Гуманист жазушы

Гуманист жазушы

Гуманист жазушы
ашық дереккөзі

Әлем әдебиеті классиктерінің ішінде шығармаларын сүйіп оқитын суреткерлерімнің бірі – француз жазушысы Ромен Роллан. Осыдан бірнеше жыл бұрын мен осы қаламгердің «Толстойдың өмір» атты көлемді еңбегін ана тілімізге тәржімалап, ол «Әлем әдебиеті» журналында жарық көрген болатын. Сол кездері мен оның суреткерлік талантымен қатар, сыншылық шеберлігіне де таңғалып, телегей-теңіз біліміне тәнті болғаным бар.

Ұлы жазушы ғана емес, сонымен бірге «адамзаттың бәрін бауырым деп сүй­ген» гуманистік идеалдарымен Жер шарын­дағы халықтардың жүрегін елжіреткен Толс­той шығармашылығына лайықты баға­сын берген талай-талай зерттеулер мен ең­бек­терді оқыдық қой. Әйткенмен, Ромен Рол­ланның бұл дүниесі маған ерекше әсер етіп, жанымның нәзік пернелерін дірілдетіп жіберді. Ол өз кітабында әрі ұлы суреткер, әрі к­емеңгер, сондай-ақ қоғамдағы биліктің қо­лымен жасалып жатқан әділетсіздіктерге шы­­­дамай, мінез көрсеткен бүлікшіл Толс­тойдың әр жазған туындысының, әр жазған хатының астарында жасырынып жатқан шындықты саралап, ұлы жазушының шығар­машылық табиғатының даралығын «майдан қыл суырғандай етіп отырып» асқан шебер­лікпен ашады. Ғұлама Толстойдың неліктен адам­зат баласының бәрі ұлылығына табы­н­ған Шекспирге қатты шүйліккенін, неліктен музыка әлемінің данышпаны Бетховенді мойын­дамағанын жан-жақты талдап, себебін егжей-тегжейлі түсіндіреді. Ұлы жазушыны жан-тәнімен сүйген Ромен Роллан өз кіта­бында Толстойдың жұрт айтып жүрген кемшілігінің, шын мәнісінде оның ешкімге ұқса­майтын мінезі екенін дәлелдеп, оқыр­манды ойға шомылдырады. Міне, сондықтан да мен Ромен Роллан­ның гуманист жазушы болғанын айрықша атап өткім келеді. Адам өмірін ең биік құндылық ретінде бағалаған ол сталин­дік репрессияның жазықсыз құрбаны болған талай ақын-жазушылардың тағдырына араша түсті. 1935 жылы жазушы халқы­мыз­дың біртуар ақыны Мағжан Жұмабаевтың түр­меден босап шығуына көмек көрсетті. Бұл жөнінде татар жазушысы Сәйфи Құдаштың қалдырған естелігі де бар. Оқиғаның қысқаша тарихын баяндайтын болсақ, 1926 жылы Мағжан бірінші рет тұтқынға алынды. Он жылға жазаға кесілген ақын Карелия лагері мен орманында ауыр күн кешеді. Онда да ол адал еңбек етеді, әуелі мұғалім, сосын бірнеше лагерьдің біріккен санитарлық бөлімінде жұмыс істейді. Мағжанның әйелі Зылиқа ханым күйеуіне талай рет барады. Әр барған сайын ол Ленинградқа жер аударылған профессордың, медицина ғылымының док­торы әйелінің үйіне тоқтайды екен. Ол про­фессор лагерьде Мағжанмен бірге болған, санитарлық қызмет жағын басқарған. Ол Мағ­жанды қарауына қызметке орналас­тырады. Соның ықпалымен, нақты көмегімен ол медицинаны оқып, үйрене бастайды. Профессордың әйелі оған қажетті әдебиет пен кітаптарды жеткізіп береді. Сөйтіп, нағыз ізгі жанды адамдар озбырлық пен сойқан­дықтың қорқынышты кезінің өзінде ла­герьдің қатал режимінен қорықпай, қана­тымен су сепкен қарлығаштай, тұтқындағы кісілерге көмектескен... Ленинград профес­сорының кеңесімен, оның әйелі мен Зылиқа ханым күйеулерінің хаттарын алып, Мәскеуге М.Горькийдің қабылдауында болмаққа бел байлайды. Бір өкініштісі, сол кезде М.