба аяқталған соң, Халықаралық қаржы корпорациясының қолдауымен Индонезияның Ява аралында ашылған шағын банкті дамыту жұмысына атсалысуға шақырды. Оған дейін ағылшын тілін керек етпеген мен Индонезияға келген кезде біраз қиналғаным бар. Сосын Индо­не­зия тілінде жалғау я жұрнақ болмағандықтан, ол тілді тез үйреніп алдым. Оған қоса, олар­дың үлкені де, кішісі де – инабатты, кішіпейіл. Жұмыс істеуде еш қиындық тудырмайды. Осындай керемет ортада жұмыс істеген бір жарым жылдың ішінде жобамыз үлкен табыс әкел­ді. Ол жақтағы жұмысты сәтті аяқта­ған­нан кейін басшылық мені Ямайкаға жібер­мек­ші болды. Бірақ виза алу үшін үш ай күту ке­рек болғандықтан, ол жобадан бас тарттым. Со­дан соң Африканың Нигерия қаласына барып жұмыс істеу туралы ұсыныс келіп түсті. [caption id="attachment_162020" align="alignnone" width="1920"] width= Нигериядағы әріптестермен[/caption] – Сізді танитын көпшілік Африканың алыс аймақтарында банк ашуға атса­лысқан қазақ дегенді жиі айтады. Ха­лық ең көп қоныстанған, талай жылдан бері тыныштығы қашып, дүрбелең тын­шымай тұрған Нигерия еліне барып жұ­мыс істеуге бірден келістіңіз бе? – Индонезияда қызметтес болған неміс әріп­тесім Нигерияда шағын банктің ашыл­ғанына үш жыл болса да, жұмысы ілгерілемей тұр­ғанын айтып, жаңа филиалдар ашуға жауап­ты менеджер қызметін ұсынды. Ниге­рия – Африкадағы халық ең көп қоныстанған ел (210 миллионға жуық адам – Ред.). Қазба бай­лықтарға, оның ішінде мұнайға бай мем­лекет, бірақ халқы кедей тұрады. Ел басқару механизмі дұрыс жолға қойылмағандықтан, бүгінге дейін қақтығыстан көз ашпай келеді. Ұсыныс келіп түскенде Нигерияда жұмыс істе­ген танысым су тапшылығы болатынын, жа­рық жиі өшіп қалатынын, сондай-ақ қауіп­сіздікті сақтауда көп қиындық бар екенін айтты, бірақ осының барлығына шыдасам, әлемнің кез келген елінде жұмыс істей алатыныма сендіріп, жігерлендіріп қойды. Сөйтіп, 2011 жылғы сәуірде отбасыммен Нигерияның 20 миллионнан астам халқы бар Лагос қаласына көшіп бардым. Ол жерде то­ғыз филиалға бөлінген, жүздеген қызметкері бар шағын банкті жетілдіру ісіне атсалысып, бар­лық филиалды бақылауға жауапты бол­дым. Қай жерден филиалдар ашуға бола­ты­нын зерттеп, тренингтер өткіздім, бәсе­ке­лес­тердің ұстанған стратегияларын бағамдаумен айналыстым. Үйренушілердің біліктілігін екі апта кабинетте, екі апта базарда тексеріп, олар­ды көп нәрсеге үйреттік. Негізі, ниге­рия­лықтар еңбексүйгіштігімен, табандылығымен ерекшеленеді. Олармен бірлесе жұмыс істеген екі жылдың ішінде 18 филиал ашып, қыз­меткер саны 400-ге жетті. Жоба аяқталар уақытта бар білгенімізді жергілікті ма­мандарға үйретіп, қауырт жұмыстың тізгінін соларға ұстатып кеттім. Алайда Африканы ұнат­қаным соншалық, осында тағы біраз уа­­қыт жұмыс істеп көргім келді. Басшылық ке­­лесі жоба басталғанша Моңғолияға қай­тып, алты ай күте тұруымды сұраған еді, бірақ алты ай қол қусырып бос жүру менің та­­би­ғатыма жат, сондықтан жұмыс қарас­тыра бастадым. Сосын 22 елде филиалы бар аме­ри­калық микроқаржы ұйымы