Кәсіпкердің несиесін өтей алмауынан 26 бала далада қалғалы тұр

Кәсіпкердің несиесін өтей алмауынан 26 бала далада қалғалы тұр

Кәсіпкердің несиесін өтей алмауынан 26 бала далада қалғалы тұр
ашық дереккөзі
Алматы облысында жеке кәсіпкер өзінің бұрынғы жұмысшыларына мейірімділік танытып, өндіріс аумағында тұруға жағдай жасаған. Алайда, кәсібі өрге баспай, жұмысын тоқтатуға тура келген. Енді әлеуметтік жағынан аз қамтылған ондаған отбасының мүшелері мен жұмысшылар далада қалуы мүмкін, деп жазды turkystan.kz. Өңірдің байырғы тұрғыны Ләззат Теміржанова осыған дейін наубайшы болып еңбек еткен. Бұл кәсіпті жетік меңгерген ол ойлана келе цех ашқан. Жеңілдетілген несие ресімдеп, Алматыдан бірнеше ғимараты бар учаскені сатып алады.
«2014 жылы банктен 30 миллион теңге несие алдым. Осылайша, отыз адам жұмыс істейтін наубайхананы іске қосып, екі ауысыммен жұмыс істей бастадық. Алайда, уақыт өте келе кәсіпті жалғастыру мүмкін болмады. Себебі, еліміз Қытай, Қырғызстан және Ресейлік өнімдерді салықсыз кіргізуге мүмкіндік берді. Соның салдарынан біздің тоқаштарымыз сырттан келген өнімдерден қымбат болып шықты», - деп еске алады Ләззат Теміржанова.
Кірісі азайған соң кәсіпкерге ай сайын 700 мың теңгені төлеу қиынға түскен. Оның сөзінше, банк пайызды өсіре берген. Кәсібіне өзгеріс енгізген әйел алған бетінен қайтпапты. Бірінші кезекте ол ұзақ сақтауға болмайтын өнімдерді пісіре бастады. Екіншіден, кәсібін құтқару үшін жұмысшылар санын қысқартыпты. Алайда, бір күні барар жері жоқ әйел жылап келді. Өзі баламен далада қалған екен. Содан соң іскер әйел оған наубайхана аумағындағы екі қабатты ғимаратта тұруға рұқсат береді. Бұл ғимарат бастапқыда қызметкерлер үшін демалатын орын болуы тиіс болған. Тіпті, жөндеу жұмыстарын жүргізілмеген. Кейін бұл жерге тағы 11 отбасы бала-шағасы орналасады. Ләззат Теміржанованың басты мақсаты кәсіпті сақтап қалу болды. Дегенмен, жұмысшыларын ойлаған ол ғимаратты тегін жатақханаға айналдырады. Қазір жатақханада 26 бала ата-аналарымен бірге тұрып жатыр. Бүгінде кәсіпкердің банкке қарызы 30 миллион теңгені құрайды. Ерте ме кеш пе, аталған участокты қаржы институты тартып алады. Ал онда тегін тұрып жатқан әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылар далада қалуы мүмкін.