Горький Мәскеуде жоқ болып шығады. Күйеулерінің хаттарын олар Горькийге деп, оның хатшы­сына тапсырады. Әйел байғұстар «енді не істейміз?» – деп ұзақ толғанады. Сосын әлгі хаттардың көшірмесін алып, аты әйгілі Ромен Ролланға бармақ болады. Бұл мұңлық­тар оның үлкен гуманист, интернационалист жазушы екенін, сол кезде әйелімен Мәскеуде тұрып жатқанын білетін. Роллан бұларды жылы шыраймен қабылдап, екеуінің әңгі­месін шын ықыласымен тыңдайды, ал оның орыс әйелі бұлардың әңгімесін қолма-қол французшалап, ал күйеуінің сөзін орысша айтып отырады. Р.Роллан қазақ жазушысы мен орыс профессорының қасіретті тағ­дыры­на соншалық жаны ашып, оларға көмек­тесе­тінін, Горькиймен сөйлесетінін айтып, уәде береді. Сөйтіп, екі әйел жүрегінде үміт оты ұш­қын­дап, Ленинградқа қайтады. Қош, соны­мен 1935 жылы гуманист жазушы Ромен Рол­ланның ықпал етуімен және М.Горькийдің кө­мегімен М.Жұмабаев түрмеден босап шы­ғады. Ұлы қаламгер артына өте бай әдеби мұра қалдырды. Әрине, бір әңгіме төңі­ре­гінде оның бәрін талдап-түсіндіру мүм­кін емес. Сондықтан да біз ұлы қалам­гер­дің ең негізгі шығармасы, он кітаптан тұра­тын «Жан-Кристоф» туындысына ғана қыс­қаша тоқталамыз. Бұл көлемді шығармада ұлы музыканттың туғаннан бастап өлгенге дейін­гі өмірі баяндалады. Бітімі бөлек роман­ның құрылымы жазушының басқа шығар­ма­ларына мүлде ұқсамайды. Шығармада ро­ман­тикалық шиеленіс те, сыртқы оқиғалар да аз, кері­сінше ұзақ толғаныстар, кейде тұтас бір бет­ке дейін созылып кететін лирикалық про­за көп. Романның кейбір тұстарында әңгі­ме­леу машығы публицистикалық сарынға ауы­сып кетіп жатады. Баяндау мәнері құбыл­малы, диалогтер ой мен сезімге бай болға­ны­мен, қарапайым тіршіліктегі тұрмыстық әңгі­меге мүлде ұқсамайды. Қызық оқылаты­нына қарамастан, «Жан-Кристофты» жеңіл оқылатын беллетристикаға жатқыза алмай­мыз. Бір таңғаларлығы автор өз романының қызықты, жалпы оқырманға түсінікті болып шығуына аса қатты көңіл бөлмейді. Шығар­мада түрлі дәуірлерде өмір сүрген компози­тор­лар мен жазушылардың есімдері көзге ұшы­рап, оқиға барысына орай өнер туында­лары­на байланысты түрлі сезім пайда бола бас­тайды. Көп ретте шығармада оқырман қауым­ға аса жақсы мәлім емес, қоғамдық және көркем өмірдің оқиғалары туралы әңгі­мелер де өрбиді. Міне, осындай қарапайым оқырман үшін тосын жаңалықтары болға­нына және көлемінің үлкендігіне қарамастан «Жан-Кристоф» көпшіліктің көңілінен шы­ғып, жұрт іздеп жүріп оқитын туындыға ай­­налды, шетелдердің тіліне аударылып, шы­ғарманың авторына әлем оқырман­дары­ның ризашылық білдірген хаттарының тасқыны ағылды. Ірі туындысын аяқтай салысымен 1913 жылы Ромен Роллан әде­биет­тегі бірқатар кертартпаның қарсылы­ғы­на қарамастан, алдымен француздардың құрметті легионының орденін алып, кейін Француз академиясының үлкен сыйлығын иеленді. «Жан-Кристоф» қоғамдық оқиға ре­тінде қабылданып, ХХ ғасырдағы көркем­дік мәдениеттің бетін айқындап берген әдеби шығармалардың қатарына қосылды. Енді Нобель сыйлығын алған француз­дың ұлы суреткерінің өмір жолына да қысқаша шолу жасап кетейік. Ромен Роллан 1866 жылы Францияның оңтүстік өңірінде ауқатты отбасында дүниеге келді. Баласына жақ­сы білім беру үшін, шешесінің талабы бойын­ша олардың отбасы 1880 жылы Париж­ге көшіп барады. Бала күнінен Ромен музыкаға құмартып, шешесі оған пианинода ойнауды үйретеді. 