өкіл­дері­мен байланысып, бір айға созылған сұх­бат­тасу процесінен кейін Оңтүстік Африкада ор­наласқан Малави еліне жұмысқа жіберіл­дім. Мен барған кезде кредит беретін шағын ұйым депозит салатын банк дәрежесіне кө­тері­ліп, басшылық ұлттық банкке өтініш беріп, үлкен өзгеріс болғанын күтіп жүр екен. Сон­дықтан келе сала ұлттық банктің талап­тарына сәйкес көп процедураны өзгертуім керек болды. Одан бөлек, Замбия, Танзания ел­деріне барып, ондағы филиалдарда іске асырылатын жобаларды жүргізуге атса­лыс­тым. Келісімшарт аяқталып әрі арада түсі­ніс­пеушілік пайда болған соң, жеті жыл сыртта жүр­геніміз жетер деп Моңғолияға барып тұрақ­тауды ұйғардық. Десе де, біршама елдегі банктен ұсыныс көптеп түсті. Солардың ара­сынан түркиялық Şekerbank пен Еуроодақтың Газиантеп қаласында төрт айға жалғасқан, шағын бизнеспен айналысатын әйелдерге кре­дит беру жобасын жүргізу ұсынысын қабыл­дадым. Түркияда жұмыс істеп жүргенде Африкада қызметтес болған украин әріптесім хабарласып, сингапурлық мамандардың Мьян­мар еліне барып бірге жұмыс істеуге мені шақырып жатқанын айтты. [caption id="attachment_162023" align="alignnone" width="1920"] width= Мьянмардағы кеңсе алдында әріптестермен бірге[/caption] – Нигериямен салыстырғанда этни­калық қақтығыстар жиі болатын Мьян­марда жұмыс істеуге бірден келісе қой­ма­ған боларсыз? – Алғашында ол елге барғым келмегені рас. Әлемдік БАҚ-тан жергілікті халықтың мұ­сылмандарға қырын қарайтынын, қауіпті ел екенін жарыса жазған жаңалықты сан рет оқыдық. Сингапурлықтардан ондағы жағ­дайды егжей-тегжейлі сұрастырғанымда, олар «Африкадан әлдеқайда тыныш, қауіп жоқ, барлығы жаңадан басталып жатқан­дықтан, мұнда мүмкіндік көп. Қам жеме!» деп айтты. Сосын тәуекелге бел буып, 2015 жыл­дың қаңтар айында сонда қоныс аудардық. Ол елге келген кезде БАҚ-та жазылған дү­ниенің барлығы өтірік екеніме көзім жетті. Хрис­тиандардың шіркеуі, буддистердің ғи­бадатханасы, мұсылмандардың мешіті бір-біріне жақын орналасқан. Намаз уақыты кел­генде азан шақырылады, айт кездерінде де­малыс беріледі. Ораза кезінде де барлық ережелер сақталады. Тұрғындар ұлтына, діні мен тіліне қарамастан бір-бірін сыйлайды. Тек шекаралас жатқан Бангладешпен жер дауы­ның жиілеуіне байланысты қақтығыстар болып тұрады. Осыны ғана байқадым. Алға­шын­да микроқаржы саласы тәжірибе жинақ­тауды көздеген сингапурлық компа­нияда жұ­мыс істедім. Кейін олар бір жылға жасас­қан келісімшартты ұзартқысы келген еді, бірақ мен гонконгтік инвестор тапқан гол­лан­диялықтардың жобасына қатты қы­зықтым. Десек те, сингапурлықтардың өтіні­ші бойынша оларға тағы үш айдай көмек­тестім. Ал голландиялықтардың компаниясы­на жұмысқа тұрғанда басшымыз екеуміз қай жылы, қай қаладан филиал ашу керек, инвес­тицияны қайдан алу керек екенін нақ­тылап, бес жылды қамтитын бизнес-жоспар әзірледік. Сөйтіп, үкіметтен лицензия алуға өтініш жаздық. Бағымызға орай, компания қарыштап дамыды. Әу баста, кеңседе екеуміз ғана жұмыс істейтін едік, үш жыл ішінде қыз­меткер саны 400-ден асып жығылды. Төр­тінші жылы саяси мәселелерге байланыс­ты жұмысымыз саябырлап қалды. Ал кейінгі екі жылда қатарымыз тағы 200 қызметкермен толықты. Қазір 50-ге жуық қызметкер бас кеңседе отырса, қалған 550-і мен басқаратын бөлімде белсенді түрде жұмыс істейді. [caption id="attachment_162021" align="alignnone" width="1920"] width= Моңғолия Премьер-Министрімен бірге Нигерияда[/caption] – Мьянмар десе, биылғы ақпан айының басында болған әскери төңкеріс еске түседі. Дүниежүзін дүрліктірген сол оқиғаның куәсі болған шығарсыз. – Иә, 60 жыл бойы әскери хунта басқар­ған елдің қарқынды дамып, кенеттен құл­дыра­ғанын өз көзімізбен көрдік. Айта кетер­лігі, біз келген кезде заманауи үлгідегі сауда орталықтары мен қонақүйлер болмады, іл­герілеу байқалмады. Бертін келе ай сайын 3-4 бес­жұлдызды қонақүйлер ашылып, жаңа әуе­жай салынды. Әлемдегі 32 ірі банк Мьян­мардан филиалын ашты. Өте көп инвестиция салынды. Кейінгі бес жылда ел экономикасы 7-ден 9 пайызға дейін өсті. Тағы бір айта ке­тер­лігі, Мьянмар Қытай, Үндістан, Банг­ладеш және Таиланд елдерімен шектесетіндіктен, оның географиялық орнына қызығатындар көп. Сондай-ақ маңында орналасқан Бенгал шығанағына да көбі қызыға қарайды. Қайыра айтқанда, бүкіл әлем Мьянмарға көз тікті. Алайда бір-ақ күнде барлығы өзгеріп сала берді. Сайлауда жеңіске жеткен мемлекеттік кеңе­с­ші Аун Сан Су Чжи 2021 жылғы 1 ақпан­да ант қабылдап, үкімет басына қайта келуі керек болатын. Алайда дәл сол күні таңертең ұйқыдан тұрсақ, интернет істемейді, теле­фон­да байланыс жоқ, телеарналардың жұмы­сы тоқтап қалған. Әлемнен ажырап қалдық. Не болғанын түсіне алмай, дал болдық. Базар­дағыларға жүгіріп барып сұрасақ, олар да аң-таң. Екі сағаттан соң әскери төңкеріс бо­лып, билікті әскери адамдар басып алға­нын, заңды сайланған үкімет өкілдері тұт­қын­далғанын естідік. Сосын генералдар ұлт­тық телеарнаны іске қосып, сайлаудың әділ өтпегенін, енді елде барлығы жақсы бо­ла­тынын, сондай-ақ бір жылдай үкімет басшысының жұмысын өздері атқаратынын айтып хабарлады. Мұны естіген ел бір аптадай көшеге шықпай, тыныштық сақтауға тырысты. Бірақ кейін ереуілге шығып, әскерилермен қақтығыса бастады. Әскерилер алаңға шыққан азаматтарға күш көрсетіп, қару қолданды. Қаланың шетінде тұрсақ та, күн сайын болып жатқан оқиғалардан хабар­дар болып отырдық. Кейіннен жұмысқа бара­тын жол жабылып, ол жаққа жету қиын­дап кетті. Түрлі жерде тұтанған өртті көрдік. Қайда барсақ та қару кезенген әскерилер алды­мыздан шығады. Бұрын-соңды мұндай­ды тек кинодан көрген едік. Бертін келе көр­шілеріміз басқа елге көше бастады. Біз әлiп­тiң артын бағайық деп екі ай күттік. Ақырын­да жағдай одан сайын ушыға түскен соң, компания басшылығы «отбасыңды қауіп­­сіз жерге апар, барлығы бәсеңдеген соң қай­тып келесің» деп ақыл айтты. Сөйтіп, осы жаз­да отбасыммен атажұртқа қоныс аудару­ды ұйғардық. Алайда пандемия кезінде Қа­зақстан аумағына тек он мемлекеттің аза­маттарына кіру рұқсат етілген соң, елге бір­ден келе алмадық. Түркияға