1886 жылы ол ұлы Людвик атындағы лицейді тәмамдап, беделі жоғары мектепке түсіп, тарихты зерттеп, 1889 жылы оқыту­шының дипломын алып шығады. Сту­дент шағында Роллан адамзаттық ақыл-ой­дың алыбы Лев Толстойдың философиялық жә­не шығармашылық көзқарасымен таны­сып, кейіннен хат жазысып, ұлы суреткердің көз­қарасы Роланның дүниетанымының қалыптасуына игі ықпалын тигізеді. 1889-1891 жылдары Римге барып, музыканың тарихын зерттеумен шұғылданады. Міне, осы кезеңде Шекспир пьесаларының әсерімен әдебиетке деген қызығушылығы оянады. 1892 жылы атақты филологтің қызы Клотильде Бреальға үйленіп, Парижге қоныс аударып, ұстаздық және ғылыми жұмыспен, нәпақасын тауып, сондай-ақ әдебиеттен де қол үзбейді. 1885 жылы Роллан музыка сала­сынан кандидаттық диссертациясын қорғап, арнайы ол үшін ашылған мекемеде музыка­тану кафедрасын басқарады. Алдағы 17 жыл бойы ол әдебиеттен де қол үзбей, Сарбонна мен басқа да білім беру мекемелерінде му­зы­ка мен қолданбалы өнерден дәріс оқиды. Сол уақыттары «Екі апталық дәптерлер» журна­лында тырнақалды туындылары жарық көреді. Ең әуелі ол пьесалар жазды. Француз театрларында тоғышарлық гүлдеп тұрған­дықтан, бастапқы кезде оның пьесаларын талғамы төмен көрермен салқын қабылдады. Міне, осыдан кейін Ролланға халықтық театр туралы ой келіп, ол да Толстой сияқты көрер­менді қаһармандық мысалдар арқылы тәр­биелеу керек деген байламға келеді. Алайда оның «Халық театры» деген еңбегін ешкім еле­меді. Міне осындай сәтсіздіктен кейін Роллан өмірбаян жанрына ден қойып, «Бет­ховеннің өмірі», «Микеланджелоның өмірі», «Толстойдың өмірі» деген еңбектерін жазды. Өмірбаяндық жанрдағы бұл үш іргелі еңбек­тің жазушы шығармашылығында алатын орны биік. 1904 жылдан Ролланың ең негізгі шы­ғар­масы, он кітаптан тұратын «Жан-Кристоф» романы жарық көре бастады. Осы көлемді туындысы Ромен Ролланды әлем оқырмандарына әйгілі етті. Негізінен тап осы «Жан-Кристоф» романы үшін 1915 жылы Ромен Роллан әдебиет саласындағы Нобель сыйлығын иеленді. Бірінші дүниежүзілік соғыс басталардың алдында ол Швейцарияға кө­шіп барып, соғысқа қарсы мақалалар жа­зып, олар отаншылдық рухына қатты беріл­ген еуропалықтардың қатты наразылығын туғызды. Роллан Қазан төңкерісі мен КСРО туралы жақсы пікірде болды. Пролетариат жазушысы Максим Горькиймен хат жазысып тұрды, 1935 жылы Совет Одағында болып, Ста­линнің өзімен сөйлесті. Қаламгер қоғам­дық және саяси өмірге де қатты көңіл бөліп, көп­теген дүние жазды. 1920 жылы үнділердің діні мен саяси ойларына қызығушылық танытып, үнді ойшылдары мен қоғам қайраткерлері туралы өмірбаяндық кітаптар жазды. 1934 жылы Мария Кудашеваға үйленіп, төрт жылдан кейін Швейцарияны тастап, туған Отаны Францияға қайтып оралды. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде жазушы Везледе өмір сүріп, 1944 жылдың 30 жел­тоқ­са­нында құрт ауруынан қайтыс болды. *1914 жылы әдебиет саласындағы Нобель сыйлығы берілмеді.

Амангелді КЕҢШІЛІКҰЛЫ