барып, барлық құжатты рәсімдеген соң Алматыға көшіп кел­дік. Осында тұруға рұқсат беретін ықтияр­хат алып, балаларымызды мектепке орна­лас­тырдық. Осы ретте бір айта кетерлігі, Мьян­мар­дан көшер кезде басқа елдерге барып, жұмыс істейтін мүмкіндік көп болды. Моңғолияда өз үйіміз бар. Бірақ Қазақстанға көшуіме балаларым себеп болды. Үлкен ұлым он екіде, кенжем сегіз жаста. Бірі Нигерияда, екіншісі Малавиде дүниеге келді. Туғаннан ағылшынтілді ортада өсіп-өніп келе жатқан олардың қазақшасы нашар екені айтпаса да түсінікті. Үйде олармен қазақша сөйлесуге тырыссаң да, бәрібір араласатын ортасының ықпалы орасан. Сол себепті балаларымыз қазақ екенін білсін, тілімізді үйренсін, дәстүрімізден жаңылмасын, келешегін Қазақстанмен байланыстырсын, ол үшін атажұртқа көшейік деген бастаманы бұрыннан айтып жүрген едім. Қуантарлығы, балаларым Алматыдағы ортаға тез үйреніп кетті. Тек аулаға шыққанда орысша сөйлейтін балалармен тіл табыса алмай жүргені болмаса, барлығы жақсы. [caption id="attachment_162015" align="alignnone" width="1920"] width= Отбасы аясында[/caption] – Отбасыңызды Қазақстанға көшіріп әкелсеңіз де, өзіңіз Мьянмарға барып ке­ліп жұмыс істеп жүрсіз. Мұндай жағ­дай­да жұмыс істеу қиын емес пе? – Қазір үш ай Мьянмардағы кеңседе, екі ай Қазақстанда үйде онлайн форматта жұмыс істеймін. Осы жазда Мьянмарда үш ай жұмыс істеп, қазанда елге оралдым. Енді ке­лесі апта тағы жолға шыққалы отырмын. Айта кетерлігі, Мьянмарда жағдай әлі түзел­ген жоқ, өңірдегі ахуал бұрынғыдан бетер шиеленісе түсті. Білуімше, соңғы сегіз айда ел эко­номикасы минус 18 пайызға дейін құл­дыра­ды. Қала іші тыныш, десе де ауылдық жерлерде тұрғындар әскерилерге қарсы жеке әскер құрып, аяусыз соғыс жүргізіп жатыр. Жұмыста да күн сайын бір проблема шығып, тосқауылдар пайда болады. Бір күні филиал­дарға бомба түссе, екінші күні қызметкер­леріміз әскерилерге ұсталып қалып жатады. Келесі күні тағы бір қиындық туындайды. Осының барлығын реттеу менің міндетіме кіреді. Сондықтан бұған немқұрайлы қарай алмаймын. Елге келгенде таныстарымнан «Мьянмардан не іздейсің? Қауіпті ғой. Дұры­сы, осы жерден жұмыс тауып алмайсың ба?» дегенді көп естідім. [caption id="attachment_162019" align="alignnone" width="1920"] width= Шетелдік әріптестермен бірге[/caption] – Расымен, өміріңізді қатерге тігіп, қарулы қақтығыстан көз ашпаған ай­маққа екі ай сайын барып тұрғанша осын­да неге жұмыс істемеске? Сіз секілді тең­дессіз тәжірибесі бар маманды елде қос қолдап демейді ғой. – Білемін. Бірақ компания ашылған күн­нен бастап қарқынды жұмыстың басы-қа­сында болған соң барлығын орта жолдан тас­тап кеткім келмейді. Оған қоса, басшылық пен инвесторлар маған сенім артып отыр. «Қандай жағдай болса да қаймықпаңдар. Тіпті, болмай бара жатса тікұшақ жіберіп ал­дыр­тамыз» деп үнемі қолдап отырады. Содан соң «қуанышты сәтте қасымнан табы­ла білдіңіздер, бірақ сіздер осындай қиын­дыққа тап болғанда мен өз жөніммен жүре берейін, ренжімеңіздер» деп айтуға дәтім бар­майды. Адамгершіліктен аттап кете ал­май­мын. Оның үстіне, қазір менің орныма басқа маман табу қиын, бұл лауазымға маман табу үшін кемі 3-4 ай уақыт кетеді. Оған қоса, қазір жұмыс қызып тұр. Бұрын бейбіт заман­да жұмыс істегенде қызметкер түсінбеген сұрақты қасына барып түсіндіретін едім не­месе бірге істей салатынбыз. Ал қазір он­лайн форматта барлығын бақылап отыру қиын. Жоғарыда айтып өткендей, мен бас­шылық ететін бөлімде 600-ге жуық қызметкер ең­бек етеді. Олардың алдында да жауап­кер­шілікті сезінемін. Бірақ мен Мьянмарда мәң­гілік тұрмаймын ғой. Ондағы дағдарыс үш немесе алты айға жалғасуы мүмкін. Әлбетте, бар­лығы түзелген соң Қазақстанда тұрақты жұмыс істегім келеді. Байқағанымдай, қазір банктердің мобильді қосымшаларын қолдану дұрыс жолға қойылған. Бірақ әлі де істелетін жұмыстар баршылық. Халықтың 70 пайызы тек бір банкпен жұмыс істейді. Бұл – үлкен қауіп-қатер. Қаржы көзін табуды білетін адам­дар бір ғана банкпен жұмыс істемейді. Со­сын біз тек кредит беріп қана қоймай, биз­нес-жоспары бар клиенттерге түрлі мүм­кіндік ұсынамыз. Елде де солай істеуге болады. Кәсіпкерлер кредит алуға қорқақ­тайды, ал кейбірі кредитті алып алған соң, тиімді жұмсаудың жолын білмейді. Осы және өзге сұрақтар бойынша бар білгенімді бөліс­кім келеді. Мьянмардағы жұмысты абырой­мен аяқтаған соң мұны да іске асырармын. Бастысы, отбасым елге оралды, балаларым қазақтілді ортада өсіп жатыр. Әжем «қазақтан қыз ал, Қазақстанға бар» деп үнемі айтқандай, 15 жыл сыртта жүріп, ата­жұртқа қоныс ау­дар­ғаныма қуаныштымын. [caption id="attachment_162024" align="alignnone" width="1920"] width= Әжесі Моңғолияның Халық әртісі Қайжамал Бақышқызы және әкесі Мақсатпен бірге[/caption] – Әже демекші, әжеңіз Моңғолияның Халық әртісі Қайжамал Бақышқызының өміріңізге тигізген ықпалы туралы жиі жа­засыз. Соған қарағанда әжеңіз бауыры­на салып өсірген секілді ғой. – Бізде әжелердің тұңғыш немерені бауыры­на басып, оны өз баласынан артық бағып-қағуында үлкен мән бар ғой. Осы дәс­түрден аттап кетпеген ата-анам мені бір жасымда әжемнің бауырына салып берген. Сөйтіп, университетке оқуға түскенге дейін әжемнің қасында болдым. Әжем – 1940 жылы Баян-Өлгей аймағында ашылған қазақ театры­на жұмысқа кірген тұңғыш актриса. 1982 жылға дейін сол театрда қызмет еткен, 10 жыл сол театрды басқарған. Бес жылдай уақыт Баян-Өлгей аймағының әйелдер кеңе­сіне басшылық еткен. Атажұрттан жырақ жүрсе де, қазақ мәдениетін, қазақ ұлтының құндылықтарын ту етіп, түрлі съезге қатыс­қан. Сәбит Мұқанов, Бибігүл Төлеге­нова­лармен етене араласқан. 1960 жылы Моң­ғолияның Еңбек сіңірген әртісі атанды, кейін 2014 жылы Моңғолияның Халық әртісі ата­ғына лайық деп танылды. 160 мыңнан астам қазақ тұратын Моңғолияда осы атақты иелен­ген жалғыз қазақ әйел – менің әжем. Ол кісі былтыр өмірден өтті. Десе де, артында қалған ұрпағы – біз ол кісінің есімін ұмыт қылмай, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу басты парызымыз деп санаймыз.

Сұхбаттасқан Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